Интернет біздің өмірімізге дендеп енгені сондай, әрбір күнімізді онсыз елестету мүмкін емес. Жаңалықтар оқып, ақпарат алсақ та, әлеуметтік желілер арқылы бір-бірімізбен хабарлассақ та, интернеттің шексіз мүмкіндігіне жүгінеміз. Біріккен Ұлттар Ұйымының интернетке қолжетімділікті адам құқының ажырамас бөлшегі деп тануы да тегін емес болар. Сондықтан мұндағы қызмет түрі де сұранысқа сай сапалы болуы қажет. Бірақ елімізде интернетке қатысты көп сын айтылады. Мамандар басты мәселе мұндағы нарықтың монополиялық сипатында екенін айтады.
Бүгінде Қазақстанның телекоммуникация нарығын негізінен екі ірі компания ғана билеп-төстеп отыр. Олар – Ұлттық оператор «Қазақтелеком» АҚ мен «Кар-Тел» ЖШС. Бұл жағдай мұндағы мемлекеттік реттеудің нәтижесіздігіне, қызметтер мен техникалық параметрлердің сапасыздығына әкеліп отыр. Одан бөлек, бірқатар компания радиожиілік спектрін бөлудің қолданыстағы кестесіне, оның ішінде шағын радиожиіліктерді бөлуге қатысты мәселелерге кезігіп отыр. Сондықтан да бұл саланы монополиядан босатып, бәсекелес орта қалыптастырып, жаңа ойыншылар тартатын уақыт келгендей. Еліміздегі телекоммуникациялар қызметі нарығын қайта құрудың уақыты келді. Бұл туралы таяуда өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
«Біздің телекоммуникация нарығын дамыту үшін өте сауатты, нақты тексерілген антимонополиялық саясат қажет. Мәселен, еліміздегі инфрақұрылымдық байланыс желілерінің құрылысын салу үшін бізде ең бірінші кезектегі ресурс – ақша десем, провайдерлер куә, бірақ сонымен қатар бізде одан кем соқпайтын тағы бір басты ресурс, ол – уақыт. Айталық, құрылысқа қажетті бюджет бола тұра көптеген компания кабель кәрізіне қолжетімсіздік, жиілікке қолжетімсіздік, қалада болса, орынжайларға қолжетімсіздік сияқты әкімшілік кедергілер кездеседі. Сондықтан да антимонополиялық органдар бұл мәселеде теңдесі бар, әбден пысықталған шешімдерге баруы тиіс», – дейді «Азия» халықаралық кабель операторлары қауымдастығының төрағасы Антон Шин.
Оның айтуынша, ақшаң бола тұра әкімшілік мәселелерді шешуге жылдар кетуі мүмкін екен. Мәселен, Алматыда операторлар тұрғын үйге қосылуға келгенде көп мәселеге тап болады. Бұл тұста біз оған уақыт жоғалтпауымыз үшін антимонополиялық орган тұтынушылармен және операторлармен бірлесіп, осы тығырықтан шығатын бір шараны ойлап табуы қажет. Бұл салада бәсекелестік тудырған жөн. Сонда интернет сапасы да, қамту аясы да арта түспек. Жалпы, нарықтағы проблемалар бір бұл емес. Интернет сапасына да, қызмет сапасына да көңіл бөлген абзал.
Алдын ала ақы алу негізсіз
Әдетте кез келген пайдаланушыға ғаламдық желіге шығу үшін еш кідіріссіз тез ашылатын жоғары жылдамдықты интернет қажет. Әйтсе де, елімізде барлық жерде ондай байланыс жоқ. Тіпті, провайдерлердің қызмет көрсету келісімшарттарында жария етіп жүрген «500 Мбит/c-ға дейін» деген максималды жылдамдықтың өзі жай қағаз жүзінде ғана. Іс жүзінде көп ретте бұл көрсеткіш одан көп аз болып келеді. Ал бұл дегеніміз – баяу интернеттің кесірінен уақыт жоғалту, қаржы жоғалту сияқты проблемаларға алып келеді. Пайдаланушылар мұндайда бұл проблеманың шешімін өздері іздеуге мәжбүр.
