Арманым – Қазақстанда биотехнология саласын өркендету
Арманым – Қазақстанда биотехнология саласын өркендету
692
оқылды
Еліміздің ғылым саласында 10 мыңға жуық әйел бар екен. Олардың 714-і ғылым докторы, 2 427-і – ғылым кандидаты, 992-сі – PhD док­торы, 28-і – бейіндік докторлар. Осыншама нәзік жандылар ғылым сала­сын­да тынымсыз еңбек етіп жүр. Жылдан-жыл­ға ғылымдағы әйелдер саны артып келе жа­­тыр. Бүгінде олар еліміздегі жалпы ға­лым­дар санының 54 пайызын құрайды. Заманауи ғалым әйелдер десе, есімізге ең әуелі QazVac вакцинасының авторы Күнсұлу Закарья түсетіні рас. Ғалам кеселі COVID-19 корона­вирус инфекциясына қарсы қазақ­стандық инактивтендірілген QazCovid-in (QazVac) вакцинасын және оны өндіру тех­нологиясын әзірлеп шығарған ғалым өзінің қажырлы еңбегімен еліміздің абыройын аспандатып тастаған болатын. Мерекеге орай, профес­сор ғалыммен әңгімелескен болатынбыз. – Күнсұлу Далтонқызы, әдетте 8 наурыз мерекесін қалай тойлатасыз? Сіз үшін бұл қандай күн? – Мен әдетте мерекені күтіп тойламаймын, оған уақыт та жоқ. Біздің институт алдында Президентіміз қойған үлкен міндет-мақсаттар тұр. Солардың ішінде ең маңыздысы – еліміздің қауіпсіздігі мен хал­қы­мыздың денсаулығы. Сол үшін институт қызметкерлері аянбай, уақытпен санаспай, еңбек етіп келеді. Ғы­лымда, тәжірибе жүргізу кезінде уақытты ұмытасың, ал егер еліміздің денсаулығы мен қауіпсіздігі басты негізде тұрғанда мереке мен демалысты да ұмытасың. Бүгінде Үкімет қаулысымен Ұлттық QazBioPharm хол­дингі құрылған, ол жерде күрделі міндет-мақсаттар қойылған. Соларды орындау қажет, ол үшін көп жұ­мыс істеп, ең­бек етуіміз керек. Осы жерде біздің инс­титуттың жұ­мысын ерекше атап кетуді жөн деп санай­мын. Ғы­лымда әрбір ғалым өз орнын табу үшін өте көп еңбек етуі керек. Кейде олар өзіне жұмсамайтын күш-жігерді ғы­лым жолында сарп қылады. Сондықтан да әйел ға­лымдар әр жұмысын, уақытын жоспарлап жүреді. Бұл тиянақтылық ғылымда да таптырмас кө­мекші. Әйел ғалымдардың жауапкершілігі де жоғары деп айтар едім. – Сізді көпшілік отандық QazVac вакцинасының әзірлеушісі ретінде таниды. Бұл процеске атсалыс­қан­дардың арасында нәзік жанды ғалымдар да аз емес шығар. Отандық ғылымдағы әйел адамның әлеуетін қалай бағалайсыз? – Әрине, біздің әр жетістігіміз ол – бүкіл ұжымның еңбегі. Бұл жерде бөліп-жару дұрыс емес. QazVac вак­цинасының әзірлеу процесіне институтымыздың бар­­лық қызметкері үлес қосты. Егер оның ішінде ген­­дерлік тұрғыдан қарайтын болсақ, 30 пайызы ғалым әйелдер. Айта кетсек, профессор Куляйсан Сұл­тан­құлова, PhD Айнұр Нұрпейісова, медицина ғылым­дарының кандидаты Нурика Асанжанова,  профессор Ольга Червякова және тағы басқалары. Бұл ғалым­дармен қатар ерекше жас мамандарымыздың еңбегін ескерген дұрыс, сол алдыңғы, елімізге белгілі ғалым­дарға қарап жастарымыз бой түзеп, ғылымды жан-жақты игеріп келеді. Біздің институтта қыздар мен жігіттерге бірдей мүмкіндік беріледі. Аталған жас ға­лымдарды бағалайтын болсам, батыл, алғыр, келе­шек­те ғылымның дамуына, еліміздің өркендеуіне үлкен үлес қосатын азаматтар болады деген сенімдемін. – Әйел ретінде, ғалым ретінде қандай арманы­ңыз бар? – Бүгінде биология ғылымы күн сайын дерлік әлемде серпінді, жаңа ашылулар мен әзірлемелермен дамып келеді. Биотехнология мен биофармация ғылымы – орасан зор табыс әкелетін, әлемнің көп­теген жетекші елінің экономикасының қарқынды дамып келе жатқан саласы. Бұл елдерді қуып жету өте қиын. Менің арманым – Отанымыздың биотехноло­гиялық саласының қалыптасуына және құрылысына қатысу, Қазақстанда биотехнология саласын өркендету. Қаншалықты артта қалсақ та, бар күшімізді салып, алға ұмтылуымыз керек. Бір орында тұрып, уақытты жіберіп алуға құқығымыз жоқ. Ал мемлекеттік органдар биотехнолог ғалымдардың жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасауы қажет. – Сіздің ғылыммен айналысуыңызға кім немесе не әсер етті? – Бұл шешімге ешкім де, ештеңе де әдейі әсер еткен жоқ. Менің анам жарты ғасырға жуық химия және биология пәнінің мұғалімі болды. Химия ка­бинетінің жанында реактивтер, ыдыс-аяқтар, құрал-жабдықтар сақталатын лаборант бөлмесі болды. Онда кез келген білімқұмар балалар сияқты ағам екеуміз жиі тәжірибе өткізетінбіз. Осы талабымызды аңғарған ата-анам нақты реагенттер және тәжірибелерді сипаттайтын кітабы бар «Жас химик» жинағын сатып алып берді, Кеңес уақытында мұндай жинақтар дү­кендерде сатылатын. Бұл – менің бала кезімнен қы­зығушылық танытқан ісім, әуелі пәндік олимпиа­даларға, кейін ғылыми жобаларға өткен хоббиім болды. Бұл жолдың басы болса керек. – Қазақстандағы әйелдер қауымына жолдар мерекелік тілегіңіз? – Әйелдер – біздің қоғамның негізгі тірегі, бүгінде әйелдер кез келген салада жауапты орындарда еңбек етіп келеді. Таяуда біздің партияның съезі өтті. «Nur Otan» атауы «AMANAT» болып ауысты.  Президент жаңа бағыт-бағдар мен міндеттер қойды, еліміздегі іс-ша­раларға белсенді атсалысу қажеттілігі айтылды. Бү­гінде сөзден іске кірісер кез келді. Үкімет пен Пар­ла­мент, партия елге жақын болып, елдің қажеттілігін естіп, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту мақсатында бірігіп жұмыс атқаруымыз керек. Әйел-ана – қашанда береке бастауы, отбасы ынтымақтастығы мен тұрақтылықтың кепілі бола бермек. Көктемнің алғашқы мерекесі қуаныш және көтеріңкі көңіл күй сыйласын. Барша әйелге мықты денсаулық, бақыт және жақсылық тілеймін! Әр­қай­сысыңыздың жүрегіңізден ертеңгі күнге деген сенім мәңгілік айнымасын! – Әңгімеңізге рақмет!