Сатыбалды Дәулеталин: Жұмысберуші мен кәсіподақ – қарсыластар емес, әлеуметтік әріптестер
Сатыбалды Дәулеталин: Жұмысберуші мен кәсіподақ – қарсыластар емес, әлеуметтік әріптестер
Сурет: qaz.infozakon.kz
377
оқылды

9-10 наурызда ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Атырау облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ҚР КФ басшысы бірқатар әлеуметтік әріптестермен кездесу өткізді. Талқыланған басты тақырыптар – жалақы берешегі, оны көтеру мәселесін шешу, еңбек дауларының алдын алу және өңірдегі әлеуметтік әріптестік жүйесін ары қарай дамыту, - деп хабарлайды ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі.

ҚР КФ төрағасы сапарының алғашқы күні әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның жұмысшы тобының отырысына қатысты. Отырысқа облыс әкімдігі мен жұмысберуші 12 кәсіпорынның өкілдері де қатысты. Кәсіпорындардың басым бөлігі еңбек даулары қатері картасына енгізілген. Жұмысшы топтың төрағасы – Атырау облысы Кәсіподақ орталығының жетекшісі Ізтұрған Баймұханов бұл кездесуге жұмыскерлері белгілі бір талаптар қойған мұнай сервис компанияларының жетекшілері шақырылғанын атап өтті. Бұл кәсіпорындар жұмыскерлерінің басты талабы қазіргі әлеуметтік-экономикалық өзекті мәселе – айлық жалақы берешегі немесе жалақыны көтеруге қатысты. Алайда еңбек заңнамасын бұзуға тікелей қатысты басқа да мәселелер бар. Айталық, Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылында орналасқан «Аман» жобасындағы «ГазСтройМонтаж» ЖШС-ның жүз жұмысшысы 21 ақпанда жұмыс істеуден бас тартқан. Жұмыскерлердің басты шағымы - еңбек шартының жасалмауы, зейнетақы жарналарының тұрақты түрде аударылмауы.  width=Тағы бір ірі кәсіпорын Атырау мұнай өңдеу зауытында механикалық жабдықтарға сервис жасау және жөндеу жұмыстарын атқаратын «Сервисный центр Казтурборемонт» ЖШС-нда 279 адам жалақыны 50%-ға көтеруді және демалыс күндері жұмысқа шыққандары үшін қосымша еңбекақы төлеуді талап еткен. Caspian Contractors Trust ЖШС-нда жалақыға қатысты қомақты берешек жиналып қалған. Жұмыскерлер еңбек инспекциясына былтыр қыркүйек айынан бері жалақыны төлемей келе жатқанын айтып шағымданған. Жұмысберуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды және 2021 жылы желтоқсан айында банктен несие алып 95 млн теңге жалақыны берешегін төлей бастаған.
Жұмысберушілердің уәжін тыңдаған ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы: «Жалақы бойынша берешекке келсек, бұл жұмысберуші өз жұмыскерінің қалтасын қағып кетті деуге болады. Бұл адамның Конституциялық құқығын бұзу», - деді ҚР КФ төрағасы.
 width=Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, 2021 жылы тіркелген еңбек дауларының басты себебі жалданған жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу мәселесі болған.
«2021 жылы біз 79 еңбек дауын тіркедік, еңбеккерлер негізі шағымы жалқының төмендігіне қатысты. Кәсіподақтары бар кәсіпорындарда мәселе жедел шешілді. Еңбек дауының тағы бір себебі - жұмысберушілер еңбеккерлермен диалог құрмайды, кәсіпорындағы сол кездегі қаржылық ахуалды түсіндірмейді», - деп атап өтті ҚР КФ төрағасы.
Ол Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия қорытындысы бойынша әлеуметтік әріптестік тараптарына бірқатар міндеттер жүктелгенін еске салды.
«Еңбек ұжымдарының көтерген барлық өзекті мәселелері РҮК хаттамасына енгізілді. Әлеуметтік әріптестерге еңбекке ақы төлеу саласындағы мәселені шешу жөніндегі жұмысты бірлесіп жүргізу тапсырылды. Оның ішінде кәсіпорындарда жасалатын ұжымдық шарттарды талдау да бар. Жекелеген кәсіпорындарда ұжымдық шарт ресми нұсқа үшін әзірленеті құпия емес», - деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚР КФ төрағасы жұмысберушілерді кәсіподақтар және мемлекеттік органдармен бірлесіп еңбек саласындағы қордаланып қалған мәселелерді 16 наурызға жоспарланған өңірлік үшжақты комиссия отырысында қарастыруды ұсынды.  width=Әлеуметтік әріптестердің бірлескен жұмысына қатысты мәселелерді талқылау ҚР Кәсіподақтар төрағасының Атырау облысы Кәсіподақорталығы бастамасымен құрылған келіссөз жүргізуші пулымен кездесу барысында жалғасты.
«Әлеуметтік шиеленіс және ықтимал еңбек жанжалдарының алдын алу мақсатында азаматтық ұстанымы мен тәжірибесі жұмысберушімен және кәсіпорындардың жұмысшыларымен келіссөз жүргізуге мүмкіндік бере алатын адамдарды «Еңбек елшісі» деп атаймыз», - деді Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақ орталығы жанындағы келіссөз жүргізушілер пулымен кездесу барысында.
Пул құрамына Атырау өңіріндегі беделді тұлғалар енген, олардың арасында жұмысберушілер, кәсіподақ белсенділері, қоғам қайраткерлері және журналистер бар.
«Еңбек елшісі» келіссөз жүргізушісінің басты міндетінің бірі – жұмысберушілермен еңбек консультациясын ұйымдастыру және жүргізу. Өкінішке орай, кәсіподақтарды жауындай көретін жұмысберушілер бар. Жекелеген жұмысберушілер жұмыскердің, еңбек ұжымының мәселесін шеше отырып, ол кәсіпорынның барлық мәселесі шешім табатынын түсінбейді. Кәсіподақ пен жұмысберуші – қарсыластар емес, әлеуметтік серіктестер. Іс жүзінде кәсіподақ жұмыс істейтін кәсіпорындарда жұмыскер құқығы мен мүддесі сақталатынын көреміз. Еңбек даулары әлеуметтік серіктестер тараптарына залал келтірмей жылдам шешіледі», - деп атап өтті ҚР КФ төрағасы.
Өз кезегінде «ЮСС Суппорт Сервисиз» компаниясындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, Еңбек елшісі Марал Көшенов келіссөз жүргізуші пул қызметіне қатысты ойын бөлісті.
«Пул жұмысберуші мен жұмыскерге әлеуметтік серіктестік негіздерін түсіндіре адамдардан құралған. Біздің жұмысымыз адамдарды кәсіподақтарға ұйысуға шақырып, өздерінің еңбек құқықтарын заңды жолмен қорғауға мүмкіндік береді деп ойлаймын», - деді Марал Көшенов.
Сатыбалды Дәулеталин әріптестеріне табыс тілей отырып, Еңбек елшілері жұмысының арқасында Атырау облысындағы еңбек саласыа қатысты жағдай тұрақты дамиды деген сенім білдірді. ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен кездесуінде өңірдегі кәсіпорындарда әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың маңызды екендігі айтылды. Тарапта әлеуметтік әріптестік жүйесін дамытуға бірлесіп атсалысу, әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелерді бірлесе шешу маңызды екендігіне тоқталды. ҚР Кәсіподақтар төрағасы өңірге жұмыс сапарында С. Балғымбаев кен орнына барады және «Ембімұнайгаз» АҚ еңбек ұжымы мен Атырау облысы кәсіподақ активімен кездеседі.