Ресейдің Украинаға қарсы соғыс ашқанына бірнеше күн болды. Украинада жағдай күн өткен сайын қиындап барады. Қазір бұл елді тастап шығуға асыққандардың қарасы көп. Олардың «жасыл дәлізге» жетуі мұңға айналған. Өйткені өзге елге ағылған босқындар бірнеше тәулік бойы кезекте тұр. Украинадан шығып кетуді көздегендер қатарында отандастарымыз да бар. Олар студенттер, жұмысшылар, туристер, кәсіпкерлер. Тіпті, онда диаспора қалыптастыра бастаған қазақтар да бар. Енді оларды елге дін аман қайтару мүмкін бе?
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның Киевтегі елшілігі азаматтарды эвакуациялауды барынша қамтамасыз етіп жатыр. Бүгінде Украинадағы Қазақстан азаматтары Киев қаласындағы елшілікке немесе «жедел желі» телефондары арқылы хабарласуына болады. Министрліктің берген ақпаратына сәйкес, отандастарымыз Харьков, Львов, Одесса және Днепр қалаларында орналасқан Қазақстанның құрметті консулдарының кеңселеріне жүгініп жатыр. Қазір уақытша консулдықтың есебінде 493 адам тұр. Олардың дені елшілік қызметкерлері мен отбасы мүшелері, студенттер мен бизнес өкілдері. Ал консулдықтың тұрақты есебінде 1 110 адам бар. Олар негізінен Украинаның Киев қаласы, Киев, Одесса, Харьков және Львов облыстарында тұрады.
Соңғы ақпарат бойынша, отандастардың елге оралуын жеделдету бойынша жұмысқа Польша, Молдова мен Беларусьтегі шетелдік мекемелеріміз де қосылған. Сондай-ақ қазақстандықтар үшін репатриациялық рейстерді өтеусіз негізде ұйымдастыру туралы шешім қабылданған. «Бүгінде эвакуациялауға көмек көрсету туралы 528 өтініш келіп түсті. Қазақстан азаматтары негізінен Украинаның келесі өңірлерінде тұрады: Киев қаласы мен облысында – 264 адам, Одесса облысында – 30, Харьков облысында – 18, Львов облысында – 17, Днепропетровск облысында – 13, Полтава облысында – 7, Черкасск облысында – 4, Луганск облысында – 2, Ивано-Франковск облысында – 2, Житомир облысында – 2 адам», – деді СІМ-нің ресми өкілі. Оның айтуынша, отандастарымыз қазақстандық дипломаттармен бірге автокөлікпен Киев және Львов қалаларынан Польшаның шекарасына қарай жолға шыққан.
Варшавадағы Қазақстан елшілігі жергілікті билікпен бірлесіп, Украинада қалған қазақстандықтар үшін шекарадан Катовице қаласының әуежайына жету үшін «жасыл дәліз» қамтамасыз етті. Репатриациялық рейстің жолаушылары Украина-Польша шекарасын визасыз өтуіне мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ міндетті карантиннен, ПТР-тест тапсырудан және вакцинация паспортын ұсынудан босатылды.
Атыраудан алғашқы рейс ұшып шықты
Министрлік бұдан бұрын алғашқы репатриациялық рейс 26 немесе 27 ақпанда таңертең Катовице қаласының әуежайынан ұшып шығып, Атырауға тоқтап, Алматы қаласына ұшып жетуі тиіс екенін айтқан болатын. Алайда әуерейс кейінге шегеріліп, тек кеше қазақстандықтарды эвакуациялауға арналған алғашқы KS2203 рейсі Атыраудан Польшаның Катовице қаласына ұшып шықты. Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, А321 типті ұшақтың сыйымдылығы 179 орынға арналған. Ал Катовицеден Атырауға ұшу уақыты Катовице уақытымен 28 ақпанда таңғы сағат 10.30-ға жоспарланған.
Киевтегі елшілікке жиналған адамдар арнайы автобустар арқылы Львовқа, одан ары шамамен 37 сағат Польшаға жүреді. Петропавл тұрғыны Руслан есімді жігіт өзінің желідегі парақшасында 21 ақпанда жыл сайын Киевте өтетін конференцияға барғанын айтады. Аяқастынан конференция кейінге шегеріліп, кейіннен Киевте соғыс жағдайы жарияланыпты. Алғашқы кездері не істерін білмеген ол ахуал тұрақтанғанша Киевте қала тұру керек деп шешіпті. Кейін Львов арқылы кері қайтуға әрекеттенеді. Өйткені Киевтегі Қазақстан елшілігі Львов арқылы батыс шекарамен Польша жағына өтуге болатыны туралы мәлімет таратқан. Қазақстанның Польшадағы елшілігі отандастардың виза мәселесін жылдам реттеп, «жасыл дәліздің» арқасында Қазақстаннан конференцияға келген 15 адам топ-топпен Киев қаласынан шығарылыпты. Қазақстан тарапы жіберген ұшақ келгенше Польшадағы әуежайдың жанындағы қонақүйде қалған.
