Төрт жыл тегін оқыдым деп арқаны кеңге салып жүруге болмайды. Өйткені грантты жеңіп алған түлекке қойылар талап бар. Бір сөзбен айтқанда, грантпен оқығандардың барлығы оның қайтарымын кемінде 3 жыл еңбекпен өтеуі тиіс. Ал өтемеген жағдайда жас маман мемлекет бюджетіне оқуға жұмсалған ақшаны қайтарады. Қабылданған жаңа ереже басқа салада жұмыс істеймін деген жастардың еңбек ету құқығын бұзбай ма?
Үкімет студент кезінде білім-білігі жеткілікті көрінген грант иегерін оқу бітірген соң мемлекетке масыл етіп қоймайды. Қарызын жұмыспен өтемесе, алда оны қамсыз болашақ емес, қыруар айыппұл күтіп тұр. Жыл сайын бакалавриат, магистратура мен докторантурада 100 мыңға жуық ізденуші тегін оқып, маман атанады. Алайда кейбір маңызды салаларда әлі күнге маман тапшы. Өйткені көбі жай ғана грант үшін оқиды, ал бітірген соң оқыған мамандығымен жұмыс істемейді. Міне, сол себепті соңғы жылдары енгізілген өзгеріске сәйкес мемлекеттік тапсырыспен оқыған түлектер грантты 3 жыл жұмыс істеу арқылы өтеуге міндетті болды. Былтырғы деректерге сүйенсек, 10 мыңға тарта маман осы талапты орындамаған.
Грантты жұмыспен өтеуге не кедергі?
Негізі, келісімшарт бойынша университет өзінде білім алған түлектерге Жұмыспен қамту орталығы арқылы вакансиялар ұсынуы тиіс. Алайда диплом қорғағаннан кейін жоғары оқу орындардың көпшілігі жас маманнан анықтама сұраудан ары аспайды. Сол себепті жастар өз бетінше жұмыс іздейді. Ал мамандығымен жұмысқа орналаса қалайын десе, жұмыс берушілердің басым бөлігі оқуын жаңа бітірген маманнан еңбек өтілінің болуын талап етеді. Осылайша, жұмысқа тұрудан беті қайтқан біраз жас жалған анықтама жасатып немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыдым деп бірыңғай жинақтық төлем төлейді. Айта кету керек, педагогикалық және әскери салада оқитын студенттердің оқу орындарындағы білім алған, сол уақыт аралығында өндірістік практикадан өткен жылдары еңбек кітапшасында көрсетіледі. Былтырдан бастап дуальді жүйе бойынша білім алатын колледж студенттеріне осындай мүмкіндік берілді. Ендеше тиімді тәжірибені басқа мамандықтарға енгізсе, жұмысқа тұрудың жолы жеңілдер еді.
Мемлекетке 3 миллион теңге қарыз болған Ләззат Мақаш грантты жұмыспен өтеудің шарттарын жоғары оқу орны дұрыс түсіндірмейтінін айтты. Осылайша, диплом алғаннан кейін асықпай жүргендер сан соғып қалады. Егер мемлекеттің ақшасын қайтармаса, Ләззаттың ісі жеке сот орындаушылардың қолына өтіп, шоттары түгелімен бұғатталады екен.
– ЕҰУ-дың филология мамандығын 2017 жылы бітірдім. Университет 3-курста келісімшартқа қол қойғызған. Түсіндіру жұмыстары кезінде көрсетілген 3 жыл мерзімде мемлекеттік мекемеде жұмыс істеу тек ауыл квотасымен оқыған студенттерге деп айтылған. Жарты жылдан кейін «Қаржы» орталығынан қағаз келді, өйткені ісім сотқа өтіп кетіпті. 3 миллион теңге көлемінде мемлекетке қарыз болып шықтым, – дейді жас маман.
