Өскеменде 8 жастан 11 жасқа дейінгі үш оқушы шетелдік көліктерді өртеген. Кейбір деректер бойынша, көліктердің бірі балалардың мұғаліміне тиесілі болған, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Зардап шеккендердің бірі полицияға хабарласқаннан кейін бейнебақылау камерасы арқылы бұзақылардың жеке басы анықталған. Ер адам күндіз BMW-сын үй маңына қойып кеткен, кейінірек көршілері көлігі жанып жатқанын айтқан.
Полиция дәл осындай жағдайда бұрын тағы екі көлік бүлінгенін анықтаған. Олар - Lexus және Nissan Liberty көліктері. Балалар бұл да өздерінің ісі екенін мойындаған. Оқушылардың іс-әрекеттерінен айтарлықтай зиян келген.
"Полиция қызметкерлері бөлімшеге 8 жастан 11 жасқа дейінгі үш кәмелетке толмаған баланы жеткізді. Қазір бұл іс бойынша ҚК-нің 202-бабы 1-бөлігі "Бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру, өртеу, жарылыс жолымен немесе өзге де жалпы қауіпті тәсілмен жасалған елеулі залал келтірді" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", - деді ведомство өкілі.