1 наурызда өткен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде қоғамдық ұйым алдына жаңа міндеттер қойылып, партия жұмысын модернизациялау мәселесі талқыланды. Жиында айтылған жаңашылдықтар өңірлерде қолдау тауып, облыстық филиалдар жұмысты жаңаша ұйымдастыруға дайын екенін көрсетті. Осы тұрғыда «Amanat» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметованы әңгімеге тартқан едік.
– Әсем Қалашбайқызы, облыстық филиалдың тізгінін қолыңызға алғалы үш жылға жуық уақыт өтіпті. Осы кезеңде партия қандай жобаларды жүзеге асыра алды?
– Өзгерістер кезеңінде өмір сүру қиын деген түсінік қалыптасқан. Соңғы кезде оқиғалар, тіпті жылдам өзгеретін болды. Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан аумалы-төкпелі заманда тез шешім қабылдап, жедел әрекет ету керек. Осы ретте партия жұмысы тәжірибе жинақтауға септігін тигізді деп зор сеніммен айта аламын. Геосаясатта да, мемлекеттік құрылымдарда да, тіпті әр адамның бойында айтарлықтай өзгерістер болып жатыр. Дегенмен менің аңғарғаным – Елбасы негізін қалаған «Nur Otan» партиясының жобалары әлі де өз өміршеңдігін жойған жоқ. «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Халыққа көмек», «Жастар – Отанға», «Ұлттық мұра» деген сияқты партиялық жобалардың өңірдің және жекелеген заматтардың әлеуметтік өмірінде алатын орны зор. Бұл жобалардың арқасында тұрғындардың әртүрлі санатына жататын топтарға елеулі көмек көрсетілді. Әсіресе, аға буынмен тығыз байланыс орнатылған. Олардың өмірлік бай тәжірибесінің партия жұмысына пайдасы зор. Ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тауып келеді. Қарттар күні, Ұлы Жеңіс күні сияқты мерекелерде ғана емес, кез келген уақытта алдыңғы толқын – ағалармен қарым-қатынасымыз бір үзілген емес.
«Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асырудың нәтижесінде өңірдегі көптеген ғимараттардың қолжетімді бола түскені үшін мүгедектердің алғысын арқалағанымызды мақтанышпен айта аламыз. Бұл ретте осы жобамен айналысқан қызметкеріміз сарапшы деңгейіне көтерілгені соншалық, әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері ақыл-кеңес сұрайтын болды. Облыстық филиал жанынан құрылған қоғамдық-партиялық мониторинг тобының мүшелері әлеуметтік маңызды нысандардың қолжетімділігін бағалау жұмысын ұдайы жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жоюға ұсыныс жасайды.
Инклюзиялық білім беруге қатысты түйткілдерді шешуге де партия филиалы атсалысты. Облыс орталығындағы №8, №21 және №23 орта мектептерде үш жыл бойы жұмыс істеп келген инклюзияны қолдау кабинеттерін әдістемелік демеуді қаржыландыру мәселесі партия филиалының қатысуымен оң шешімін тапты.
«Ұлттық мұра» жобасы аясында да руханият саласында атқарылған шаруа бір төбе. Жергілікті ақын-жазушылардың шығармалар жинақтарының жарық көруі, мектептерге есімдері берілген Алаш арыстарының ескерткіш мүсіндерінің орнатылуы, елді мекен атауларын қазақшалау, Ұлттық домбыра күнін, басқа да ұлттық мерекелерді ұлықтау секілді шаралар күн тәртібінен түскен емес.
– Партия әйелдер қауымына қаншалықты қолдау көрсетіп, қызмет жасауына мүмкіндік беріп отыр?
– Соңғы сайлауда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілгені белгілі. Бұл тапсырма жергілікті жерлерде де тиісті деңгейде орындалды. Бүгінде өңірдегі барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттардың 34 пайызы – әйелдер. Бұған дейінгі шақырылымда олардың үлесі 2-ақ пайыз болатын. 5 келіншек аудандық мәслихаттардың хатшысы болып қызмет атқарып жатыр. Сондай-ақ партия жанындағы қоғамдық кеңестер мүшелерінің жартысына жуығы – нәзік жандар. Облыс бойынша партияның 17 филиалы болса, соның жетеуін нәзік жандар басқарады. Жалпы, солтүстік өңірдегі 30 мыңдай партия мүшесінің 20 мыңнан астамы – әйелдер. 80-ге жуық келіншек бастауыш партия ұйымына жетекшілік жасап отыр. Осы деректер партия әйелдер қауымына барынша қолдау білдіріп, жұмыс істеуіне жағдай жасап отырғанын көрсетсе керек. Бүгінде гендерлік теңсіздік жоқ, қазіргі әйелдерге «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербете отырып», алаңсыз жұмыс істеуге барлық мүмкіндік берілген. Қыз-келіншектер кез келген салада табысты қызмет атқара алатынын дәлелдеп те отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Солтүстік Қазақстан облысындағы мемлекеттік қызметшілердің 60 пайызы, басшылардың 30 пайызы – әйелдер.
