«Қазселденқорғау» ММ ескертуі бойынша қар көшкіні жүру қаупіне байланысты Шымбұлаққа баратын автожол уақытша жабылды.
Бұл туралы Алматы қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. «Мамандардың хабарлауынша, қар деңгейі әдеттегіден 30 см-ге жоғары. Бүгін сағат 9:49-да Үлкен Алматы өзені бассейнінде 7 мәрте қар көшкіні тіркелген.
«Медеу мұз айдыны – Шымбұлақ тау-шаңғы кешені» автожолы бойында 11 қауіпті қар көшкіні жиыны орналасқан. Ол жердегі барлық қар осы жолға түсетіндіктен, жол бойындағы көліктер мен жаяу жүргіншілер өміріне зор қауіп төндіреді», – делінген әкімдік таратқан хабарламада.
Олардың айтуынша, түрлі табиғи қайғылы жағдайдың алдын-алу мақсатында Шымбұлаққа көтерілетін автожол көлік үшін де, жаяу жүргіншілер үшін де уақытша жабық.
Жыл сайын көктем кезінде қар көшкіні қаупі жоғарылайды, себебі қыс кезінде қар жиналып, көктем кезінде күн жылынағандықтан тау басында тұрақтай алмайды.
Көбіне қар көшкіні күндізгі уақытта, жылымық күндері тәулік бойы жүреді. Жағдай ушыққанда қар көшкіні едәуір көлемде жүруі мүмкін.
Жолдың қай уақытта ашылатындығы туралы алдағы уақытта «Қазселденқорғау» ММ-мен келісе отырып, БАҚ арқылы қосымша хабарланбақ.