Мың бұралып билеген Шара
Би өнерінде жұлдыздай жарқыраған Шара Жиенқұлованың есімі тарихта өшпестей таңбаланып қалды. Ол 1912 жылдың 18 тамызында Алматы қаласында дүниеге келді. Азан шақырып қойған аты – Гүлшара. Ол Баймолда Жиенқұловтың он төртінші перзенті еді. Орыс мектебінде оқып, сонда жүріп би билеп, осы бір бекзат өнердің қыр-сырын меңгере бастаған. Үлкен сахнаға алғаш шыққанында жасы 13-те болыпты. «Менің алғаш рет ортаға шығып билегенім тұманмен тең. Мен биімде бірде ат жарысқан, бірде домбыра шерткен адамдарды немесе кілем өрнегін бейнелеп, қозғалдым. Жан-жақтан мақтау сөз төгіліп жатты, бірақ мен қолыммен көзімді жауып, жазық далаға жүгіріп кеттім» деп жазылған биші естеліктерінде. Қыздарының биге әуестігін ата-анасы байқағанымен, кейін сахнаға шыққанын құп көрмеген секілді. Жай ғана әуестік деп ойлаған болса керек. Кейін 1928 жылы актер, режиссер Құрманбек Жандарбековке тұрмысқа шыққан соң ғана Шара үлкен өнердің есігін аттады. Өзі де естеліктерінде: «1928 жылы менің кәсіби бишілік жолымның басталған жылы десем орынды болар. Құрылғанына екі жыл болған Қазақ драма театры өнерінің тұңғыш қарлығаштары – Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серәлі Қожамқұлов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков, Жұмат Шанин және тағы басқалары спектакль қойып, озық өнерлеріне жұртшылықты тәнті етті. Қызылордадан астанаға көшіп келеді екен, театр осында қалады екен деген жақсы хабарлар да жүректі қуантып, көңілді өсірді» деп жазады. Жиенқұлованың өнер жолы М. Әуезов атындағы академиялық драма театр сахнасынан басталды.Тұңғыш рөлі – Бейімбет Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Пүліш образы. Кей деректер оның «Шұға» спектаклінде алғаш рет ойнағанын жазады. Кейін Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен «Қарагөзінде» де басты рөлді сомдады. Көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің: «Сахна өнерінде жарқырап көрінген қос жұлдыз: ән, музыка өнерінде – Күләш, би өнерінде – Шара. Биде туысқан өзбек халқының мақтанышы – Тамара! Біздің мақтанышымыз – Шара! Әйгілі талант, ғажайып дарын иесі Күләш музыка әлемінің сиқырлы қуат-күшін асқақтата паш етті. Оның өзі нағыз чудо болатын. Осы үлгі, жан тебіренте, терең сезімге бөлейтін келісті өрнек Шараның бойынан айқын танылды. Сахнаның еркесі де, сәні де Шара! Оның сезім сергітетін шыншыл өнері мен қайталанбас ізтаңбасы мейлінше жарқырап көрінді. Бұл – талант иесінің туған халқының қалтқысыз қызмет етуінің тамаша үлгісі» деп жазғаны бар. Шара – би өнерінің жарық жұлдызы. Оның өнерін бүкіл ТМД жұрты да ерекше бағалады. Оның бір мысалын 1936 жылы Мәскеуде өткен онкүндіктен байқауға болады. «Қыз Жібек» операсы шымылдықты ашты. Ол жерде Жиенқұлова жеке дара билеген. Ол Үлкен театрдағы қорытынды концертте атақты Тәттімбеттің күйлерін жеке хореографиялық интерпретациялаумен өнер көрсетті. Осылайша, Шара мәскеулік көрерменнің де сүйікті әртісіне айналды. Ресейлік газеттер бірінен кейін бірі биші қыз туралы мақалаларын жарыса жазып жатты.Арал тағдырына араша болған Роза
Биыл – Роза Бағланованың туғанына 100 жыл. Ән өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан әншінің мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде тойлана бастады. Әнші 1922 жылдың 1 қаңтарында Қызылорда облысы Қазалы қаласында дүниеге келген. Роза Бағланованың әкесі Тәжібай бақуатты кісі болған. Бірінші әйелі Мәриям татар қызы болыпты. Күндей шешесі ер адамға ізін жалғайтын ұрпақ керек деп, екінші рет Ақкүріш деген қазақ қызын алып береді. Екі әйелі қатар босанып, Мәриямнан Ыдырыс деген ұл, Ақкүріш анамыздан Роза туады. Аумалы-төкпелі кезеңде Тәжібай отбасы Ташкентке қоныс аударыпты. Кейін тетелес бауыры соғысқа кетіп, хабарсыз қалған. Мектеп бітірген соң 1939 жылы Роза Қызылорда педагогика институтына оқуға түседі. Бірақ сол жылы