– Осы күнге дейін партия халықтың түйінді мәселелерін қаншалықты шешіп келді? Болашақта қалай болады деп ойлайсыз?
– «Amanat» партиясы әрдайым халықтың жанынан табылғанына көпшілік куә. Әлемді жайлаған пандемия кезінде мұқтаж жандарға 50 мың теңгеден материалдық көмек көрсетіп, азық-түлік қоржындарын тараттық, шама-шарқымызша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге атсалыстық. Осы жұмыстың басы-қасында партияластарымыз жүрді. Жекелеген адамдардың да мұң-мұқтажы ешқашан біздің назарымыздан тыс қалған емес. Облыстық филиал жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңесті жеке кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Елена Левина басқарады. Кеңес төрайымының өзі де, мүшелері де қоғамдағы түрлі түйткілдерге әрдайым құлақтары түрік. Қиын жағдайға тап болған отбасылардың барлығына болмаса да, басым бөлігіне көмектерін аямайды. Үйі өртенген, сәбиі сырқаттанған, отағасы өмірден өткен отбасылардың мүшелері партиядан көмек сұраса, бірінші болып көмек қолын созатын – осы кеңес мүшелері. Жуырда Есіл ауданында үйі өртеніп кеткен отбасыға жеке кәсіпкер Елена Левина өз кәсіпорны өндіретін жиһазбен, партия мүшелері киім-кешек, азық-түлікпен және ақшалай қолдау көрсетті. Коккейн синдромы ауруына шалдыққан науқас, яғни өздігінен жүріп-тұру түгілі, тамақ іше алмайтын 7 жасар Саша Баториннің Мәскеудегі қымбат отасына қаржы жинап, ақшалай қолдау көрсетуді де жеке кәсіпкер өз мойнына алды. «Көп түкірсе – көл», демекші, мұндай мысалдар жетерлік. Белсенді әйелдер өз үйлерінде ғана емес, қоғамда да белсенді. Бір әттеген-айы, партияға жүгінген кейбір жандардың масылдық пиғылы басым. Мұндайда кейбіреуіне қолдау көрсетуден бас тартуға тура келетінін жасырмаймын. Жалпы, өңірдегі қоғамдық көлікке, азық-түлік бағасына, жемшөп, көмір, мұнай-газға қатысты кез келген әлеуметтік-экономикалық мәселенің қайсысы болсын, партияның назарынан тыс қалған емес. Соның нәтижесі болар, солтүстікқазақстандықтар арасында партия туралы біршама жақсы пікір қалыптасқан.
– Съезде партияны модернизациялау туралы сөз қозғалып, жеті басымдық белгіленді. Партия жұмысы қандай бағытқа құрылғанын қалайсыз?
– Партияның халыққа неғұрлым жақын болғаны дұрыс деп санаймын. Бұл орайда халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру басымдығы белгіленді. Өте құптарлық жайт. Әріптестерімнің пікірінен түйгенім – бұған дейінгі бюрократиялық кедергілер жойылып, қажеті жоқ қаптаған есеп беру қысқартылғаны жөн. «Jas Otan» Жастар қанатының жұмысын жетілдіру басымдығының әсіресе біздің өңір үшін маңызы зор. Көршілес Ресейге оқуға не жұмысқа кетіп жатқан кейінгі толқын өкілдері тым көп. Басқа аймақтарда тұрғындар санының 30 пайызын жастар құраса, біздің өңірде 18 пайыз ғана. Соңғы бес жылдың ішінде солтүстіктегі жастар саны 8 500-ден астам адамға азайған. 2017 жылы облыста 107 500-дей жас болса, қазір олардың саны жүз мыңға да жетпейді. Сондықтан «Jas Otan» Жастар қанатының алдында тұрған міндет зор.
Жалпы, партияның атқарушы хатшысы атап өткеніндей, «Amanat» – қоғамдағы әлеуметтік әділдікті жақтайтын, барша азаматтарға тең мүмкіндік беруді қолдайтын партия. Біз бір-біріне қолдау білдіретін, мықтылары әлсіздерге жәрдем беретін, әлеуметтік әлсіз топтардың мүддесін қорғайтын қоғам құруға ұмтыламыз. Партияның аты ғана емес, заты да өзгереді деген сенімдемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Солтүстік Қазақстан облысы