ҚР Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанда азық-түлік өндірісі тоқтатылмайтынын, қорлар жүйелі негізде толықтырылып отыратынын мәлімдеді. Соңғы бірнеше күнде әлеуметтік желілерде кейбір азық-түлік тауарларының, соның ішінде қанттың тапшылығы туралы түрлі ақпарат тарады. Дүрбелең сұраныстың артуына және базарда алыпсатарлық фактісінің туындауына алып келді. Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі ажиотажға ерік бермеуге шақырады. «Азық-түлік өнімдерін өндіру тоқтатылмайды, қорлар жүйелі негізде толықтырылып отырады. ҚР АШМ дерегі бойынша жарма, ұн, консервілер және басқа да тауарлар өндірісі үшін жеткілікті шикізат, сондай-ақ ет және сүт өнімдерін өндіру үшін жеткілікті мал басы бар. Жедел деректер бойынша республика бойынша барлығы 1,5 млн тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры бар. Оның ішінде ұн – 145,1 мың тонна, қант – 47,6 мың тонна, күріш – 40,2 мың тонна, макарон – 21,3 мың тонна және 1 млн тонна көкөніс өнімдері және тағы басқалары», - деді министрліктен. Атап өтілгендей, елде қант тапшылығы жоқ. «Қант өндірісі жалғасып жатыр, тоқтамайды! Қор толтырылып отырады. Сондай-ақ қазіргі уақытта Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында бәсекелестікке қарсы келісілген әрекетпен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар (ӘМАТ) бағасын көтеру фактісі бойынша, сондай-ақ Маңғыстау және Алматы облыстарында тыңайтқыш өндіруге қатысты анықтау жұмысы жалғасып жатыр», - деді ведомстводан. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің хабарлауынша, Ақмола облысында нан өндірушіге және Жамбыл облысында қант зауытына қатысты 2 тергеу аяқталды. Бұған дейін жасалған 8 хабарламаға сәйкес өнім бағасы (Қостанай облысында – 5 және СҚО – 3) төмендетілді. Бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға жол бермеу жөніндегі монополияға қарсы комплаенстің 7 актісі жасалды. ӘМАТ сауда үстемесі 15-тен 10% дейін төмендетілді.