Былтыр Маңғыстауда жұтқа құрғақшылықтың себеп болғанын білеміз. Бұл өңірге жаңбыр жауып, қыста қар түспейді. Болса да, сирек. Жерге көк шықпаған соң аштықтан мал қырылмай қайтсін? Кейін ел-жұрт болып құрғақшылықпен күреспекке ниеттендік. Өзге елдердегідей жасанды жаңбыр жаудырудың жолын ойлағандар болды. Бірақ неге жоспар жүзеге аспады?
Қолбайлау болған қаржы ғана ма?
Мыңдап мал өлгеннен кейін Маңғыстаудың жергілікті билігі өңірдегі құрғақшылықты жасанды жаңбыр арқылы ауыздықтайтынын айтқан болатын. Көп ұзаған жоқ, былтыр қазанның басында Құрық, Жетібай, Шетпе сияқты ауылдарға жаңбыр жаудыратын құрылғы орнатылғанын естідік. Бұл істі Central Asian Center of Climate Change Technologies компаниясы атқаруға кіріскен еді. Бірақ жақында жаңбыр жаудыратын құрылғыларды мамандар алып тастағаны мәлім болды.
Алғашында жобаны қолға алғандардың ынтасына қарап, ел сүйсінгені рас. Central Asian Center of Climate Change Technologies компаниясының бас штабы БАӘ мен Швейцарияда орналасқанын біліп, тәжірибесі барына көпшілік сенді. Ал Орталық Азиядағы филиалы Қазақстанда былтыр жұмысын бастаған. Ақыры компания өкілдері келіп, өңірге 5 құрылғы орнатты. Оның қалай жұмыс істейтінін айтып жатпаймыз, әйтеуір осы 5 кешеннің көмегімен ылғал деңгейін кем дегенде 30 пайызға арттыру көзделді. Құрғақшылықты жеңу туралы келісім жасалды. Басында «1 аптаның ішінде тұрақты жаңбыр жауады» деген ақпаратты оқып, таңдай қақтық. Барлық кешен 100 мың шаршы шақырым аумаққа жаңбыр жаудыруға тиіс еді. Бірақ ондай болмағанын білеміз. Жергілікті халық куә. Иә, кейде аспан сәл бұлттанып, жел тұрғандай болды. Алайда анау айтқандай, жауын жаумады. Кейін осы жобаның жетекшісі Алтай Айнабек қолданған технологиясы нөсер жаңбыр жауғыза алмайтынын, тек ылғалды көбейтетінін, ылғал көбейсе, шөп шығып, мәселе шешілетінін айтты. Енді жобаның хәлі қандай екенін байқап отырмыз. Сосын анық-қанығын білу үшін технологияны Қазақстанға алып келген Central Asian Center of Climate Change Technologies компаниясының бас директоры Алтай Айнабекке тікелей хабарласқан едік.
– Жобаны тоқтатқанымыз рас. Бір жағынан жергілікті халық қарсы болды. Олардың айтуынша, қыс кезінде жаңбыр жаудырсақ, онсыз да ашығып жүрген мал суықтап, қырылып қалады екен. Дегенмен жобаны көктемде қайта бастауды жоспарлап жүрміз. Алайда қаржы мәселесі шешілген жоқ, – деп қысқа қайырды ол.
Қаражат мәселесі тығырыққа тіреп тұрғаны белгілі. Негізі, әуелде «Грант Қазақстан» корпоратив қорының тапсырысымен Central Asian Center of Climate Change Technologies серіктестігі мен Маңғыстау облысының әкімдігі арасында үшжақты келісім жасалған. Бұл келісімнің жасалуына Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев бастама көтеріп, әсер еткенін білеміз. Енді жоба тұралап қалғаннан кейін Еділ Жаңбыршинге хабарласып, себебіне сұрау салған едік. Ол да құрылғы жұмысы қаржы жоқтығынан жалғаспағанын баяндады.
– Компания инвестиция салып, 5 генераторды алып келді. Былтыр пилоттық жоба ретінде жұмыстарын бастаған. Нәтиже болды. Бірақ компания өкілдері уақыт тапшылығына байланысты қуаты төмен генераторды алып келген. Соның күші жетпей қалды. Әрі қарай жұмыс істеу үшін қаржы мәселесін шешу керек. Бәрі де қаржыға байланысты, – дейді Мәжіліс депутаты.
Біз Жаңбыршиннің бір сөзіне ерекше тоқталғымыз келеді. Айтуынша, компания қуаты аз генераторларды алып келген. Бұл жобаның аса бір нәтиже көрсетпегенін нұсқайтындай. Ал кәсіпкерлер тапқан табысын жасанды жаңбырға құрта бергісі келмейтіні анық. Қиыны сол, қаржы мәселесі таяуда шешіле қоймайды екен. «Егер қаржы мәселесі шешілсе, компания жұмыс істеуге дайын. Алайда бұл мәселе бірден шешіледі деп айта алмаймын», – деді депутат.
Clear Sky Manager климат технологиясы бес стационар қондырғыдан тұратынын айттық. Бесеуі 5 млн еуроға (2,4 млрд теңге) бағаланған. Оның 3,8 млн еуросын Central Asian Center of Climate Change Technologies компаниясы, 1,2 млн еуросын «Грант Қазақстан» корпоратив қоры қаржыландырды. Маңғыстау облысының әкімдігі тек бақылаушы орган ретінде отырды. Өңір бюджетінен қаржы бөлінбеген. Құптарлық іс, себебі әлі нәтижесіне толық көз жетпеген жобаға жыл сайын 2,4 млрд теңге жұмсап отыру расымен ақылға қонбайтындай. Сонша шығынданғанда, жаңбыр жауа қойса игі.
Жоба жетекшісі Алтай Айнабек былтыр жұмысты бастар алдында мәселе әкімдікпен арадағы келісім арқылы шешілмейтінін айтқан. Демек, шешім мемлекет билігі тарапынан болуы қажет. Себебі ауқымды мәселені тек бір өңірмен ғана емес, жалпы мемлекетпен ынтымақтасып, олардың қадағалауымен, қолдауымен іске асырған жөн екен. Шамасы, мемлекет қараспайынша, бұл жоба аяқсыз қалатын сияқты. Бірақ «жобаның тиімділігі қашан дәлелденеді?» деген сауал әзірге жауапсыз қалады.
Жоқ жерден жаңбыр жаудыру мүмкін емес
Жаңбырға қатысты технологиялар өткен ғасырдың 40-жылдарынан бері қолданылады. Қазір әлемде жауын-шашын мөлшерін көбейту технологиясы көп. Бірақ бұл технологиялар барлық мәселені шешеді деп сенуге болмайды екен. Себебі табиғи жауын-шашындар өте аз жауатын немесе мүлде жаумайтын аймақтарда жасанды жаңбыр жаудыру мүмкін емес. Бұны бізге «Қазгидромет» РМК-нің ғалым-маманы Нұрлан Абаев айтты.
– Бұлт шақыру арқылы жауын-шашын мөлшерін көбейтуге болады. Бірақ ол қалай жүзеге асады? Бұлтты, дымқыл ауа массасын жоқ жерден алмайды. Мысалы, Маңғыстауға жаңбыр жаудыру керек болса сол аймақтан жаңбыр бұлттары өтетін жерді тапқан абзал. Солар арқылы ғана жаңбырды арттыра аласыз. Бұлттарға дұрыс әсер еткен күннің өзінде жауын-шашын мөлшерін әрі кетсе 10-15 пайызға көбейтуге болады, – деді ғалым.
Абаев қазір әлемде жаңбыр бұлттарын қолдан жасайтын технология жоқ екенін айтып отыр. Көпшілік БАӘ мен Сауд Арабиясында жасанды жаңбыр көп жауып, су тасқыны болғанын айтып жатады. Ал ғалым «егер шөл далада жаңбыр жауса, онда осындай табиғи жағдай бұрыннан қалыптасқан. Таяу Шығыстағы нөсер сияқты сирек құбылыстар бұрын да болған. Болашақта қандай да бір эксперименттік жұмыстар жүргізбесе де, белгілі бір синоптикалық жағдай байқала береді», – дейді.
– Табиғи процестерді қолдан жасап, қолдан тоқтату мүмкін емес. Яғни, адам өте әлсіз. Біз табиғатпен бәсекелесе алмаймыз. Сәтті нәтижелердің өзі күмәнді болуы мүмкін. Кез келген эксперименттен күтетін пайда, оңтайлы әдістер, ықтимал салдары туралы сарапшылардың қорытындысы болуы тиіс, – деді Нұрлан Абаев.
ТҮЙІН:
Сонымен, жасанды жаңбыр жаудыру да аса сенімді технология емесін аңғардық. Ал тоқтап қалған жоба көктемде жалғаса қоймас, күмән басым. Өйткені миллиардтаған қаржыны тікелей мемлекет қарастырмаса, әкімдік немесе кәсіпкерлер құлықты болмайтыны сөзсіз.