Ұлыбританияның парламенті Ресейге қарсы санкцияларды талқылауда. Бүгін парламент мүшелерінің бірі Маргаред Ходж Қазақстан мен Әзербайжанға да қарсы санкция енгізуді ұсынды, – деп хабарлайды sputnik.kz.
Оның пайымынша, Қазақстан мен Әзербайжан Путинді қолдаушылар.
"Қазақстан мен Әзербайжанға қарсы санкциялар енгізіле ме?", – деп сұрады парламент мүшесі Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігінің басшысы Лиз Тарастан.
Оның сұрағына жауап берген ведомство басшысы Қазақстан мен Әзербайжанға қатысты мәселе зерттеліп жатқанын айтты.
Министр қазіргі таңда Ұлыбритания Ресей мен Беларуське санкция енгізу мәселесімен айналысып жатқанын атап өтті.
"Санкция”, "Қазақстан" сөздері Британ парламентінде алғаш рет айтылып отырған жоқ. Қаңтар оқиғаларынан кейін де Маргарет Ходж біздің еліміздің "клептократиялық элитасына" қарсы санкциялар енгізуді ұсынған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл мәселеге қатысты әзірге пікір білдірмеген.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы соғысқа қатысты пікір білдіргенін жазған болатынбыз.