кенеттен әкесі қайтыс болып, туыстарды жағалап кетеді. Сосын амалсыз Ташкент тоқыма институтына ауысады. Оның бойжеткен шағы аштық пен аласапыран жылдарға тап келді. «Үйдің тіршілігін жасай жүріп, ән салатын әдетім бар еді. Әлі есімде, есіктің алдын сыпырып жүріп әндеткен қыздың дауысын естіп, өзбек филармониясының директоры «Ән айтқан кім?» деп іздеп келді. Менің әншілік өмір жолымды, бағымды ашқан сол Кари Якупов әка еді. Содан Кари әканың көмегімен Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші болдым. Одан соң 1941 жылы Мәскеу консерваториясына жолдама алғанымда соғыс басталып кетті» деген екен естеліктерінде әнші. 1941 жылдан Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші-солистік қызмет атқарды. 1949 жылы ғана елге оралады. Күміс көмей әншінің киім үлгісі де ерекше болды. Өзі де естеліктерінде: «Қайда жүрсем де, қазақтың әнін ғана емес, қазақ қыздары киген ұлттық киімі мен салт-дәстүрін де өзіммен бірге өмір бойы серік еттім. Кезекті бір сапарымда Ұлыбритания еліндегі әйел басшының бірі «Қазақ әйелдерінің киген киміне қарап-ақ олардың қандай халық болғанын тануға болады. Бұл киім байлық пен талғамды аңғартады» дегені бар. Сол жолы «Киіміне қарай қарсы алып, ақылына қарай шығарып салады» деген сөздің мағынасына көзім жетті. Сапарларда қасымда орыстың әнші қыздарынан гөрі маған айрықша ықылас танытты. Өзге елдің сахнасына шыққанда Сырдың ерте көктемдегі қызғалдағын теріп жүргендей шаттанатынмын. Киімдерді Орталық комитеттің тапсырмасымен арнаулы шеберлер тігетін. Бірақ түсін, үлгісін өзім таңдадым» деп айтады. Роза Бағланова ел өнеріне сіңірген орасан зор еңбегі үшін 1955 жылы «Қазақстанның Халық әртісі» атағына ие болса, 1967 жылы «КСРО Халық әртісі» атанған. ХХ ғасырдың 80-90 жылдары қоғамдық белсенділігімен де айрықша көзге түсті. Арал теңізі тартыла бастаған шақта шырылдап, Аралға араша сұрағандардың алдыңғы сапында жүрді. Бірнеше рет Арал өңіріне келіп, экологиялық апатқа душар болған халықтың алдына келіп, жабырқаған жұртты жұбатты.Ұлыбританияда өтетін жыл сайынғы «Әлемнің әйгілі әйелдері» атағын алған мега-жұлдыз Роза Бағланованың есімін елі ұмытпақ емес. Суретші Гүлфайрус Ысмайылова шын есімі – Күлпәш Таңсықбайқызы Қоңарбаева. Ол 1923 жылы 15 желтоқсанда Алматыда туған. Қазақ кескіндемешісі, театр және кино суретшісі. Гүлфайрусты кішкентай кезінен Мәнсүр Ысмайылов асырап алған, он оның бес қызының үлкені болды. 1949 жылы Алматы көркемсурет училищесін бітіріп, кейін Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербор) Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтына оқуға түсіп, оны 1956 жылы бітіріп шығады. 1970 жылдардың басында Гүлфайрусқа Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының бас суретшісі міндеті жүктелді. Ол «Ер Тарғын», «Чио-Чио-Сан», «Аида» операларының, «Қыз Жібек» және тағы басқа кинотуындылардың декорациясы мен костюмдарына эскиздер әзірлеген. Г.Ысмайылованың портреттік және көркем сурет туындыларының саны 100-ден асып жығылады. Ысмайылованың кино саласында да қолтаңбасы қалды. Ол «Алитет уходит в горы» туындысында Тыгренаның, «Ботагөз» фильміндегі бас кейіпкердің, «Қыз Жібектегі» Тананың бейнесін сомдауға атсалысты. Оның атақты «Қазақ вальсі» картинасы биші Шара Жиенқұловаға арналған. Бұл картинаны триптих деп атауға болады. Ол Шара Жиенқұлова, Күләш Байсейітова, Шолпан Жандарбекова сияқты ұлы аналардың образын көркемдеді.Ана аманатын арқалаған актриса
