Араға 23 жыл салып 1 наурыз күні билік партиясының кезектен тыс ХХІІ съезі өтті. Екі мәселе қаралды. Негізгі бағыт – партияны толық жаңғырту. Аталған міндетті партия Төрағасы, Мемлекет басшысы бұған дейін тапсырған еді. Енді бұл бағдардың нақты іске асу жолдары айқындалды.
Қаңтар оқиғасынан соң Қазақстан толық өзгергендей болды. Енді ел дамуында тың бағыт-бағдар, жоспар, тіпті құндылық қажет секілді көрінді. Отандық сарапшылар өзгерістер толқынының кезегі билік партиясы «Nur Otan»-ға да келеді деген пікірлер айтып жүрді. Болжамдар негізсіз емес екен. Президент партия төрағасы атанған соң тың өзгерістер басталды. Алдымен партия Төрағасының Бірінші орынбасары қызметінің орнына партияның Атқарушы хатшысы лауазымы енгізілді. Бұл қызметке Асхат Оралов тағайындалды. Бұдан кейін партияның өзін сапалық тұрғыда өзгерту қажет болды. Бұл оңай шаруа емес. Себебі билік партиясы бүгінде елдің барлық облыс, аудандарында филиалы бар, бастауыш партия ұйымдары жұмыс істейтін алып бюрократиялық аппарат. Оны өзгерту, жұмыс сапасын жаңа деңгейге шығару санаулы күннің міндеті емес. Алайда кеше өткен съезде партияның жаңғыру бағыты белгілі болды. Оны Президенттің өзі айқындады.
Бірінші, партия жұмысын орталықсыздандырып, партия аппаратының тиімділігін арттыру қажет. Мемлекет басшысы партия аппаратының жұмысында бюрократияның нашар қасиеттер байқалғанын айтты. Сондықтан орталық аппаратқа филиалдар және бастауыш ұйымдармен өзара жұмысты қайта қарау тапсырылды. Аппарат «қолмен» басқару тәжірибесін тоқтатуы керек. Оның міндеті – жалпы партиялық векторды белгілеу, партия мүшелерін әдістемелік және идеологиялық тұрғыда қамтамасыз ету, кадрларды дайындау, жүйелі проблемаларды талдау. Бұл міндет партия жұмысында жаңа мәдениет қажет екенін көрсетеді.
Екінші, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандандыру қажет. Партияда түрлі кеңес пен комиссияның саны көп. Оларда ұқсас мәселелер талқыланады, бірақ нақты шешімдер сирек қабылданады. Сондықтан парламенттік фракциялар диалог алаңдарын ұйымдастыруды өз мойнына алып, өз жұмысының нәтижесі бойынша көзге көрінетін нәтижелерге қол жеткізуі керек.
Үшінші, Мемлекет басшысы азаматтардың мүдделерін қорғап, партияның ашық болуын тапсырды. Партия билік пен қоғам арасында нағыз дәнекер болуы, өз сайлаушыларының мүддесін қорғауы керек. Ең алдымен сайлау кезеңінде берілген уәделерді орындауы қажет. Сайлаушылармен кері байланысты күшейту маңызды, бұл үшін қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін толық пайдалану қажет. Қоғамдық қабылдау кештері тек арыз-шағымдармен ғана емес, ел дамуы жолындағы нақты ойларымен келетін азаматтарды тартатын орынға айналуы тиіс.
Төртінші, партияішілік бәсекені арттыру маңызды. Соңғы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында партияішілік сайлау үлгісі алғаш рет сынақтан өтті. Праймериз кезінде партияға белсенді адамдар келді, партияішілік бәсеке пайда болды. Мемлекет басшысы бұл оң үрдісті жалғастыруды тапсырды. Ол өз сөзінде праймериз ел дамуына үлес қосқысы келетін сапалы мамандар үшін партияішілік әлеуметтік лифтке айналуы тиіс деді.
Бесінші, саяси кадрларды даярлау қажет. Партия кадрлардың ұстаханасына айналып, сайлаушылармен жұмыс істей білетін заманауи саясаткерлер мен мемлекет қайраткерлерін дайындауы керек. Осы себепті партия Төрағасы партия құрылымындағы Саяси менеджмент академиясының жұмысын жандандыру қажет екенін айтты.
Президент осылайша билік партиясының бүгінгі осал тұстарын айқындап, олардың шешу жолдарын белгілеп, жақын уақытта орындауды тапсырды. Сондай-ақ партия жұмысын жандандырудың басымдықтарын атқарушы хатшы Асхат Оралов мәлімдеді.
Бірінші. Халықпен кері байланыс орнату құралдарының тиімділігін артады. Ең әуелі партия жанындағы қоғамдық кеңестердің құрылымы қайта жасақталады. Сандық емес, сапалық көрсеткішке баса назар аударылады. Кейбір кеңестерде талқыланатын мәселелер тым ұқсас болғандықтан, олар біріктіріледі. Республикалық деңгейде – 9, аймақтарда – 8, аудандарда 5 кеңес қалады. Ел аумағы бойынша кеңестер саны 700-ге қысқарады. Бұған қоса, олардың құрамы да жаңартылады.