Демек, бірқатар проблема сол университеттердің өзінде болып тұрған секілді. Өйткені «Қаржы» орталығына жас мамандар «Жұмыс бойынша бөлу жөніндегі комиссиялардың отырыстарына қатыспадық, отырыстың өткізілу күні немесе комиссиялар қабылдаған шешім туралы хабардар болмадық, жолдаманы қолға алмадық» деп шағымданатын жағдайлар жиі кездескен. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, ең алдымен, ректорлар грантта оқыған студенттерге тиісті ақпаратты жеткілікті таратуы тиіс. Екіншіден, кейбір студенттер бұрын 3 жыл грантта оқып алып, соңғы курста грантын еңбекпен өтемеу үшін әдейі ақылы бөлімге ауысып алатын. Осылайша, міндетінен құтылып кететін. Енді бұлай болмайды. Түлек қанша жыл грантта оқыса, сол көлемге сәйкес жұмыспен өтейді. Үшіншіден, ЖОО жанындағы жұмысқа тұрғызу орталықтарының жұмысы көңіл көншітпейді. Олар әдетте түлектердің грантын жұмыспен өтейтінін соңғы курста айта бастайды. «Мұндай түсіндірме жұмыстары 1-2-курстардан, тіпті оқуға құжат қабылдайтын кезден бастап жүргізілуі тиіс. Содан соң ЖОО-ға түлектерден жұмыс істейтіні туралы анықтама алдыртудың қажеті жоқ. Оны біз өтірік-шыны аралас анықтамалардан емес, түлектердің зейнетақы қорына аударылатын қаржысынан-ақ біліп отырамыз», – дейді ведомство басшысы.
Жекеменшік мекемеге жол ашық
Бұған дейін тек педагогика, медицина, ауылшаруашылық, ветеринария мамандығымен грант негізінде және «ауыл квотасымен» оқығандар кемінде 3 жыл мемлекеттік мекемеде жұмыс істеуге міндеттелсе, былтырдан бастап бұл талап барлығына бірдей болды. Соған сәйкес, бұдан былай мемлекеттік тапсырыспен оқыған түлектер мемлекеттік қана емес, жекеменшік мекемелерде де жұмыс істеп, грантын өтей алады. Қаржы орталығы директорының орынбасары Алдияр Даутбаевтың айтуынша, заңда оқу бітіргеннен кейін студенттерге бизнеспен айналысуға рұқсат берілмеген. Ал жас маман жұмыс таба алмаған жағдайда тұрғылықты аймағы бойынша жұмыспен қамту орталығына есепке тұруы керек. Сонда ғана олар 3 жылдық жұмысын өтеушілер қатарына кіреді.
– Педагогика мен медицина мамандықтарына магистратураға түскен жастарға бітіргеннен кейін білім мен денсаулық сақтау мекемелерінде жұмыс істеу міндеттелген. Ал докторантураға түскен азаматтар оқуын аяқтағаннан кейін жоғары оқу орнында немесе ғылыми мекемелерде жұмыс істеуі керек. Бюджеттік шығынды әр оқу орнының берген анықтамасына қарай еркін түрде немесе сот шеңберінде өндіреміз. Олардың жұмысқа тұрмағанын зейнетақы қоры арқылы білеміз, – дейді Алдияр Даутбаев.
Қазір өз мамандығы бойынша жұмыс істеу талабы тек медицина, ветеринария, педагогика және ауыл шаруашылығы саласындағы мамандықтарға қойылады. Ал қалған мамандықтарда грантта оқып, бітірген түлектер меншік нысанына қарамастан мамандығына байланысты кез келген мекемеде табылған жұмыспен ресми тіркеліп, 3 жыл жұмыс істесе болғаны. Осы уақыт ішінде тұрақты жұмыс орнын көрсетсе, грантын жұмыспен өтеген болып саналады, сәйкесінше мемлекетке ақша қайтаруға міндетті болмайды.
Адам құқығы қайда қалды?
