Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясының кезектен тыс съезі басталды. Съезде жуырда Мәжіліс депутаты болып сайланған Саясат Нұрбек партия мүшелерінің саны 800 мыңға дейін өскеніне тоқталды.
«1999 жылдың 1 наурызында партияның құрылтай Съезі ашылып, оған 400-ге жуық делегат қатысқан еді. Одан бері партия мүшелерінің саны 800 мыңға дейін өсті.
Бүгін көптеген пікірлер айтылуда, тіпті партияны тарату керек деген. Саясаттанушы ретінде айтарым – мемлекет жүйесі, саяси жүйесінің негізгі элементі, тұтқасы – саяси партия болып табылады.
Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп, басты қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүрген партиямыздың осы жылдары мемлекеттілікті нығайтуға сіңірген еңбегін жоққа шығару мүмкін емес, қадірлі ағайын.
Міне, арада 23 жыл өткен соң біз еліміз бен партиямыздың тарихындағы жаңа кезеңге аяқ басқалы тұрмыз.
Құрметті отандастар, бүгін баршамыз көршілес елдер секілді үлкен жолдың қиылысында тұрмыз – біртұтас ұлт ретінде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, әрі қарайғы даму құқығымызды дәлелдейтін кез келді. Жағдай күн санап өзгеруде, мемлекеттік жүйені бұрын-соңды болмаған күйзеліске ұшыратқан жайы бар.
Жаңа ғана атқарушы хатшы Асхат Оралов айтып өткендей, «Nur Otan» партиясы қайтадан түлеп, «Жаңа Қазақстан» стратегиялық моделіне өз болмысымен, өз ісімен үлгі болуы тиіс. Заман өзгерді, ел өзгерді – Партияның да түбегейлі өзгеретін кезі келді, тіпті атауы, құрылымы, жұмыс моделі де өзгеру керек!
Құрметті партияластар! Мені жақсы білесіздер, 2007 жылдың басында оқудан орала салысымен партия қатарына қосылдым. Партия мүшелерінің екінші буыны деуге болады, орталық аппаратта қызмет еттім, көпшілігіңізбен бірге жұмыс істедік.
Қадірлі әріптестер, Жеке басымнан сіздерге деген үлкен өтінішім, Қазіргідей уақытта партияның ұйытқылары, белсенділері, ардагерлері, барлығымыз күш біріктіруіміз керек!
Партия модернизациясы аясында бір-екі ұсынысым бар.
Біріншіден, қоғаммен байланысты, коммуникация жасауды желілік принциптерге көшіру керек, «цифрлық демократияны» дамыту үшін заманауи технологиялардың барлық мүмкіндіктерін пайдалану керек.
Екіншіден, қоғамның сұранысын анықтауға партияда бірқатар құралдар бар: Қоғамдық қабылдаулар, партия мүшелері, Бастауыш партия ұйымдары. Бірақ келіп түсетін мәліметтердің кең ауқымы пайдаланусыз қалып жатыр. Бұл үшін партия жұмысына «Big Data» технологиясын енгізу қажет, ол ақпараттық құралдарды бірыңғай жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді.
Бұл технологиялар қоғам үшін дәл қазір өзекті проблемалар туралы нақты ақпарат алуға, оларды зерделеуге және оңтайлы шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.
Соңғы бірнеше жылда жеке компанияда білім саласында жобаларды жүзеге асырумен айналыстым. Бірақ дәл қазір жеке мүддені ысырып қойып, Халық мүддесі үшін жұмыс істеу керек деп білемін», – деді Саясат Нұрбек.