Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттарды, халық пен қоғамды толғандырған аса маңызды проблема – қайғылы қаңтар оқиғасының салдарлары мен тергеу процесіндегі істердің қарастырылуы, зардап шеккен азаматтар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету бойынша Бас прокурор, Ішкі істер министрі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы, премьер-министрдің бірінші орынбасары, адам құқықтары жөніндегі уәкіл, белгілі құқық қорғаушылар мен адвокаттар жан-жақты баяндама жасады. Тәуелсіз Қазақстанның Мәжілісі тарихында негізгі құқық қорғау органдарының басшыларының барлығы келіп есеп беруі еліміздің саяси жүйесінің жетілдірілуінің және құқық қорғау органдарының ашықтыққа деген реформалардың шұғыл және оңды жүзеге атқарылған жұмысы. Қаңтар басындағы ауқымды террористік актілер еліміздің конституциялық құрылымын бұзып, мемлекетті басып алуға бағытталған болатын. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының шұғыл шешімдер мен батыл қадамдарының арқасында ауқымды шабуылға тойтарыс беріліп, мемлекетіміздің тұтастығы мен халқымыздың бейбіт өмірін сақтап қалынды. Құқық қорғау органдары жариялауға болатын ақпаратты жан-жақты айтып өтті. Әрине, тергеу амалдарының ерекшеліктеріне байланысты кейбір мәліметтер тергеу толық аяқталғанда жарияланатынын білеміз. 3,5 мыңнан астам құқық қорғау қызметкерлері мен әскерилер зардап щеккен, бұл жалпы жарақаттанған адамдардың 80% құраған. 1,7 мың нысандар мен шағын және орта бизнес субъектілеріне нұқсан келтірілді, 765 автокөлік өртенген. Жалпы келтірілген залал көлемі 100 млрд теңгеден асқан. Президент тергеудің барынша әділ және тиянақты жүргізілуді, жеңіл құқық бұзушылық жасаған азаматтарды босатуды тапсырған болатын. Қазір 3770 қылмыстық іс қозғалып тергеу жүргізілуде. Абақтыда азаматтарды азаптау бойынша 301 арыз түсті, олар бойынша 234 қылмыстық іс қозғалды. Бұл істер бойынша арнайы прокурорлар тексеріс жүргізуде. Жеңіл құқық бұзушылық жасаған азаматтар босатылды. Кәмелет жасына толмаған жастар түрмеге жабылмай, тергеу өзге тәсілмен іске асырылуда. Бүгінгі таңда қалған қылмыскерлерді анықтау бойынша, қолда кеткен 1215 қару мен 22 мың оқдәріні қайтару бойынша кешенді шаралар жалғасуда. Ішкі істер министрі өз еркімен қаруды тапсырған азаматтарға қатысты қылмыстық және әкімшілік шара қолданбайтындығын айтып, халыққа үндеу жасады. Тергеудің әділетті жүргізілуін Президент тапсырмасы аясында құрылған ведомствоаралық шұғыл топ қамтамасыз етуде. Мәжіліс депутаттары өткір және маңызды сұрақтарды көтерді. Олардың қатарында, қайтыс болған азаматтарың тізімін ресми жариялау, заңсыз азаптауға жол бермеу үшін нақты шаралар қолдану, кәмелетке толмағандарға қатысты тергеуді орынды жүргізу, шетел азаматтарының терроризм мен тәртіпсіздікке қатысуы бойынша тергеу істерінің барысы, заңсыз қолда кеткен қаруды тәркілеудің тиімділігін арттыру, қаза тапқан құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлердің отбасыларына жан-жақты көмек көрсету, алдағы уақытта осындай қайғылы оқиғаларды болдырмау бойынша кешенді шешімдер қабылдау айтылды. Осымен бірге құқық қорғау органдарын кешенді және шұғыл реформалау, халықпен тығызырақ жұмыс істеуді күшейту, ақпараттық вакумге орын бермеу, қазақ тілді әлеуметтік желілердегі мониторингті кеңейту, құқық қорғау органдарының өзара теңдігі мен бірін-бірі теңгеру бойынша принципті күшейту жөнінде орынды пікірлер айтылды. Алдағы уақытта құқық қорғау органдары қылмыстық істерді тергеу барысы, бостандықтағы қылмыскерлерді ұстау, қабылданып жатқан шаралар бойынша тағы да келіп есеп беретін болады. Ел қауіпсіздігі, мемлекет ішіндегі тұрақтылық, құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру «Amanat» партиясы Фракциясының мүшелері үшін аса маңызды. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы жұмыстардың тиімділігін қаматамасыз етуге баршамыз атсалысуымыз қажет.
Бекқали Торғаев, Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі