Астық экспорты: қолайлы ахуал туды ма?
Астық экспорты: қолайлы ахуал туды ма?
© коллаж: Әсел Балтақызы
385
оқылды
Соғыс жағдайына байланысты ірі астық экспортерлердің бірі Украи­нада егін тасымалы қиын болып тұрса, Ресей астығына санкциямен тыйым салынған. Бұл екі ел әлем экспортының 30%-ын алып отырған елдер. Оның үстіне, Қаратеңіз фло­тының жабылуы осы бағыттағы та­сымалды тыйып тұр. Соның салда­рынан әлемде бидай бағасы күрт өсті. Ендеше Қазақ­стан осы жағдай­ды пайдаланып, жаһандық нарық­тағы ірі экспор­терлердің ондығына бұрынғы­сын­ша қайта ене ала ма? Ал жалпы бұған дейінгі үздіктер арасынан шеттетіліп, бәсекелестіктен қалыс қалуға не себеп болды?

Жетекші орыннан неге айырылдық?

Халықаралық сауда орталығы International Trade Centre ұйымының мәліметінше, Қазақстан осыдан төрт жыл бұрын ғана ірі экспортерлердің ондығын бекітіп тұрған болатын. Олар – Ресей (20.51%), Канада (13.87%), АҚШ (13.27%), Франция (10.04%), Аустралия (7.54%), Украина (7.31%), Ар­гентина (5.88%), Румыния (2.98%), Герма­ния (2.84%) және Қазақстан (2.35%). Бірақ 2021-2022 жылдары жағдай күрт өзгерді. Тіпті, алғашқы бестікке де өзгеріс енді. Бұ­ған дейін мұнда 39,5 млн тонна астық экс­портымен Ресей, Еуроодақ (27,5 млн тон­на), Канада (27 млн тонна), АҚШ (27 млн тонна) және Аустралия (9,5 млн тонна) тұр­ған болса, одан соң олардың арасына Қы­тай мен Үндістан бұзып кірді. Алтыншы орындағы Украина сегізінші орынға ысы­ры­лып, ондықтағы орнын сақтап қалды. «Жалпы, астық экспортындағы үлестің басым бөлігіне ие болу перспективасы көптеген факторға тәуелді. Сондықтан да мұнда бәсекелестік өте үлкен. Енді бүгінде әлемдік астық нарығы айтарлықтай өзгеруі мүмкін, бірақ құрылымы нақты қалай өзгеретінін алдын ала айту қиын. Негізінен, тек Орталық Азияға бидай сатып отырған Қазақстан Ресей мен Украинаның нарық сегментін басып қала алады деп те айтуға болмайды. Әйтсе де, туып тұрған мүмкіндікті мүлт жібермеу керек. Біздің Үкімет отандық өндірушілерге көмектесуі үшін мүмкін­ді­гінше бидай экспортына шектеу қоймауы қа­жет. Қазақстанның экспорттық ахуалы ішкі нарыққа зиянын тигізбей шетелге би­дай жеткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан да әлемдегі бағаның өсуі біздің еліміздегі бағаға әсер етпейді деуге болады. Бұған дейін еліміз бидай өткізу нарығынан Үкі­меттің енгізген экспорттық шектеулеріне, логистикалық тығырықтарға және бәсе­келестік артықшылықтарын пайдалана ал­мауына байланысты айырылып қалған болатын. Мәселен, былтырғы Қытай қа­был­дамай қойған жүктеріміздің ішінде астық экспорты 30%-ға азайып кетті», – дейді Қазақстан Астық одағының ресми өкілі Евгений Карабанов телеарналардың біріне берген сұхбатында.

Әлем нарығына жол жабық

Бұл тұста әлемдегі бидай нарығындағы ахуал да шиеленісіп келеді. Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінде әдетте­гідей астық тапшылығы басталды. Сонд­ық­тан да олардың біздің бидайға сұранысы тууы мүмкін. Осы орайда БҰҰ-ның Азық-түлік ұйымы бұл аймақтарда астыққа қатыс­ты кикілжіңдер қаупі артып отырғанын ескертті. Мұның соңы аштық пен тұрақсыз­дықтарға алып келуі де ықтимал. Өйткені Ресей мен Украинаның бидайын негізінен араб елдері сатып алып келді. Бүгінде бұл нарыққа Еуроодақ пен АҚШ экспортерлері енуге ұмтылуда, бірақ олардың бидайы да­му­шы елдер үшін тым қымбат. Кейбір мә­ліметтерге сүйенсек, Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша Ислам ұйымы еліміздің KazGrain бидай экспорттаушылар одағына Мысыр еліне астық жеткізуге мүдделі компания­лардың тізімін жасап беру үшін өтінішпен шыққан екен. Олар жолдаған хатта еліміз­дегі Мысыр елшілігі аталған ұйымнан 500 000 тонна бидай алу мүмкіндігін қа­расты­руды сұрапты. Әйтсе де, мамандар еліміз халықаралық нарыққа балама жол­дарды іздеп тапқанша ол нарықты басқа қатысушылар алып кетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Ресей экспортқа тыйым салды

Әйтсе де, кеше Мәскеу ЕуроАзиялық эко­номикалық одақ пен үшінші елдерге би­дай және тағы да басқа азық-түлік тауар­ла­рын тамыз айына дейін экспорттауға ты­йым салды. Тек кей жағдайда Ресейдің Индус­трия және сауда министрлігі берген экспорт лицензиялары бойынша жеткізі­лімдер үшін артықшылық қарастырылған. Сондай-ақ ЕАЭО-ға жеткізу Ауыл шаруа­шылығы министрлігі берген рұқсат негізінде жүргізілуі мүмкін екен. Осы реттен келгенде, Қазақстан өндірушілері бір банкроттан аман қалды деуге болады. «Қазақстан бидайының өзіндік құны Ресеймен салыстырғанда біраз қымбат. Мәселен, 2021 жылы ол тоннасына 100-105 мың теңге болған. Ал биыл қосымша құрам­дас шығындардың (дизель отыны, өсімдік­терді қорғау құралдары, тыңайтқыш, еңбек­ақы) қымбаттауына байланысты ол 118 мыңға жетіп отыр. Ал көрші елдің бида­йы­ның арзан болуы ол оның көлеміне байла­нысты. Сондықтан егер біздің нарыққа олардың бидайы келер болса, біздің өнді­рушілер бәсекелестікке шыдамас еді. Өйткені елімізде теңізге шығатын жол жоқ. Ал Каспий теңізі арқылы жолдың өзі Ақтау портының өткізу қуатының шектеулілігіне байланысты аса бір нәтиже бере қоймай­ды», – дейді Евгений Карабанов. Ал импортер елдер арасындағы бірінші бестік биылғы маусымда: Мысыр (13 млн тонна), Индонезия (10,5 млн тонна), Қытай (10,5 млн тонна), Түркия (8,2 млн тонна), Филиппин (6,8 млн тонна) мемлекеттері. Сондықтан да Қазақстандағы өндірушілер дәл осы елдерге назар аударуы керек. Әйтсе де, іс жүзінде жеткізу проблемасына (Қы­тайдан басқа) байланысты бұл өте күрделі екенін жоққа шығаруға болмайды. Сонда да болса, Қазақстанның экспорттық әлеуеті жоғары бағаланып отырғанын атай кету керек. Мәселен, АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің USDA аграрлық аналити­калық агенттігі еліміздің астық саласына болжам жасаған. Оған сәйкес, 14 млн тонна астық өндірісі, 0,5 млн тонна импорт, ішкі тұтыну 6,4 млн тонна, экспорт 8 млн тонна болуы тиіс екен.