Қызылордада адам өлтіруге оқталған күдікті жедел іздестіру шаралары нәтижесінде ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының "102" пультіне облыс орталығында орналасқан демалыс орындарының бірінде ер адам пышақпен әйелге шабуыл жасағаны туралы хабарлама келіп түсті.
"Оқиға орнына барған полицейлер қала тұрғындары арасында жанжал туындап, салдарынан облыс орталығының тұрғыны ауыр дене жарақатын алғанын анықтады. Жәбірленуші аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды", - деді ведомствоның баспасөз қызметі.
https://www.youtube.com/watch?time_continue=37&v=-mKoS-SiIFU&feature=emb_title
Шабуыл дерегі мекеме аумағында орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Жедел іздестіру шараларын жүргізген полицейлер күдіктіні дер кезінде ұстады. Ол Қызылорда қалалық ІІБ уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 1-бөлігі ("Кісі өлтіруге оқталу, яғни басқа адамды заңсыз қасақана өлтіруге оқталу") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп қосты полиция.