Партия съезінде атқарушы хатшы Асхат Оралов кадрлық жұмысты жолға қою мақсатында Жаңа Қазақстанды құруға қабілетті, халыққа адал қызмет ететін саясаткерлердің жаңа буынын даярлауға баса назар аударылатынын атап өтті. Бұл – жаңа Қазақстанды құрудағы ең қажетті жұмыс. Бүгінгі таңда кез-келген салада кадр тапшылығы – өткір мәселе. Халық құзыретті саясаттанушылардың орнына, «диван сарапшыларының» дәлелсіз, жалған ақпаратын тыңдайтыны жасырын емес. Олар тек сын айтуға шебер, ал нақты жұмыстарды қалай жүзеге асыру керектігінен мүлдем хабарсыз.
Nur Otan партиясы жанындағы Саяси менеджмент мектебінде оқудан өттік. Дәріскерлердің бірі бізге «Истон – қара квадрат» теориясын ұсынды. Бұл үрдіс барысында адам баласы тек бастапқы мәселені және түпкілікті нәтижені, яғни қиындықтың шешімін ғана көреді. Ал түйткілді шешудің тетігі – тек қараңғылық. Біздің қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысын мысалға келтіре отырып, төмендегіні айтуға болады. Адам белгілі бір мәселемен қоғамдық қабылдауға жүгінді делік. Мәселен, оның жеке меншік үйінің үстінде кернеуі жоғары электр желісі орналасқан. Бұл жайт үй тұрғындарына қауіп төндіретіні сөзсіз. Өтініш берушінің қоғамдық қабылдау бөлмесінде айтылған мәселесі бойынша қыруар жұмыс атқарылады. Мәселен, оның өтінішінен кейін біз сәулет бөліміне жүгінуіміз керек, себебі электр желісінің қаншалықты заңды тартылғанын, сондай-ақ үй құрылысына берілген рұқсат құжаттарды тексеру қажет. Сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне де сұрау салып, электр желісін басқа жерден өткізуді өтіну керек. Ал өтініш беруші болса, қаншалықты қыруар жұмыс жүргізіліп жатқанынан мүлдем хабарсыз. Ал егер бөлімде бұл мақсатқа қаражат бөлінбеген болса, онда осы жұмыс түрлерін жүргізу үшін қосымша қаражат бөлуді мәслихаттан сұрау қажет. Нәтижесінде жүгінген адамның өтініші шешімін тауып, оған тиісті жауап беріледі. Ол жауапта мәселені шешудің бірнеше жолы ұсынылуы мүмкін. Немесе электр желілері оның жер телімінің астынан қайта өткізелітіні туралы ескерту болуы мүмкін.
Қарапайым адам үшін бұл – «қара квадрат». Ал партия филиалының қызметкері үшін – жаңа салада білімі мен біліктілігін ұштаудың тәсілі. Себебі қоғамдық қабылдау қызметкерлері күніне әр салаға қатысты 20-30 мәселені қарастырады. Келесіде осындай сұрақ түскен кезде қоғамдық қабылдау қызметкері бұл мәселені оң шешудің жолын анық білетін болады.
Асхат Раздықұлы өз сөзінде кадрлар даярлаумен айналысатынымызды атап көрсетті. Менің пікірімше, біз бұған дайынбыз, Саяси менеджмент мектебінде оқу курсынан немесе қоғамдық қабылдау бөлмесінде тағылымдамадан өткен кез-келген партия мүшесі немесе бастауыш партия ұйымының төрағасының кадр нарығындағы сұранысы арта түспек.
Бірақ партиядағы жұмыс тек қоғамдық қабылдаумен шектелмейді. Бұл, ең алдымен, адамдармен жұмыс. Партия қызметкері аудитория алдында, электорат алдында сөз сөйлей білуі шарт. Бұл бағытта біз партиялықтардың қалыптасу жолына куә болып жүрміз. Бұл жол бастауыш партия ұйымының жиналысында сөз сөйлеуден басталып, үлкен конгресте мыңдаған аудитория алдында сөз сөйлеумен аяқталады.
Партиялық жобаларды іске асыру, іс-шараларды жоспарлау, жағдайды анықтау, адамдармен танысу, белгілі бір адамның қай жерде пайдалы екенін аңғару – партия қызметкерінің жеке басының дамуының тағы бір жағы. Сондықтан, біз осы жолдан өтіп, бірінші кезекте құзыретті және халықтың аса маңызды мәселелерін шешуде пайда келтіре алатын білікті мамандарды даярлауға дайынбыз деп нық сеніммен айта аламын.
Кеңес МҰҚЫШЕВ,
«AMANAT» партиясы Петропавл қалалық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары.