«Әкелер алимент төлей ме?» деп жүргенімізде, кейбір көріктілерден бөріктілер озып кетті. Бүгінде жалғызбасты әкенің саны 90 мыңға таяды. Көрсеткіштің артуына не себеп? Өз баласын күйеуіне тастап, қара басының қамын ойлап кеткен аналар жауапкершіліктен неге қашады? Тағдырынан таяқ жеген әкелердің мұң-мұқтажына үңілдік.
АНАЛАРҒА ӘСЕР ЕТКЕН ЖОҚТЫҚ ПА?
«Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Аймағамбетовтің айтуынша, 10 жыл бұрынғы халық санағы қорытындысы бойынша Қазақстанда 70 мыңнан астам жалғызбасты әке болған. Халық санының өскені мен жаңадан үйленгендер арасында ажырасу көбейгенін ескерсек, қазір олардың қатары 80-90 мыңға жеткен. Бірден айту керек, елімізде жалғызбасты әкелердің статистикасы мүлдем жүргізілмейді. Тек ажырасулар санының есебі жүргізіледі. Осыны ескерсек, жалғызбасты әкелердің саны біз ойлағаннан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
«Сот көбіне балаларды анасымен қалдырады. Бірақ қоғамда көбіне әйелдердің үнін естиміз де, ерлердің жанайқайына назар аудармаймыз. Себебі ер адамдар өзгеге өз мәселесін ашып айтқысы келмейді. Баласы ауыратын, көмекке мұқтаждары да бар. Одан соң 2-3 баласын тастап, түнде жұмыс істейтіндері немесе мүлде жұмыс таба алмай жүргендері жетерлік. Заң жалғызбасты әйел адамға да, ер адамға да бірдей. Бірақ көбіне мемлекет жалғызбасты анаға көмектескісі келеді. Мысалы, әйел ипотекасы деген бар. Ерлерге неге бермеске?!», – дейді қоғам белсендісі.
Иә, жалғызбасты әкелер қоғамнан қолдау күтеді. Соның бірі елорда тұрғыны Алексей Доненконы әйелі 5 баласымен тастап кеткен. Өзі электрик болып жұмыс істейді. Былтырдан бері мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алады. Кенжесі мүгедектігі бойынша №13 қалалық емханада есепте тұр, тездетіп ота жасату керек.
«Интернетте пікір қалдырғаннан кейін ғана баламды емханаға қабылдады. Оның өзінде тісін жұлдыру үшін. Кіші баламды ота жасатуға жаза алмай отырмын. Емханадағылар тіркеуге қойып, операцияны желтоқсан айында істеуі керек болған. Бірақ әлі жасалмады. Қызым түнімен ұйықтамайды. Ауырғанын басатын дәрімен ғана отырмыз. Оның өзін күнде қолдана берген зиян. Қатты тағамдар жей алмайды. Баспана мәселесі де қиын болып тұр. Мен түске дейін жұмыстамын. Түстен кейін үлкен қызым сабаққа барады. Қалған балалардың қасында отыру үшін үйге келемін. Мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек аламыз. Сол үлкен көмек. Ал айлығым 60 мың теңгеден сәл ғана асады», – дейді Алексей Доненко.
Кентау қаласының тумасы, жалғызбасты әке Рысмахан Айтбаев жайлы айтылып та, жазылып та жүр. Дегенмен жұмыссыз жүргеніне 4 жылдан асқан. Жұмыссыз ретінде тіркелгенмен, екі қолға бір күрек таба алмай келеді. Өйткені жалғызбасты әкенің денсаулығы ауыр жұмысқа жарамайды әрі баласына қарайтын адам керек. Осыдан 11 жыл бұрын елордаға жұмыс іздеп келген ол қазір осында тұрақтап қалған. Қызымен бірге астанадағы жатақханалардың бірінде аядай ғана бөлмені жалдап тұрады. Алты жасар қызы Інжуді өзі бағып отыр. Қызы Інжу целебралды сал ауруына шалдыққан.
«Менің жағдайыммен таныс шығарсыздар. Бірнеше рет телеарналарға шықтым. Бәрі көмектесеміз деп шақырады, аяғында көмек болмайды. Өзім ешкімге қол жайғым келмейді. 4 жыл бұрын қайырымды жандар көмектескен. Содан бері бір адамнан көмек сұрағым келмеді, ешкімге масыл болмасам екен. Мемлекеттен қызыма жәрдемақы беріледі. Мүгедектік үшін 50 мың теңге және асыраушысы ретінде маған 50 мың теңге береді. 100 мың теңге жәрдемақы алып отырмын. Оның 20 мың теңгесін жатақханаға төлеймін», – деді ол.
Одан артылғанын қызының еміне, үйірмелерге, азық-түлік пен киім-кешекке жұмсайды екен. Ай сайын Інжуге жаңа киім алып бермесе, көңілі құлазитынын жеткізді. Қызына 2 ай толғанда ажырасыпты, 1 жасында денсаулығында кінәрат барын біледі. Бірге боламыз деп серттескен әйелі ішімдікке салынып, отбасын тастап кеткен. 6 жылдан бері анасы қызын іздеп келмепті.
«Вокзал, құрылыс нысанында түнеген кездеріміз болды. Жәрдемақыға өмір сүріп отырмыз. Азық-түлікті дүкеннен қарызға аламын. Қазір 70 мың теңге қарызбын. Екінші рет үйленуге қорқамын. Себебі біреудің баласына ешкімнің жаны ашымайды. Ер адамға баламен жалғыз қалған қиын. Қызым өсіп келеді, қашанғы жуындыра аламын... Әрине, бала толыққанды отбасында өскені дұрыс», – деді ол.
Тағдырдың сынағын көтеріп жүрген Рысмахан ешкімге де жалынып, жәрдем күтпейді. Дегенмен оны баласын асырау үшін алған несиесі қинайды екен. Қазір 1,5 миллион теңге несиесі бар. Ал алиментке өтініш бергісі жоқ. Соған қарамастан жүрегі кең азамат болашақта жетімдер үйінен бала асырап алғысы келеді. «Ешбір бала анасыз, әкесіз өспесе, жыламаса», – дейді.
«Әлеуметтік желіде бүгінгі еркектердің образын ез етіп көрсетеді. Көпбалалы, жалғызбасты аналар көшеге шығып, талабын айтып, бәрін мемлекет жасап берсе», – дейді. Әр адам баланы өзі үшін дүниеге әкеледі. Қазіргі қыз-келіншектер жігіттің жағдайына қарайтыны – шындық. Содан ажырасу көбейеді. Бірінші – қаражат болса, екінші – тәрбие. Бұрын Шымкент жақта тұрмысқа шыққан қыз төркініне қайтып барса, ата-анасы үйіне кіргізбей, ажыраспауға шақыратын. Ал қазір қит етсе, өзіміз асыраймыз деп шығады. Ажырасқандарға екіжақты айыппұл салынуы тиіс. Себебі кез келген дауда кінә екі жақтан болады», – деді кейіпкеріміз.
АЛИМЕНТТЕН ЖАЛТАРҒАН АНАЛАР
Ал төрт баласын бір өзі асырап отырған Айтан Мұқашев заңды түрде ажырасқанымен, бұрынғы әйелі алимент төлеуден жалтарып жүр. Балалардың ас-суы мен ай сайынғы пәтерақыны төлеу үшін тыным таппайды. Ал шаңырақтағы «ыдыс-аяқтың сылдырына» шыдамаған әйелінің үйге ат ізін салмағанына бес жылдай болған. Анасыз қалған балалардың мейірімге шөлдеген жүзін көріп, көңіліміз құлазыды. Дегенмен ұл-қыздар өмір сынына берілмей, әкесінің қасында өжеттене өсіп келеді.
Алименттен жалтарғандарға заң қатал. Былтыр Қостанайда алимент төлемеген әйел түрмеге қамалды. Ананың кәмелет жасқа толмаған балаларына берешегі 3 миллион теңгеден асқан. 2018 жылдан бері алимент төлемепті. Осы мерзім ішінде сот үкімімен келіншек бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жазаға тартылған. Тіпті, шартты түрде бір жылға бас бостандығы да шектелген. Бірақ еш нәтиже шықпағасын, сот орындаушылары жазаның қатаң түрін қолданыпты. Қазір екі баласы әкесінің қолында.
