Қазақстандағы елуден астам құс фабрикасы банкрот болып, жабылудың алдында тұр. Биылдан бастап жұмыртқа өндірісіне субсидия төлеу тоқтатылғаннан кейін құс фабрикалары тек шығынға жұмыс істеп жатқандарын айтады. Тіпті, қазірдің өзінде өндіріс көлемін азайтып, жұмысшыларды қысқартып жатқандары да бар екен, - деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жылына 130 миллион дана жұмыртқа шығаратын солтүстіктегі құс фабрикаларының бірі қазірден шығындарын санап жатыр. Сөздерінше, бұған дейін жұмыртқаның бір данасына 3 теңге субсидия алып келсе, былтыр ол екі есеге қысқарған. Биылдан бастап мүлде төленбейді. Енді шығынға жұмыс істеп жатырмыз деген олар, 150 мың бас құсты сойып сатып, өндіріс көлемін жиырма пайызға қысқартуға мәжбүр болған. Себебі, табысымыз тауыққа беретін жем-азықтан артылмай қалды дейді.
"Қазір жұмыртқаның өзіндік құнының 70 пайызы ғана жем алуға кетеді. Жемнің бағасы қымбат. Ал шығынды жабу үшін жұмысшыларды да қысқартуға тура келеді", – деді құс фабрикасының басшысы Александр Прядко.
Қазақстанның құс өсірушілер одағы бұл субсидиясыз өмір сүре алмайтын көптеген құс фабрикаларының банкрот болуына әкеледі дейді. Қазірдің өзінде 65 фабрика жабылудың алдында, яғни, ұсақ фермерлер кәсібін жауып, ірі фабрикаларға құстың санын азайтуға тура келеді. Кейін жұмыртқа тапшылығы туындап, алдағы бір-екі айдың ішінде бағасы аспандап кетеді деп болжайды құс өсірушілер одағының президенті.
"Содан кейін сырттан америкалық тауық етін тасиды. Олар 20-30 жыл қоймада тұрған соң бізге арзанға сатады. Жесең мақта сияқты. Ресей мен Беларусь бізге жұмыртқасын тасиды, өйткені арзан және олар субсидия алады", – деді ҚР Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов.
Ол кейбір құс фабрикалары былтырдан бері субсидияларын ала алмағанын айтады. Ал тұрғындар онсыз да қымбатшылық қысқан уақытта мемлекет бағаны реттеуді қолға алу керек дейді. Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидияны төлеу не төлемеу жөнінде нақты шешім шығарылмағанын, оны жаңадан құрылған жұмыс тобы шешетінін жеткізді. Яғни, субсидиялау жүйесі жетілдіріліп, оның орнына қаржылай көмек ретінде басқа төлемдер енгізілуі мүмкін дейді.
"Сондықтан жұмыртқаға қатысты субсидия ешқашан алынбайды. Оған субсидия болады. Бұл жерде мәселе республикалық немесе жергілікті бюджеттен төлеу болып тұр", – деді АШМ мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары Ерлан Ілиясов.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, ортақ шешім шілденің біріне дейін қабылданады.