Әкім бол, халқыңа жақын бол!
Әкім бол, халқыңа жақын бол!
535
оқылды
Мемлекет басшысының Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығы осыған саяды. Президент пәрменімен алдағы барлық деңгейдегі әкімдер халықпен жүйелі байланысты жолға қоймақ. Осылайша, әкімқаралар тұрғындардың әрбір уәжіне құлақ түріп, жергілікті жердегі мәселеге тереңнен үңілуге ниетті. Бір сөзбен айтқанда, қоғамда қызу талқыланып жатқан құжат әкімдіктердің қызметіндегі көп өзгеріске жол ашқалы тұр.

Кездесулердің форматы өзгереді

Жаңа Жарлыққа сай облыс және республикалық маңызға ие қалалардың әкімдері әр 6 ай са­йын халыққа атқарылған жұмыс­тың есебін беріп, тұрғындарды толғандырған мәселелермен жа­қын танысуға міндетті. Әрі мұн­дай жиындар көшпелі форматқа ие болып, өңірдегі барлық аудан­дар мен қалаларды қамтуы керек. Алып шаһардың әкімдері де аудан тұрғындарымен тоқсанына бір рет дидарласады. Одан бөлек, халық талап етсе, әкімдер күнтізбеден тыс кездесу­лер де ұйымдастырылады. Техни­калық мүмкіндікке сай мұндай басқосуларды онлайн режимде де өткізуге болады. Демек, өңір бас­шысының қабылдауында болу үшін айлап кезек күтудің қажеті жоқ. Ал халықпен кездесулердің жаңашылдық ретінде әкімдіктер­дің нақты мәселелерге ден қоюын айтуға болады. Яғни, әкімдер бұ­рынғыдай ұзын сонар баяндама оқып, жұртты мезі етпейді. Тек өңірдің әлеуметтік-экономи­ка­лық көрсеткіштеріне азғана уақыт шолу жасап өтеді. Мәселен, 2 сағатқа жоспарланған кездесудің 30 минуты ғана әкімнің баян­да­ма­­сына арналуы керек. Қалған уақытта тұрғындар өңір басшы­сына көкейде жүрген сауалдарын жолдап, нақты жауап алады. Жергілікті жердегі өзекті мәсе­лелермен кездесуге дейін арна­йы комиссия танысып шығады. Кейін бұл мәселелерді шешудің алгоритмі жасалып, ол БАҚ, әлеу­меттік желі арқылы халыққа та­ныстырылады. Халықпен кездесуден кейін әкімдер жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының бас­шыларымен, мәслихат депутат­та­рымен бірігіп, азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдайды. Айтпақшы, Жарлықта әкімнің халықпен кездесуіне қатысушы­лардың аудиториясына байла­ныс­ты да нақты нұсқау бар. Ал­дағы уақытта есепті басқосуларда залды бұрынғыдай басшының әр сөзіне бас шұлғып отыратын мем­лекеттік және бюджеттік мекеме­лердің қызметкерлері ғана тол­тырмайды. Аудиторияның негізгі бөлігін мәслихат депутаттары, партиялар, қоғамдық ұйымдар мен оппозиция өкілдері құрайды. Осылайша, әкімдер халыққа бір табан жақын болып, жергілікті тұрғындарға 6 айда бір «емтихан» тапсырып тұрмақ. Ал бұл тәжі­рибенің билік пен бұқара ара­сында берік байланыс орнатудағы тиімділігін уақыт көрсетер. Де­генмен соңғы оқиғалар жергілікті әкімдік пен халық арасында диа­лог алаңының жоқтығын аң­ғарт­ты. Демек, әкімдердің халыққа жа­қын болуының берері мол бол­ғалы тұр. Шынында, бізде 2005 жылдан бері облыс және республикалық ма­ңызға ие қала әкімдерінің ха­лыққа есеп беру кездесулері өткі­зіліп келеді. Әйтсе де, жылына 1 рет ұйымдастырылатын бұл жиынның алдын ала дайында­латын «сценариймен» өтетіні де көпшілікке мәлім. Жиынға «сүз­гіден» өткен сұрақтарды қоя­тын­дардың қатысатыны да жиі сын тезіне алынатын. 2013 жылы енгізілген өзгеріске байланысты ауыл әкімінің есебіне аудан әкімі, аудан әкімінің есебіне облыс әкімі қатысатын болды. Ал облыс әкі­мінің халықпен жүздесуіне ми­нистрлердің бірі қатысады. Әйтсе де, олардың тарапынан да әкімнің жұмысына қатысты уәжді сын-ескертпелер жиі айтылмайтын.

