Мысыр елі Сұлтан Бейбарыс мешітін жөндеуге қосымша 2 миллион доллар бөледі
Мысыр елі Сұлтан Бейбарыс мешітін жөндеуге қосымша 2 миллион доллар бөледі
Фото: Сыртқы істер министрлігінен алынды
432
оқылды

Сенатор Нұртөре Жүсіп министрлер кабинетін келер жылы келе жатқан Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығын жоғары мазмұнды деңгейде өткізуге шақырды. Депутат өз ұсыныстарын Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалда айтты. Ол Еуразия даласының тумасы, Мысырдың ұлы билеушісі Бейбарыс сұлтанның Қазақстан үшін де, Мысыр  үшін де маңызы зор екенін атап өтті.

«Қазақстан мен Мысыр арасындағы қарым-қатынас жақсы. Екі елдің басшылары жақында ғана телефон арқылы сөйлесті. Қазақстан мен Мысырды байланыстыратын тарихи тұлғалар бар. Солардың ішінде Сұлтан Бейбарыстың есімі ерекше аталады.  Бейбарыс билігі тұсында салынған тарихи ескерткіштер күні бүгінге дейін Каир қаласының сәнін келтіріп тұр», – деді депутат.
Сенатор бұған дейін Мысыр мен Қазақстан Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландырғанын атап өтті. Жоба 2011 жылдың қазан айында аяқталуы тиіс еді. Алайда араб елдеріндегі саяси және экономикалық дағдарысқа байланысты жаңғырту жұмыстары кейінге қалдырылды. Мәулен Әшімбаевтың жақында болған сапарының нәтижесінде Мысыр биыл жыл соңына дейін қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау үшін қосымша 2 миллион АҚШ долларын бөліп жатқаны белгілі болды. Нұртөре Жүсіптің айтуынша, Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығын сапалы мазмұндық атап өту аса маңызды.
«1989 жылы түсірілген «Сұлтан Бейбарыс» телефильмін араб және ағылшын тіліне аударып, Мысыр елінде көрсетуді, Президент тапсырмасына сай әзірленіп жатқан шетелдіктерге арналған тарих оқулығына Бейбарыс бастаған қыпшақ сұлтандары туралы деректерді қосуды, Египет елінің Бейбарыс сұлтан туралы 30 сериялық киносын қазақ тіліне аударып, халыққа таныстыруды, жазушы-драматург Р.Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан» пьесасын  Мысыр сахнасына қоюды, Мәмлүктер кезеңінде жазылған, қазақ тарихы үшін маңызы зор араб және қыпшақ ғалымдарының еңбектерін қазақшаға аударып, кітап етіп шығаруды сұраймыз», – деді сенатор.