Қазір ауыл тұрмақ, қаланың өзінен мамандық бойынша жұмыс таба қою қиын. Әсіресе, мұнай-газ саласы, экономикалық бағыт пен құқықтану негіздері мамандықтарын оқыған жастарға жұмыс орны аз. Оқу орнын енді ғана тәмамдаған жас маман амалсыздан өзге салада қызмет етеді немесе жеке кәсіппен айналысады. Ендеше қабылданған ереже еліміздің Конституциясындағы адамның еңбек ету құқығына қайшы келіп тұрған жоқ па? Заңгер Ержан Болатбектің айтуынша, бұл мәселеде ақылға қонымсыз дүниелер көп. Жауапты орталық жылдық есепті қағаз жүзінде әдемі тапсыру үшін емес, жалпы мәселені кеңінен қарауы керек. Түлектердің мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүргенінен табылған жұмысты істегені экономикаға тиімді. Қаржы орталығының негізгі позициясы – ақшаны қандай жолмен болса да қайтару. Көп жағдайда орталық жұмыс істемедің деп декреттегі аналарды, қалада уақытша жұмыс істеп жүрген жастарды сотқа береді.
– Заңды бұрмалауды тоқтату қажет. Жас маман бірнеше ай жұмыссыз ретінде жүре алмайды. Күнін көру үшін ақша табуы керек. Бірақ мемлекеттік оператор – «Қаржы орталығы» АҚ олай ойламайды. Олардың логикасы бойынша егер жұмыс болмаса түлектер 3 жыл жұмыссыз жүріп, тек содан кейін ғана міндеттерін орындап шыққан болады. Бұл енді абсурдты дүние. Адамның базалық құқықтарын таптау, – дейді Ержан Болатбек.
Ең қызығы, бастапқы кезде соттар да осылай ойлаған. Қаржы орталығының талаптарын заңсыз деп, осыған ұқсас жағдайларда азаматтардың құқықтарын қорғаған. Ал соңғы екі жылда практика өзгерді. Соттардың пікірі екіге бөлінді. Көбісі азаматтар грантқа бөлінген ақшаны қайтаруы керек деген тұжырымға келген.
– Мекеменің ойынша, түлек бірден жұмысқа орналасуы тиіс. Ал бірнеше ай жұмыс іздеп жүріп қалса, айыпты атанады. Жалпы, заң қолдануы кезінде адалдық, парасаттылық пен әдiлеттiлiк талаптары сақталуы керек. Бірақ мәселеге қатысты заң нормалары және барлық өзгерістер осы қағидаларға қайшы өрескел бұрмаланып жатыр, – дейді Ержан Болатбек.
Шыны керек, жастар грантқа еріккеннен түспейді. Көпшілігі ата-анасының миллиондап ақша төлей алмайтынын біліп, ҰБТ-да үздік нәтиже көрсетуге тырысады. Кейін сол студент стипендияға өмір сүреді. Енді оқу орнын бітірген жас мамандығы бойынша жұмыс таппаса не істейді? М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU университеті басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджанның айтуынша, қазір техникалық мамандыққа гранттың саны өсіп жатыр. Бірақ ертең сол мамандарға жұмыс табыла ма? Бұған ешқандай ғылыми анализ жасалмаған. Сәйкесінше жас маманның жұмыссыз қалатыны айдан анық.
– Дипломды беріп алғаннан кейін студенттің қалтасынан ақша сұрау дұрыс емес. Өйткені мемлекет ақшаны студентке емес, университетке берді. Сондықтан жұмыс таба алмағаны үшін жас маман емес, жоғары оқу орны жауап беруі керек. Мұндай жағдайда жоғары оқу орны маманды 6 ай көлемінде қайта даярлауы немесе сол ақшаны мемлекетке өздері қайтаруы керек. Тағы бір мәселе, министрлік дипломды беріп, кейін тек ақшаны ғана қайтарып ала ма? Әлде дипломды қайтара ма? – дейді Ерболат Мұхамеджан.
Төрт жыл оқытып, маман ретінде дипломын берген соң жастардың мүмкіндігін шектеп, жағдайын ескерместен айыптау – ақылға қонымсыз. Жегенін желкесінен шығарумен пара-пар. Егер бұл мәселеге жүйелі түрде реформа жасалмаса, жастардың гранттан бас тарта бастайтыны анық. Тегін оқып, соттасып жүріп ақша төлегенше, ақшаға оқып қалаған жұмысты істеу тиімді емес пе?