Екінші. Жергілікті жерлерде партия қатарын нығайту жұмыстары жанданады. Қазір бастауыш партия ұйымдарының саны 4,5 мыңнан асты. «Аудандық бастауыш ұйымдарын» құру арқылы БПҰ-лар біріктіріледі. Бастауыш ұйымдардың бастамаларын қолдау мақсатында жергілікті жерлерде партиялық жобаларды іске асыру үшін БПҰ-ға партиялық жарналардың 20 пайызы қайтарылады.
Үшінші. Партияның жұмысы барынша ашық болады. Бүгінгі таңдағы қоғамның аса өзекті сұраныстарының бірі – партияның ашықтығы және халыққа жақын болуы. Пилоттық жоба ретінде басталған мәслихаттардағы «Nur Otan» депутаттарының рейтинг жүйесі толықтай сынақтан өтті. Оның нәтижесі жұртшылыққа жария етіледі.
Мұнымен қатар партиялық мобильді қосымша іске қосылады. Онда азаматтар партияның жұмысы туралы жедел ақпарат алып, қоғамдық маңызды мәселелерге байланысты түрлі сауалнамаға қатысып, өтініш пен ұсыныс-тілектерін қалдыра алады. Сондай-ақ Қоғамдық саясат институтының жанына TALQYLAU диалог алаңы ашылады.
Ал «Нұр-Медиа» холдингінің жанында Парламент пен мәслихат депутаттарының, Үкіметтің партия мүшелерінің және жергілікті атқарушы органдардың тұрақты брифингтерін өткізетін партиялық баспасөз орталығы ашу жоспарда бар. Бұл бастамалар «Ашық партия» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылмақ.
Төртінші. Партиялық бақылау күшейеді. Жауапкершілік партияның негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі болып қала береді. Сайлау алдындағы уәделерді сапалы және уақытылы орындауға ерекше назар аударылады.
Сәуір айында республикалық сайлауалды бағдарламаның орындалуын қайта қарау қорытындылары бойынша Мәжілістегі фракцияның кеңейтілген отырысын өткізу ұсынылды, онда Премьер-Министрдің есебі тыңдалады.
Бесінші. Қазіргі өзгерістерге сай партияның басты бағдарламалық құжаттары қайта қаралады. Ең әуелі партияның жарғысына өзгерістер енеді. Партияның және оның филиалдары Төрағасының бірінші орынбасары қызметінің орнына атқарушы хатшы қызметі енгізіледі. Партияның стратегиялық құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енеді. Қазір арнайы жұмыс тобы «Nur Otan» партиясының 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» және 2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламаларын қайта қарауға кірісті.
Алтыншы. Халықпен жұмыс істеуде страталық тәсілді қолдану маңызды. Халықтың бүгінгі сұранысын ескере отырып, қолданыстағы партиялық жобалардан бөлек жаңа жобалар іске қосылады. Мысалы, TazaLike жобасы қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталмақ. Бұдан бөлек, сарапшылар мен белсенді азаматтардың ұсыныстарын краудсорсинг бойынша қаржыландыру үшін «Жаңа Қазақстан үшін 30 инновациялық идея» жобасы басталады.
Соңғы жетінші бағыт «Jas Otan» жастар қанатының жұмысын қайта жаңғыртуға бағытталған. Енді «Jas Otan» қатарына жастар арасында беделі бар нағыз көшбасшылар шақырылады. Ауыл жастарына арналған «Өрлеу» атты жаңа партиялық жоба басталады. Оның аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастардың тұлғалық дамуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға арналған, оларды кәсіп ашып, табысты болуға ынталандыратын кешенді шаралар жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулитын «Қайсар» атты жаңа әскери-патриоттық жоба іске қосылады. Ел қорғайтын, мемлекетімізге қызмет ететін ержүрек азаматтарды тәрбиелеуге басымдық беріледі.
Қорыта келгенде, съезде билік партиясының трансформациядан өтуінің бағдары анықталды. Енді осы бағыт бойынша белсенді жұмыс істеу міндеті ғана қалып отыр. Қоғаммен бірге партияның да жаңғыруының бір белгісі оның атауы өзгеріп, ребрендинг жасалуынан да көрінді. Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов партия атауын «Amanat» деп өзгертуді ұсынды. Партия Төрағасы аталған бастаманы қолдады.
Әлем елдеріндегі партиялардың тарихына үңілсек, партияның өз даму жолында идеологиялық тұрғыда бағытын өзгертуі, бірнеше блокқа бөлінуі, ребрендинг жасауы, бағдарын қайта қарауы, өзге партиялармен бірігуі секілді реформалар жүргізуі қалыпты жағдай. Кешегі «Nur Otan», ендігі «Amanat» осындай өзгерістерді бастан кешіріп жатыр. Себебі «Жаңа Қазақстанды» құру міндеті тұр. Билік партиясы аталған міндетті орындауда белсенді саяси күшке айналуы тиіс.