Әр адамның тағдыры сияқты мемлекеттің де тарихы әртүрлі екен.
Біздің байтақ даламызға, бай кен орындарымызға көз тікпеген алып мемлекет жоқ шығар.
Сол тағдырдың жазуымен біз 70 жыл Кеңес одағының құрамында болдық. Басымыздан өткен талай тағдырдың арқасында жақсыны да, жаманды да көрдік:
– білімді елге айналдық, бірақ «қазақи бала – бала емес, нанын тауып жей алмайды» деген қағиданы ұстанып тілімізден айырылып қала жаздадық;
– интернационализм мәдениетін насихаттап, ұлттық кодымыздан айырыла бастадық;
– атеизмді ұстанамыз деп рухани байлығымыз – ата-бабаларымыз өсиет еткен дінімізден алшақтадық;
– «5 жылдықтың жоспарын 3 жылда орындаймыз» деп жеріміздің құнарлығын азайтып, тоздырып жібердік.
Айта берсек көп екен, дегенмен біз қазаққа тән асыл қасиеттеріміз – жарымжанға демеу болу, қиналғанның жанынан табылу, көрші мен достық сертін бұзбау сияқты қағидалардан аттамадық.
Тағдыр жазып, біздің жерімізді Кеңес үкіметі түрмеге айналдырды. Тек 1937-1944 жылдардың аралығында қазақ жеріне ата-бабасының табаны тимеген 62 ұлт жер аударылды. Олар жау емес, саясаттың құрбандары болатын.
Ол кезде қазақтың да жағдайы керемет емес – 31-жылдардағы ашаршылықта қырылып қалған халықтың аман қалғаны жоқтан бар қылып өмір сүріп отырған кезі.
Соған қарамастан алыстан жолдан әлсіреп, әділетсіздіктен түңіліп, өмірге деген үміті үзілген өзгелерді, ондай ұлттардың бар екенін ешқашан естімеген қазақтар жатсынбай қарсы алды. Қазақтың қара қазанында қайнаған қара суды бөліп ішіп, сол адамдар аман қалды.
Бір кәріс ұлтының қария әжесі «Қазақтар болмағанда біз тарихтың топырағына айналар едік» деп қазақ халқына бас игенін көрдім. Ол рас, бұл туралы аңыз қылып айтып жүрген үлкен кісілер аз емес.
Міне, солай қазақ жерінде тағдыр қосқан ұлт пен ұлыстар бірге жүріп, 91- жылы тәуелсіздікке жеттік.
Кеңес мемлекетінің шырмауынан шығу оңай болған жоқ. Аяғына тұрмаған жас мемлекетке көз тіккендер өз саясатын өзге ұлттар арқылы (тарихи отандастары) жүргізуді көздеді. 100-ден астам ұлты бар мемлекеттің шырқын бұзып - бөліп алуды армандады.
Міне, осындай қиын-қыстау кезеңде жас мемлекеттің басына келген басшы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев кемеңгерлік шешім қабылдады. Неге кемеңгерлік екенін түсіндірейін.
70 жылдық кеңестік кезеңде ешбір ұлттың өз тарихын зерделеуге, білуге мүмкіндігі болмады. Білгені – оны ұрпағына айтуға қорқатын. Бұл жағдай баршамызға, қазаққа да, өзге ұлт өкілдеріне де ортақ.
Міне, сондықтан біз тәуелсіздік алғаннан кейін ең алдымен «Қазақ тілі» қоғамдарын құрып, өз салт-дәстүріміз арқылы тіліміз бен ділімізге бас бұрдық.
Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовтың «Жар басындағы аңшының зары» деген диалог-кітабы бар. Сол кітапта Шыңғыс аға «Мұхтар, осы мемлекет дегеніміз не?» деп сұрақ қояды. Ал Мұхтар аға «Мемлекет үш құрылымнан тұрады – тарих, мәдениет, тіл. Бірақ егер тіл сақталмаса, онда алғашқы екеуі де жойылады» деп жауап береді.
Екіншіден, өзге ұлт өкілдеріне қоғамдық бірлестіктерге бас біріктіріп, тілін, салт-дәстүрі мен тарихын зерделеуге мүмкіндік берілді. Сондағы мақсат – тамырына үңіліп, өзінің кім екенін таныту. Себебі қазақта «өзінің кім екенін білмеген адам өзгені де сыйлай алмайды» деген ұғым бар.
Бұл шешім нәтиже берді – өз тарихын білу арқылы әр ұлыс қазақ жеріне қалай келгенін, кімнің арқасында аман қалғанын білді. Білім – қашанда рухани байлық. Міне, осы білім өзгелер мен қазақтың арасындағы достықты нығайта түсті. Ешбір мәжбүрлеусіз Отанының алдындағы парызды түсіндірді, негізгі ұлтқа деген сыйластығын арттырды.
Міне, осылай 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.
Жылына бір рет этномәдени бірлестіктердің басшыларын, қоғамның зиялы қауымын, Үкімет мүшелерін, Қазақстандағы шет мемлекеттердің елшілерін жинап сессия өткізіледі. Ол жерде Ассамблеяның төрағасы – Мемлекет басшысы еліміздің дамуына қатысты өзекті мәселелерді баяндайды және міндеттер қойылады, тапсырмалар беріледі.
Өзге ұлт өкілдері басшыларының алдына қойылатын міндет – айтылған тапсырмаларды өз ұлысына жеткізу, түсіндіру және орындауды ұйымдастыру.
Ассамблеяның сессиясы – ұлттық тәрбие сағаты. Бұл – қазаққа рақмет айту арқылы өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру, ұлтына қарамастан елге еңбегі сіңген азаматтарды үлгі ретінде таныту, қоғамымыздың жақсылығын паш ету, ортақ Отанға қызмет істеуге ұйыстыру шарасы.
Нәзипа ШАНАИ, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы