Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев еліміздің тұрғын үй саясатын жетілдіру аясында «Отбасы Банкі» мәртебесі өзгеретінін мәлімдеді, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Отбасы Банкі» заң жобасы аясында ұлттық даму институты болып қайта құрылады, оның негізгі міндеті республика бойынша азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша тұрғын үй қатынастарын дамыту болады. Осыған байланысты, «Отбасы банкін» екінші деңгейдегі банктер жүйесінен шығару және оған тұрғын үйді есепке алуды, қоюды және бөлуді орталықтандырып жүзеге асыратын ұлттық даму институты мәртебесін беру көзделіп отыр», – дейді Е. Дауылбаев.
Енді заң аясында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Отбасы Банкін» қадағаламайды. «Отбасы банкі» депозиттерді қабылдау, заңды және жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашу және жүргізу, кассалық операциялар, банктік қарыз операциялары, салымшыларға тұрғын үй аралық және алдын ала тұрғын үй қарыздарын беру сияқты операцияларды жүзеге асырады.