Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының атауын «Аманат» деп өзгертуді қолдады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясы елдің дамуы үшін жасалып жатқан барлық реформаларға ұйытқы болуы тиіс екенін айтты.
«Партия барлық реформаға ұйытқы болуы тиіс. Ол үшін өзгерісті алдымен өзімізден бастауымыз керек. Сондықтан бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе - партияны жаңғырту. Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда партияның өзгеруі заңдылық. Бұл – уақыт талабы. Осыған орай жаңа ғана айтылғандай, саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды. Соның ішінен «Аманат» деген атауға тоқталдық. Бұл еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Мемлекеттілік, дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.