Әке мен шешеден ерте айырылып, зұлматты жылдардың тауқыметін тартса да, тағдыр оны талай күресінге лақтырса да, мойыған жоқ. Азапты күндерден аман шықты. Ана аманатын арқалап, табандылығының, жігерлігінің арқасында бойжетті. Өнер жолында өзінің қайсарлығымен, табиғи дарынымен аға-апаларының көзіне түсті. Көрермен де дарынды қыздың талантын тани білді. Сәбира Майқанова театр сахнасында жасындай жарқырады. Табиғатынан талантты қыздың өмірі қазақ театр өнерімен бірге өрілді. Ұлы актрисаның әрбір рөлі баға жетпес құнды кейіпкерлер еді. Театр өнері Сәбира Майқанова сияқты алыптармен толықса, Сәбира Майқанова театр атты киелі өнердің көшін биікке сүйреді. Театр мен Сәбира Майқанова егіз ұғымға айналды. Қазір ұлы актриса ойнаған рөлдердің бәрі театр атты тарихтың алтын қорында қалды. Қиын да күрделі, зұлматты жылдардың азабы туралы көрген-білгендерін, өмірі туралы, өнері туралы жазылған қолжазбасын белгілі театр сыншысы, марқұм Әшірбек Сығайға аманаттап қалдырды. Өткен күндері туралы актриса өзінің қолжазбасында: «Шынымды айтсам, қиындықты көп көрген адамға бәрібір екен. Тасымаймын да, төгілмеймен де. Қалтамызға бір сом түссе, шұбырып театрға барамыз. Есік аузындағы әбден көзтаныс болып алған Будникова деген әйел еш бұлданбай-ақ ішке кіргізеді де жібереді. Келе-келе театрсыз тұра алмайтын болдым. Маған қатты ұнайтыны – дос қыздарымның «сен әртіс болуға лайықтысың» деп көтермелейтіні. Карл Маркс көшесіндегі қазақ театрының әнші-артистері шеттерінен сұлу көрінер еді. Бұрындары театрдың не екенін білмей өскен маған өлшемі жоқ ғажап өмір басталып кеткендей. Ойын басталғалы жатыр. Бір соммен театрға кірген он шақты адам ең артқы орындықтардың бірінде отырмыз. Соған да дән ризамыз. Залда халық лық толы. Бір кезде сахнаға жасындай жарқылдаған сұлу жігіт жайраңдап шыға келді. «Құрекең, Құрманбек» деп жатты сыбырласып, бірлі-жарым оны білетіндер. Шынында да, концерттің жүргізушісі Құрманбек Жандарбеков болып шықты. Сырбаз да сері Қаллеки Қуанышбаев шықты. Үстіне киген үлкен жолақты әдемі де сәнді костюмі қандай! Сол кездері Қаллеки отыздың ар жақ, бер жағында. Тақпақты төпелетті-ау бір. Күләш шықты бетінен нұры төгіле, тоты құстай таранып…Тақпақтатып Серке аға шықты сахнаға. Елағаң да керемет әнші кісі екен. Камалдың жарқылдаған жас кезі, өлеңді кемеліне келтіре айтады. Жас Сейфолла – ол да қалысар емес ешкімнен. Бір кезде өзбекше шапан киіп, басындағы тақиясын ойнатып Құрекең кетті дөңгелеп. Атлас көйлегі жер сызған Шара сұлу қандай әдемі. Екеуінің жарасымын айтсаңшы. Жер тепкілеп, у-шу болып қол соғып жатқан ел-жұртта ес жоқ. Мынадай сұлу жұп көрсем, не қыл дерсіз? Халық қошеметінде шек жоқ» деп жазады. Осылайша, актриса ынтызарлығы ауып, театрдан шықпайтын болды. Аңсары қатты ауған шақта еріксіз келіп театр басшысының есігін қағады. Бұл 1932 жылдың ақпан айы болатын. Театр директоры өте сыпайы, кісіге қарағанда көзінің қиығын ғана тастайтын, аузынан насыбайы кетпейтін түсі жылы өте жақсы адам екен. Басы артық көп ештеңе сұрамай, кәдімгідей үлкен адаммен сөйлескендей аса салиқалы мінез көрсетеді. Соңында ол кісі Серке Қожамқұловты шақырып, Сәбираны оған мұқият тапсырып, оның тексеріп көруін өтінеді. Қожамқұлов оған этюд жасатады. Өлең айтқызады. «Қараторғайды» ортасынан бастайтын әдетінен жаңылмай, айтып шығады. Сөйтіп, театрға қабылданады. 120 сом айлық белгілеп береді. «Мен келгенде 8 наурыз мейрамы да тойланып жатты. «Қандай бақыттымын!» деймін іштей шаттанып. Бақыт құшағына күмп ете түстім. Кешкілік көпшілік сахналарына қатысамыз. Екі езуім екі құлағымда. Баяғы сүреңсіз күндерімнен алыстай түскеніме ессіз қуанамын. Жаратқан қашанғы қинасын?» деп жазды кейін естеліктерінде. Сәбира Майқанова кешкен ауыр да азапты ғұмыр қанша қиын болғанымен, актрисаның артында елі ұмытпайтын із қалды. Ол із кешеден бүгінге жалғаса бермек.P.S.
Біз бүгін мереке қарсаңында Шара Жиенқұлова, Гүлфайрус Ысмайылова, Роза Бағланова, Сәбира Майқанова туралы сөз қозғадық. Барша қазақ өнерінің биік өлшемі – Күләш Байсейітова. Би өнерінің бастауы – Шара Жиенқұлова. Сурет өнерінің шыңы Гүлфайрус Ысмайылова, қазақ театр өнері десе, көш басында Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Сәбира Майқанова сияқты аналарымыз тұр.
Айым БЕКТҰР