«Бас бостандығынан айырылғанымен, оның қарызы өшіп кетпейді. Егер сот орындаушы жұмысқа тұрғызатын болса, орындау парағын сонда жіберіп, алты ай мерзім күтеміз. Шыққаннан кейін алты айдың алиментін тағы да есептеп қосып береміз. Сонымен, бірталай ақша болайын деп тұр» деп хабарлаған еді жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы Несібелі Бәсенова.
Сөйтіп, алимент төлеуден қашып жүрген әкелердің орнын аналар басып келеді. Бауыр еті баласынан бас тартып, ана деген атынан айырылғандардың тым артып бара жатқаны алаңдаушылық туғызады. Ал қоғамда жалғызбасты аналармен салыстырғанда, жалғызбасты әкелерге көзқарас та, қолдау да бөлек. Егер біз гендерлік теңдікті дамыту туралы айтатын болсақ, онда әрине, ер адамдардың құқығын кеңейтуге, оның ішінде жалғызбасты әкелер мәселесіне де қатысты болуы тиіс. Отбасы институтын зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Ракишева да ойымызды қуаттап, «Қазақстандағы Отбасы институты батыстық құндылықтардың ықпалымен өзгеруде», – дейді.
«Қазақстандағы әрбір бесінші отбасы – дара ата-ана. Ресми некеде 76,5 пайыз жағдайда отбасын ер адам басқарады. Ал азаматтық некеде, керісінше әйел басқаратын отбасы моделі 2 есе жиі кездеседі. Яғни, азаматтық некедегі әрбір оныншы отбасында әйел адам басшы. Біздің қоғамда ерлер мен әйелдердің әлеуметтік рөлдеріне қатысты түсініктер қалыптасқан. Ер адам отбасын асыраушы, ал әйел үйдің шамшырағы. Бірақ қазір осы заңдылықтың бұзылғанын көреміз. Жалғызбасты әкелердің көбеюі азаматтық неке саны артып, ажырасу көбейгенінен», – дейді А.Ракишева.
Пікірлескен азаматтардың әйелдері отбасынан теріс айналған. Дегенмен сүйген жары өмірден өткен соң, балаларына екінші ана іздемей, ананың да рөлін бір өзі атқаруға шешім қабылдағандар бар. Орталық Азия демократияны дамыту қорының жетекшісі Толғанай Үмбеталиева да осы ойымызбен келісіп, бүгінде әйелдер арасындағы өлім-жітімнің артуы жалғызбасты әкелердің көбеюіне алып келгенін айтты.
«Әйелі қайтыс болғаннан кейін үйленбейтін еркектер бар. Ерлердің тағы бір бөлігі ажырасқаннан кейін балаларына қамқорлық жасауға дайын, ер адамдар өз құқығы үшін күреседі. Егер бала 11 жастан асқан болса, онда ер адамның балаларын қамқорлыққа алуға мүмкіндігі бар. Әрине, әйелдері балаларын өздері тастап кеткен ер адамдар бар, өйткені оларға қамқорлық жасауға дайын емес. Қазір ер азаматтардың да отбасындағы рөлі өзгерген, олар отбасын ақшамен қамтамасыз етіп қана қоймай, әкесі ретінде бар жауапкершілікті мойнына алуға дайын», – дейді Т.Үмбеталиева.
Қорыта келгенде, «басы ауырмағанның балтыры сыздағанмен шаруасы жоқ» деген бар. Қоғамның еркектің мүсәпір күйге түсіп, көптің алдында шарасыз күй кешкенін қабылдауы қиын. Ер адамдар да өзгеден көмек сұрауға арланады. Немесе қандай көмек барын білмейді, онысын да көпке көрсеткісі келмейді. Жалғызбасты әке атанғандардың ішкі күйзелісі де бар. Сондықтан олар заңгерлік, психологиялық, моральдық, материалдық қолдауға мұқтаж. Бір үйдің түтінін түзу ұшыра алмағандар, жалғызбасты аналар, баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелер мәселесін айтқанымызбен, ананың алақанын, әкенің мейірімін сезіне алмаған бейкүнә сәбилердің мәселесі бәрінен жоғары. Ананың орнын әке, әкенің орнын ана баса алмайтыны анық. Ошақтың отын сөндіріп, баланы жетім атандыру – қазақтың кейбір нәзік жанды аруларына жеңіл жағдай болып кеткені өкінішті.