«Провайдер келісімшартта көрсеткен интернет жылдамдығын қамтамасыз етуі тиіс. Өйткені пайдаланушылар өздері одан аз жылдамдықта қызмет алып отырса да, шартта көрсетілген соманы толықтай төлеп отыр. Тағы бір мәселе, провайдерлердің көрсеткен қызметтеріне алдын ала ақы алатыны. Ал осы кезеңдегі ақаулар, берілмей қалған мегабиттер көлемі ескерілмей қалады. Сондықтан да біздің қауымдастық қаралып жатқан «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына байланыс операторларына қызмет көрсету келісімшартын жасасу кезінде интернеттің нақты жылдамдық өлшемін көрсетуді міндеттейтін норманы енгізуді ұсынып отыр», – дейді Ұлттық коммуникация және цифрландыру қауымдастығының вице-президенті Жанат Асантаев.
Саннан сапаға көшетін кез келді
Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық кеңесінің мүшесі, Integrity ASTANA коммерциялық емес ұйымының басшысы Жанат Нұрғалиев жақында қабылданған «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасының индикаторлары ақыры орындалмағанын айтады. Бұл көрсеткіш негізінен оның «Сапалы интернет және ақпараттық қауіпсіздік» деп аталатын VI бағытына қатысты.
«Егер бұрындары бірінші кезекте 100 пайыз интернетпен қамту деген мәселе көп айтылатын болса, қазір күн тәртібіне оның сапасы шығып отыр. Өйткені сапа емес сан қуғандар сол кезде интернет жылдамдығының ең төменгі параметрлерін ғана қарастыра салған. Ол қалаларда 10 Мб, ауылдарда 5 мб. Осылайша, Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша рейтингте 179 елдің ішінде 90-орынды (33,76 Мбит/сек) иеленіп отыр. Бізді көршілеріміз басып озып отыр. Мәселен, Қырғыз елі 76, (43,31), Беларусь 74-орында (45,67). Бұл – ойланатын мәселе», – дейді ол.
Осы проблеманы шешу үшін ұлттық жоспарда келесідей қаржыландыру көлемі қарастырылып отыр: 2021 жылы 34,9 миллиард теңге, 2022 жылы 17,5 миллиард теңге және 2025 жылы 228 миллиард теңге. Бұл сомадан республикалық бюджеттен тек 17 миллиард теңге қарастырылған. Одан бөлек, 529 миллиард теңге бюджеттен тыс қорлардың есебінен түсуі тиіс, оның ішінде 2025 жылға көзделіп отырған 228 миллиард теңге бар. Баспасөз мәслихатын өткізгендер бұл соңғы сома ұлттық операторлардың есебінен алынуы мүмкін екенін айтады.
«Бірақ біз бұл мемлекеттік бағдарламадан олардың қай оператор екенін, қанша инвестиция шығаруы керегін түсініп отырған жоқпыз. Қаржыландырудың ең үлкен бөлігі 2025 жылға қойылған. Бейне бір «әуелі сол уақытқа жетіп алайық, сосын көрерміз» деген ниет бар секілді. Бұлай болмайды. Біздің қоғамға сапалы интернет екі-үш жылдан кейін емес, қазір керек. Сондықтан да уақыт өткізбей, ұлттық компаниялардың, операторлардың өздеріне қабылдаған нақты міндеттемелерін біз қазірдің өзінде-ақ көруге тиіспіз. Ол үшін бұл соманың компаниялар бойынша қалай бөлінгені айқындалуы қажет. Азаматтарды 100% сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым мен техникалық жарақтандыруды жүргізуге кімнің қашан және қанша көлемде дайын екенін осы бастан біліп отырғанымыз дұрыс», – дейді ол.
Бүгінде елімізде 1 178 ауылда интернет байланысы жоқ екен. Ал интернеті бар ауылдардың өзінде оның жылдамдығы әлсіз. Мұны техникалық тілде «ақтаңдақтар» деп атайды. Мұндай проблема ауылдарда ғана емес, қалаларда да кездеседі. Мәселен, адам көп жиналған жерлерде жүктеме көп болғандықтан, байланыс сапасы нашарлайды. Бүгінде сапасы ең жақсы интернет Нұр-Сұлтан қаласында болса, ең нашары – Қызылорда қаласында. Ал ауылдардан Батыс Қазақстан облысында «ақтаңдақтар» көп. Баспасөз мәслихатына қатысатындар оның қорытындысы бойынша бәсекеге қабілеттілікті арттыру және телекоммуникация саласын одан әрі тиімді дамыту бойынша нақты ұсыныстарын жинақтап, Мемлекет басшысының атына үндеу жіберуге келісті.