Ұлттық банк алдағы уақытта рубльге қатысты теңге бағамы бұрынғыдай болмайтынын айтты
Ұлттық банк алдағы уақытта рубльге қатысты теңге бағамы бұрынғыдай болмайтынын айтты
© ult.kz
233
оқылды
Ақпан айында Еуропадағы геосаяси жағдайдың шиеленісуі әлемдегі қаржы нарықтарының басты назарында болды. Күтпеген сыртқы өзгерістерге байланысты Ұлттық Банктің қандай әрекетке барғаны туралы Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Ә.М. Молдабекова түсініктеме берді.
«Ақпан айында геосаяси аренадағы жағдайдың ушығуы нарықтың басты қозғаушы күші болғаны сөзсіз. Ресейге қатысты бұрын-соңды қолданылмаған санкциялар, атап айтқанда, кейбір қаржы ұйымдары SWIFT-тен ажыратылып, орталық банктің активтері тоқтаған тұста рубль рекордтық деңгейде құлдырады. Негізгі мөлшерлемені 20%-ға дейін көтеру және экспорттаушылардың валюталық түсімнің 80%-на дейін міндетті сатуын енгізу жөніндегі РФ Орталық банкінің шұғыл шараларына қарамастан, Ресей валютасы жоғары құбылмалық аймағында қалып, тарихи ең төменгі көрсеткіштерді көрсетуде», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.
Дегенмен, биржалық бағам дәстүрлі түрде сенімді бағдар болып саналады, өйткені қазіргі жағдайда оффшорлық сауда-саттық, көбінесе, инвесторлар арасында туындаған дүрбелеңді көрсетеді.
«Сондай-ақ наурыз айының басында ірі халықаралық рейтингтік агенттіктер Ресей Федерациясының шетел валютасындағы ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін «алыпсатарлық санаттың» төменгі шекарасына дейін төмендетті. Fitch рейтингтік агенттігі дефолттық жай-күйден бір сатыға ғана жоғары «С» деңгейіне дейін 6 сатыға төмен түсірді. Сарапшылардың пікірінше, санкциялар Ресей Федерациясының қолжетімді валюталық резервтерін қысқартты, ал капиталды бақылау шаралары елдің шетелдік кредиторлары алдындағы міндеттемелерінің орындалуын шектеуі мүмкін. Геосаяси жағдай шиеленіскесін инвесторлар түрлі тәуекелдерден алшақтап, соның салдарынан өз қалпында өсіп келе жатқан алтыннан басқа да шикізат тауарлары қымбатшылыққа ұрынды. Мәселен, АҚШ әкімшілігі Ресей мұнайын импорттауға тыйым салуды қарастырып жатқаны туралы хабарлардың негізінде қара алтынның бағасы он жыл ішінде алғаш рет барреліне 132 доллар деңгейінен асты. Еуропада табиғи газдың бағасы бір шаршы/м үшін 4000 долларға дейін көтерілді, ал бағалы металдар нарығында алтын унциясы 2070 долларға жетті. Өнеркәсіптік металдар сегментінде мыс, болат пен никель бағасы да геосаяси жағдайдың бенефициары болды», - деді ҰБ өкілі.
Шикізат активтерінің өсуі қысқа мерзімді перспективада инфляцияның жеделдеуіне ықпал етеді, бұл АҚШ ФРЖ-ның монетарлық саясатты күшейтуі қарсаңында дамыған елдерде акция нарығына қысым көрсетеді. Ақпанның қорытындысы бойынша, MSCI World индексі 2,7%-ға төмендеді, 9 наурызда 5,8%-ға шегерілді. Теңге бағамына әсер ететін факторлар Ақпан айының басында сыртқы әрі ішкі факторлар да ұлттық валюта үшін біршама қолайлы болды. Мұнай бағасының өсуі аясында геосаяси жағдайдың шиеленісуіне дейін, сондай-ақ экспорттаушылардың бюджетке тоқсандық салық төлемдері кезеңі қарсаңында 10 ақпандағы жағдай бойынша теңге бір АҚШ доллары үшін 426,10 теңгеге дейін нығайды.
«Геосаяси жағдайдың ушығуы, жаһандық тәуекел-сентименттің нашарлауы және дамушы нарықтар валюталарының әлсіреуі аясында 21 ақпаннан бастап валюта нарығында тұрақсыздықты болдырмау үшін Ұлттық банк 175,6 млн АҚШ долларына интервенциялар жүргізді. Ұлттық банктің қатысуы ресми ресурстарда да, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да кеңінен жария етілді. Жаһандық қаржы нарықтарында құбылмалылықтың күшеюі аясында 28 ақпанда биржадағы сауда-саттық 2020 жылғы наурыздан бастап алғаш рет Франкфурт аукционы түрінде өтті. Аукцион кезінде 98,1 млн АҚШ долларына интервенциялар жүзеге асырылды, олардың үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінен 61,5% болды. Мәселен, ақпанда валюталық интервенциялардың жалпы көлемі 273,7 млн АҚШ долларын құрады», - деді Ә. Молдабекова.
Оның айтуынша, сыртқы экономикалық жағдайлардың өзгеруіне жауап ретінде валюта нарығына қысымды төмендету және инфляциялық өсімді ұстап тұру үшін Ұлттық банк пен Үкімет бірлескен іс-шараларын жүзеге асырды. Ұлттық банк кезектен тыс шешімімен базалық мөлшерлемені 13,5%-ға дейін 3,25 п.т. көтерді. Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша бюджет қаражаты есебінен өтемақы есептеуді көздейтін теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы жарияланды.
«Ұлттық қордан бюджетке 510 млн доллар мөлшерінде трансферттер бөлу үшін валютаны сату, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті түрде сату шарасы валюталық нарыққа қолдау көрсетті, оның аясында ақпан айында 190,7 млн доллар сатылды. Ұлттық банк бұрынғыдай сыртқы нарықтардағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргізіп, Ресейге қарсы жаңа санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне әсер ету дәрежесін бағалайды. Қажет болған жағдайда, Ұлттық банк ұлттық валютаға қатысты жағдайды тұрақтандыруға, оның ішінде валюталық интервенциялар жүргізуге бағытталған шараларды жүзеге асыруға дайын», - деп түсіндірді ол.
Рубль бағамының әсері
«Алдымен, Ресей Федерациясымен тығыз сауда қатынастарына қарамастан, теңге бағамын белгілеу бірқатар факторларға байланысты қалыптасатынын атап өткен жөн. Ұлттық банк теңгенің Ресей рубліне ұқсас серпінін негізсіз және түбегейлі бекітілмеген деп санайды, өйткені біздің валютамыз үшін сыртқы және ішкі жағдайлар қазіргі Ресей валютасына байланысты болып жатқан жағдайлардан мүлде басқаша. Яғни, Ресей Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі болғанына қарамастан, теңге бағамының серпіні рубль серпініне ілеспейді және оның қарқынына тікелей қатысты емес. Біз Ресей Федерациясының валюта нарығындағы құбылмалылықтың біздегі валюта нарығына қарағанда бірнеше есе жоғары екенін көріп отырмыз және ол тікелей теңгеге қатысты рубль құнының төмендеуінен көрінеді», - деді Ә. Молдабекова. «Бір рубль үшін 5-6 теңге аралығында бұрыннан қалыптасқан теңге/рубльдің тарихи бағамы жаңа шынайылықты көрсетпейді және елеулі өзгерістерге ұшырауы мүмкін. Осыған байланысты теңгенің рубльге қатысты қандай да бір тарихи бағамын ұстануды негізсіз деп санаймын», - деп ойын білдірді ҰБ өкілі.