Халық күткен бастамалар – Жанарбек Әшімжанов
Халық күткен бастамалар – Жанарбек Әшімжанов
187
оқылды
Съезге дейінгі 10 күнде Мәжілістің жұмыс тобымен елді аралап келдік. Халықпен кездесуде түрлі мәселелер көтеріліп жатты. Олардың қатарына партияның ертеңі жайында да түрлі сұрақтар болды. Міне, бүгінгі съезде қарапайым халықпен бірге өзіміз де партияның жұмысын жетілдіруге қатысты жобалармен таныстық. Партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов партия Төрағасының тапсырмасына сай партияны жаңғыртудың кешенді жоспарын таныс­тырды. Мұнда 7 басымдықты атап өтті. Олардың ішінде жастардың әлеуметтік мәселелерін қамтыған бағдарламалардың болғаны қуантты. Әсіресе, шалғайдағы ауыл жастарының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын «Өрлеу» бағдарламасынан үлкен үміт күтемін. Жастардың, оның ішінде ауыл жастарының түрлі әлеуметтік мәселелерін назардан тыс қалдырудың қандай боларын қаңтар оқиғасының ащы сабағы көрсетіп берді. Сондықтан жастарға арналған партиялық бағдарламаның қабылданғаны керек-ақ. Бұдан бөлек, партия жұмысындағы бетбұрысты бастауыш партия ұйымының беделін арттырудан бастау да құптарлық шара. Ел ішіндегі түрлі форматтағы кездесулер де партия атауына қатысты өзекті мәселелер көтеріліп жатты. Міне, съезд кезінде партия атауына ребрендинг жасалатыны да айтылды. Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов партия атауын «Amanat» деп ауыстыру туралы бастама көтерді. Бұл ұсыныс партия Төрағасы, Президенттің де тарапынан қолдау тапты. Шынында, қазақтың «аманат» деген бірауыз сөзі жүрекке жететін қастерлі ұғым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бергі аралықта «Nur Otan» партиясы өзінің тарихи миссиясын атқарды. Ендігі кезекте «Жаңа Қазақстанға» бет алған мемлекеттегі барлық реформалар мен кешенді бағдарламалардың орындалуында қалыптасқан жүйесі бар «Amanat» партиясына иек артпақ. Жаңа атауға ие болған партияға халықтың, сайлаушылардың сенімінен шығуда жаңа міндеттер жүктелді.