Елге кетуге үлгермесем...
Украинадағы қазіргі жағдайға байланысты отандастармен тілдесу қиын. Дегенмен екі күн бұрын журналист Нұрбек Әмиша қақтығыс болып жатқан қалалардағы таныстарымен тікелей эфирде сөйлескен. Соңғы он жылдан бері Украинада тұрып жатқан журналист Аида Хаметжанова тікелей эфир барысында Испаниядан Украинаға үш тәулік жүріп, әрең келгенін айтқан болатын. Қақтығыс болып жатқан жерге келуінің себебін түсіндірген ол «Өйткені Украинаның Киев қаласында жеті жастағы қызым мен жолдасым қоршауда қалып қойды. Қазір олар көппен бірге жертөлені паналап жатыр. Украиналықтар ұрыс басталған алғашқы екі күнде Польша, Венгрия шекаралары арқылы көлікпен жетуге мүмкіндіктері болды. Сол кездің өзінде шекарадан өтуге тұрғандардың кезегі 15-20 шақырымға жеткен. Ал қазір кезектің соңы көрінбейді. Өйткені бастапқы кезде көлігі бар адамдар ғана шығып кеткен болса, қазір автобуспен де, жаяулатып та шыққан босқындар көп. Бала-шағасымен бас сауғалап қашып жатқандар көбейіп жатыр», – деді. Оның сөзінше, Киевтің негізгі көшелері толығымен басқыншылардың қолында болғандықтан, қаладан шығудың өзі қауіпті. Дегенмен Польшамен бірге Германия да босқындарды қабылдау үшін шекарасын ашу туралы шешім қабылдаған. «Отбасыммен бірге шекарадан өтуге тырысып жатырмыз. Бірақ соңғы жағдайларға байланысты бұл елден 60-қа дейінгі ер азаматтарды шығару қиындады. Егер Қазақстан тарапынан жіберілген ұшаққа үлгере алмасам, Еуропаның басқа жеріне өтіп кетеміз деп отырмыз», – дейді Аида Хаметжанова. Ал тілшімен тілдескен Украинадағы қазақтар диаспорасының төрағасы Данияр Егембердиев қазір Киевтің өзінде 5-6 мыңға жуық қазақ тұратынын айтады. Осы жағдайдан кейін ашылған ортақ чатта көпшілік Польшаға қарай эвакуацияланып жатқанын жазыпты. Бірақ шекарадағы жағдай күннен-күнге қиындап барады. Польшаға өткісі келген босқындар 20 шақырымға дейін созылған кезекте тұр.
Қауіпсіздікке кепілдік жоқ
Кезекте тұрғандар қазақстандықтар үшін репатриациялық рейстер тағы ұйымдастырылады. Ол үшін елшілікке немесе «жедел желіге» хабарласпағандар мүмкіндік болған жағдайда, Польша шекарасына дейін ұйымдасқан түрде жету үшін Львов немесе Киев қалаларына өз бетімен бару ұсынылды. Алайда жол-көлік жағдайының күрделілігі мен Украинадағы әскери қақтығыстардың қарқын алуы қазақстандықтардың қайтуына күн сайын қиындық тудырып жатыр. Мәселен, Харьковтегі Әскери авиация институтында оқитын қазақстандық студенттер бомбадан қорғану орындарында қалып қойғанын желі арқылы жеткізіп жатыр. Олардың айтуынша, елшіліктің эвакуациялау жоспары жүзеге асқанша, құрбан болып кетпесіне кепілдік жоқ. Өйткені дәл қазір ұрыс жаңа қарқын алды. Сондықтан соғыс жүріп жатқан аумақты түгел басып, Польшадағы «жасыл дәлізге» жету мүмкін емес. Бұған дейін елшіліктегілер Харьковтен Львов қаласына дейін өз күштерімен жетуді сұраған. Ал бұл аралық – 1 200 шақырым. Ұрыс кезінде осыншама шақырым жердегі Польшаның шекарасына жеткенше Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін кім қадағалайды? Сондықтан кейбір қазақстандықтар қаңғыған оқ тиіп, тұтқынға түскенше бомбадан қорғану орнында қалуға шешім қабылдаған. Оның үстіне, шекараға жіберілген алғашқы автобустар Львовқа әлі оралмаған. Себебі олар да қайтар жолда кептелісте тұр. Кейбір жүргізушілер бас амандығы үшін кептелісте бірнеше күн тұрып қалғысы келмегендіктен, жол жүруден бас тартуда.
Әйтсе де, кеше Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаев Президентке қазақстандықтарды эвакуациялауға қатысты есеп беріп, екі елдегі елшіліктер мен құрметті консулдар түрлі қиындықтарға қарамай, отандастардың аман-есен елге қайтуын жан-жақты қарастырып жатқанын жеткізді.