Үлкен жауапкершілік жүктейді
Үлкен жауапкершілік жүктейді
361
оқылды
Өткеннің кемшілігі мен жетістігі, табысы мен талқысына дейін бәрі са­бақ. Белгілі бір кезеңде «Nur Otan» партиясы елдегі саяси ұйымдардың ішін­­де жетекші рөлге ие болғанын жоққа шығара алмаймыз. Халықтық пар­­тияға ай­налды. Әйтсе де, ұйымның қалыптасқан жұмыс жүйесі ашық са­на­лы қоғамның талаптарына сай келмегенін мойындауымыз керек. Уақыт тала­бына үндесу үшін партия ұйымына да өзгеріс қажет болғаны, сон­дықтан. Бүгін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXII съезінде партияның атауы өзгерді. Саяси ұйымның атауын «Amanat» деп өзгерту туралы Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың ұсынысын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолдады. Осылайша, халықтық партияға үлкен жауапкершілік – халқының аманаты жүктелді. Халқымызда «Аманат» деген сөздің мәні үлкен. Бірауыз сөздің өзі ел мен жұрттың бүкіл арман-мақсаты мен парыз-борышының жүгін арқалап тұр. Алайда Президент атап өткендей, партияның ребрендингі оның атын өзгерту, маңдайша тақтасын өзгерту ғана емес. Өзгеріс жұмыс жүйесін қайта құрғанда ғана нәтижесін береді. Мемлекет басшысы съезде партиялық реформаларға қатысты бірқатар басым міндетті атап өтті. Оның негізгісі – партия аппара­тының тиімділігін арттыру. Бұл талапты қоюға ұйымда бюрократизмнің ең нашар қасиеттері айқын көріне бастағаны түрткі болғанын атап өтті. «Желілік кестелер, есептер, ресми іс-шаралар сайлаушылармен тікелей жұмысты екінші жоспарға ысырды. Көздері жанып тұрған энтузиастар немқұрайды қызмет етушілерге жол беруге мәжбүр болды», – деді Президент – партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев. Саяси ұйымның атауы өзгерді. Басқару жүйесі басқаша құрылатын болды. Ал орталық аппарат, филиалдар мен бастауыш ұйымдарының жұмысы қалай жүреді? Мемлекет басшысы өкілдіктердің де өзара іс-қимыл әдістері толығымен қайта қаралатынын айтты. Нақтырақ айтсақ, бюрократия мен қағазбастылықтан бас тарту үшін облыстық филиалдар мен бастауыш ұйымдар сайлаушылармен өз бетінше жұмыс жүргізетін болады. Ал орталық аппарат директивалық басқару тәжірибесін тоқтатады. Аппарат бұл міндеттің орнына жалпы партиялық векторды белгілеу, әдістемелік және идеологиялық қамтамасыз ету, кадрларды дайындау, жүйелі проблемаларды талдауды жүзеге асыруға шындап кіріспекші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, қазір бүкіл әлемдегі ахуал өзгеріп жатыр. Жаңа құндылықтардың пайда болғанына өз алдына, өте күрделі сын-қатерлер көбейді. Осындай қиын-қыстау кезеңде біз жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беруге тиістіміз. Дамудың келесі кезеңіне қадам басқан еліміздің – Жаңа Қазақстанның иесі саналы, білімді жастар болуы тиіс. Бұл – ең негізгі міндет. Партияның кезектен тыс өткен съезінде «Jas Otan» жастар қанатының жұмысын толықтай қайта жаңғырту туралы мәселе көтерілгені де, сондықтан. «Jas Otan» – жастар арасында шын беделі бар нағыз көшбасшыларды топтастыруы керек. Сонда ғана нәтиже болары анық. Жиында ауыл жастарына арналған «Өрлеу» атты жаңа партиялық жобасы ұсынылатыны айтылды. Бұл – құптарлық бастама. Ауылдағы қарым-қабілеті мол, күш-қайраты тасыған жас буынның ерік-жігерін біз ел экономикасын дамытуға бағыттауымыз керек. Сол үшін олардың тұлғалық дамуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға арналған, оларды кәсіп ашып, табысты болуға ынталандыратын кешенді шаралар жүзеге асырылуы қажет. Сондай-ақ жаңадан іске қосылатын, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулитын «Қайсар» атты жаңа әскери-патриоттық жобадан да күтеріміз көп. Бұл жоба біздің университетте де қол­дау табады. «Қайсар» әскери кафедрамыздың мақсатты жобаларының біріне айналып, ел қорғайтын, мемлекетімізге қызмет ететін ержүрек азаматтарды тәрбиелеуге серпін беретін болады.

Талғат ЕШЕНҚҰЛОВ, М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы, ректоры, партияның Саяси кеңесінің мүшесі