Шенеуніктер «шеңберден» шығады

Оған қоса, әкімдердің азамат­тарды жеке сұрақтармен қабыл­даулары да әлгі «шеңберден» әрі аса алмай жүрді. Әкімнің қабыл­дауына келетіндер мен олар кө­теретін мәселелерді әуелі әкімдік қызметкерлері іріктейді. Содан кейін ғана әлгі тұрғын әкіммен бетпе-бет кездесу бақытына ие болады. Осынау көзбояушылық салдарынан көптеген мәселе өңір басшысына жетпей жатады. Қол­дан жасалған кедергілерден әкім­қаралар жергілікті тұрғындар үшін қол жетпес тұлғаға айналды. Қысқасы, «Әкімді жылына бір рет көреміз» дейтіндер әуелі оның ке­йіннен тұтас биліктің жұмы­сы­на сын көзбен қарай бастайды. [caption id="attachment_187443" align="alignleft" width="1200"]ауыл әкім © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Өткен айда Президент жа­нын­дағы Қазақстанның страте­гия­лық зерттеулер институты жүр­гізген сауалнаманың нәтижесі сөзімізге дәлел бола алады. Ха­лықтың саяси институттарға се­німін зерделейтін сауалнамаға қатысқан 6 800 респонденттің 39,7 пайызы облыс және республика­лық маңызға ие қала әкімдеріне сенбейтінін айтқан. Аудан, ауыл әкімдерінің қызметіне көңілі то­латындардың да қарасы анау ай­тарлықтай қалың емес. Әлеуметтік сауалнамаға қатысқандардың әрбір үшіншісі елді мекендердің тізгінін ұстаған басшыларға се­німсіздік танытқан екен. Осыдан кейін-ақ қоғам мен билік арасындағы қарым-қаты­насты нығайтуды мақсат еткен елде әкімнің халықпен жылына бір рет қана жүздесуінің тиімділігі тым төмен екенін аңғару қиын емес. Әрі жалғыз кездесудің өзі жыл сайын бір сарында өтетінін ескерсек, оның нәтижесі тура­сын­да сөз қозғаудың өзі артық. Ұлт­тық экономика министрінің орынбасары Бауыржан Омарбе­ков бұған дейін әкімдердің есептік кездесулеріне қатысушыларға бейресми шектеу болғанын жа­сырмады. Президент пәрменімен бұл мәселені алдағы уақытта жер­гілікті атқарушы органдар мен салалық ведомство басшылары бірлесіп шешеді. – Есептік кездесулерде алдын ала дайындалған адамдардың әкімдерге сұрақ қоюына ешқан­дай да жол беруге болмайды. Аудиторияны әкімдікке жақын, әкімдіктің сөзін сөйлейтін адам­дар емес, «келемін», «қатысамын» деген белсенді адамдардың құра­ғаны жөн. Кездесулерге келіп қа­тысуға ниетті адамдарға ешкім шектеу қоя алмайды, – дейді ви­це-министр. Президент Жарлығын орын­дауға жауапты министрлік өкі­лі­нің айтуынша, бұл бастама әкім­дерді халыққа қолжетімді етеді. Әсіресе, облыс, аудан орталығы­нан шалғай ауылдың тұрғындары әкімдермен жүзбе-жүз кездесіп, көкейде жүрген көп мәселені айту мүмкіндігіне ие болмақ. – Жасыратыны жоқ, көпшілік арасында әкімдердің қолжетім­ділігіне қатысты көп сын ай­тыл­ды. «Әкімді көрмейміз, кездесе алмаймыз. Есептік кездесуде бол­маса, басқа уақыт қабылда­уына кіру мүмкін емес» деп айтып жатады. Президент Жарлығының тағы бір тиімді тұсы әкіммен жүз­десіп, қалауын айтқысы келе­тіндердің уақытын да, қаражатын да үнемдеу деп айтуға болады. Еліміздегі кейбір облыс орта­лығы мен елді мекендердің ара­сындағы қашықтық 500-600 ша­қырымға дейін созылады. Ал об­лыс әкімдері елді мекенге өз ая­ғы­мен келіп тұрған соң тұр­ғын­дар­­дың уақыты да, қаражаты үнем­­деледі, – дейді вице-министр. Шынында, әкімдердің өзі басшылық ететін өңірдің түкпір-түкпірін аралап, табан тоздыруы көп шаруаның тігісін жатқызуға мұрындық болғалы тұр. Мұндай сапарлар, кездесулер тұрғын­дар­дың шынайы әлеуметтік жағ­да­йымен танысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әкімнің әр елді мекендегі мәселелермен танысу, оны шешудің жолын қарастыруда қарапайым халықтың пікіріне құлақ түру тәжірибесі де сөзсіз өзін-өзі ақтайды. Саясаттанушы Қазбек Май­гелдинов әкімдердің халықпен кездесуі билік пен бұқара ара­сын­дағы кері байланыстың маңызды бағыты екенін айтады. – Әкімдердің халықпен кез­десуін кері байланыстың маңызды бағыты деуге болады. Жаңа өзге­рістерге сәйкес, әкімдер кездесу аяқталғаннан кейін азаматтарды жеке қабылдайды. Содан кейін мәселелер жүйеленіп, оларды қаржыландыру мәслихат сессия­сында қарастырылады. Осы­лай­ша, Қазақстанның барлық елді мекенінде тиісті өңірлердің бас­шылық құрамымен кездесулер өтеді, – дейді саясаттанушы. Бұдан бөлек, саясаттану­шы­ның пікірінше, халықпен кері бай­ланысқа дайын әкімге мәсе­лені жеткізуде азаматтардың бел­сенділігі маңызды.
Бастысы, Президент пәрмен беріп, халықтың мәселесін зерде­леудің, оны іске асырудың жолы көрсетілді. Ендігі кезекте әкім­дік­тер ескі сүрлеуге түспей, Мемлекет басшысы ұсынған бағытты басты бағдар ете алса болғаны. Осы орай­да қарапайым халық та Пре­зидент пәрмен берген тапсыр­ма­ның тия­нақты орындалуына азаматтық бақылау жүргізуді ұмыт қалдыр­мағаны жөн.