Соғыс жағдайына байланысты ірі астық экспортерлердің бірі Украинада егін тасымалы қиын болып тұрса, Ресей астығына санкциямен тыйым салынған. Бұл екі ел әлем экспортының 30%-ын алып отырған елдер. Оның үстіне, Қаратеңіз флотының жабылуы осы бағыттағы тасымалды тыйып тұр. Соның салдарынан әлемде бидай бағасы күрт өсті. Ендеше Қазақстан осы жағдайды пайдаланып, жаһандық нарықтағы ірі экспортерлердің ондығына бұрынғысынша қайта ене ала ма? Ал жалпы бұған дейінгі үздіктер арасынан шеттетіліп, бәсекелестіктен қалыс қалуға не себеп болды?
Жетекші орыннан неге айырылдық?
Халықаралық сауда орталығы International Trade Centre ұйымының мәліметінше, Қазақстан осыдан төрт жыл бұрын ғана ірі экспортерлердің ондығын бекітіп тұрған болатын. Олар – Ресей (20.51%), Канада (13.87%), АҚШ (13.27%), Франция (10.04%), Аустралия (7.54%), Украина (7.31%), Аргентина (5.88%), Румыния (2.98%), Германия (2.84%) және Қазақстан (2.35%). Бірақ 2021-2022 жылдары жағдай күрт өзгерді. Тіпті, алғашқы бестікке де өзгеріс енді. Бұған дейін мұнда 39,5 млн тонна астық экспортымен Ресей, Еуроодақ (27,5 млн тонна), Канада (27 млн тонна), АҚШ (27 млн тонна) және Аустралия (9,5 млн тонна) тұрған болса, одан соң олардың арасына Қытай мен Үндістан бұзып кірді. Алтыншы орындағы Украина сегізінші орынға ысырылып, ондықтағы орнын сақтап қалды.
«Жалпы, астық экспортындағы үлестің басым бөлігіне ие болу перспективасы көптеген факторға тәуелді. Сондықтан да мұнда бәсекелестік өте үлкен. Енді бүгінде әлемдік астық нарығы айтарлықтай өзгеруі мүмкін, бірақ құрылымы нақты қалай өзгеретінін алдын ала айту қиын. Негізінен, тек Орталық Азияға бидай сатып отырған Қазақстан Ресей мен Украинаның нарық сегментін басып қала алады деп те айтуға болмайды. Әйтсе де, туып тұрған мүмкіндікті мүлт жібермеу керек. Біздің Үкімет отандық өндірушілерге көмектесуі үшін мүмкіндігінше бидай экспортына шектеу қоймауы қажет. Қазақстанның экспорттық ахуалы ішкі нарыққа зиянын тигізбей шетелге бидай жеткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан да әлемдегі бағаның өсуі біздің еліміздегі бағаға әсер етпейді деуге болады. Бұған дейін еліміз бидай өткізу нарығынан Үкіметтің енгізген экспорттық шектеулеріне, логистикалық тығырықтарға және бәсекелестік артықшылықтарын пайдалана алмауына байланысты айырылып қалған болатын. Мәселен, былтырғы Қытай қабылдамай қойған жүктеріміздің ішінде астық экспорты 30%-ға азайып кетті», – дейді Қазақстан Астық одағының ресми өкілі Евгений Карабанов телеарналардың біріне берген сұхбатында.
Әлем нарығына жол жабық
Бұл тұста әлемдегі бидай нарығындағы ахуал да шиеленісіп келеді. Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінде әдеттегідей астық тапшылығы басталды. Сондықтан да олардың біздің бидайға сұранысы тууы мүмкін. Осы орайда БҰҰ-ның Азық-түлік ұйымы бұл аймақтарда астыққа қатысты кикілжіңдер қаупі артып отырғанын ескертті. Мұның соңы аштық пен тұрақсыздықтарға алып келуі де ықтимал. Өйткені Ресей мен Украинаның бидайын негізінен араб елдері сатып алып келді. Бүгінде бұл нарыққа Еуроодақ пен АҚШ экспортерлері енуге ұмтылуда, бірақ олардың бидайы дамушы елдер үшін тым қымбат. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша Ислам ұйымы еліміздің KazGrain бидай экспорттаушылар одағына Мысыр еліне астық жеткізуге мүдделі компаниялардың тізімін жасап беру үшін өтінішпен шыққан екен. Олар жолдаған хатта еліміздегі Мысыр елшілігі аталған ұйымнан 500 000 тонна бидай алу мүмкіндігін қарастыруды сұрапты. Әйтсе де, мамандар еліміз халықаралық нарыққа балама жолдарды іздеп тапқанша ол нарықты басқа қатысушылар алып кетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Ресей экспортқа тыйым салды
Әйтсе де, кеше Мәскеу ЕуроАзиялық экономикалық одақ пен үшінші елдерге бидай және тағы да басқа азық-түлік тауарларын тамыз айына дейін экспорттауға тыйым салды. Тек кей жағдайда Ресейдің Индустрия және сауда министрлігі берген экспорт лицензиялары бойынша жеткізілімдер үшін артықшылық қарастырылған. Сондай-ақ ЕАЭО-ға жеткізу Ауыл шаруашылығы министрлігі берген рұқсат негізінде жүргізілуі мүмкін екен. Осы реттен келгенде, Қазақстан өндірушілері бір банкроттан аман қалды деуге болады.
«Қазақстан бидайының өзіндік құны Ресеймен салыстырғанда біраз қымбат. Мәселен, 2021 жылы ол тоннасына 100-105 мың теңге болған. Ал биыл қосымша құрамдас шығындардың (дизель отыны, өсімдіктерді қорғау құралдары, тыңайтқыш, еңбекақы) қымбаттауына байланысты ол 118 мыңға жетіп отыр. Ал көрші елдің бидайының арзан болуы ол оның көлеміне байланысты. Сондықтан егер біздің нарыққа олардың бидайы келер болса, біздің өндірушілер бәсекелестікке шыдамас еді. Өйткені елімізде теңізге шығатын жол жоқ. Ал Каспий теңізі арқылы жолдың өзі Ақтау портының өткізу қуатының шектеулілігіне байланысты аса бір нәтиже бере қоймайды», – дейді Евгений Карабанов.
Ал импортер елдер арасындағы бірінші бестік биылғы маусымда: Мысыр (13 млн тонна), Индонезия (10,5 млн тонна), Қытай (10,5 млн тонна), Түркия (8,2 млн тонна), Филиппин (6,8 млн тонна) мемлекеттері. Сондықтан да Қазақстандағы өндірушілер дәл осы елдерге назар аударуы керек. Әйтсе де, іс жүзінде жеткізу проблемасына (Қытайдан басқа) байланысты бұл өте күрделі екенін жоққа шығаруға болмайды. Сонда да болса, Қазақстанның экспорттық әлеуеті жоғары бағаланып отырғанын атай кету керек. Мәселен, АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің USDA аграрлық аналитикалық агенттігі еліміздің астық саласына болжам жасаған. Оған сәйкес, 14 млн тонна астық өндірісі, 0,5 млн тонна импорт, ішкі тұтыну 6,4 млн тонна, экспорт 8 млн тонна болуы тиіс екен.