Тоқаев әскери қауіпсіздікті ескеріп, Қорғаныс министрлігіне тапсырма берді
Тоқаев әскери қауіпсіздікті ескеріп, Қорғаныс министрлігіне тапсырма берді
220
оқылды

Мемлекет басшысы Қарулы Күштердің басшылығымен кеңес өткізді, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты. 

Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының төрағалығымен Қорғаныс министрлігінде армияны одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылығына әскери қауіпсіздіктің қазіргі жағдайын ескере отырып, Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын жаңғырту жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар заманауи цифрлық тәсілдер арқылы әскери басқару жүйесін жетілдіру қажет екеніне назар аударды.Жиында Қазақстан әскерін заманауи әрі жоғары технологиялы қару түрлерімен, әскери техникамен қайта жабдықтау мәселелері талқыланды. Қорғаныс министрлігіне әскери күштерді пайдаланудың жаңа әдістерін енгізу арқылы жауынгерлік дайындық бағдарламасын қайта қарау тапсырылды. Мемлекет басшысы әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыру, меритократия қағидаты негізінде мансапты өсіру мақсатымен әскери білім беру және кадрлық саясат жүйесін дамыту мәселелеріне баса мән берді. Президент әскери қызметшілер мен әскери қызметтің әлеуметтік мәртебесін арттыру және жастарды әскери борышын өтеуге ынталандыру қажеттігі туралы айтты. Жиын соңында Жоғарғы Бас қолбасшы мемлекеттің мүддесін және әрбір азаматтың қауіпсіздігін қорғау Қарулы Күштердің міндеті екенін атап өтті.