Кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында құқық қорғау органдарының басшылары келіп, депутаттар алдында қаңтар оқиғасына байланысты жүргізіп жатқан жұмыстарына есеп берді. Бас прокуратура, ІІМ және Антикор басшылығы бұған дейінгі тараған ақпараттар аясында жаңаланған цифрларды айтты. Өйткені тергеу әлі толық аяқталмапты.
Төрт толқыннан тұрған толқу
Бұл жиын «Жаңа Қазақстан» депутаттар тобының атынан депутат Жанарбек Әшімжанның «Қаңтар оқиғасының» тергелу барысы туралы Бас прокуратураға жолдаған депутаттық сауалына орай ұйымдастырылған екен. Осы ретте бірінші болып мінберге көтерілген Бас прокурор Берік Асылов қаңтар оқиғасына толқын тәріздес тізбекпен өтті деп баға берді. Бейбіт митингіден басталған жиын тәртіп сақшыларымен ешқандай қақтығыссыз өтіп жатқан болатын. Екінші толқында олардың арасына түрлі сипаттағы экстремистер қосылған. Олар наразылықты радикалды арнаға бұрып, алғашқы қақтығыстар басталған. Үшінші толқында оларға криминалдық банда қосылып, қирату, бүлдіру, өртеу, шабуыл жасау, ұру-соғу, тонау, ұрлау сатысына көшкен. Одан туындаған хаос жағдайды қарулы радикалдар пайдаланып, түрлі нысандарға таңдай отырып шабуыл жасаған. Осылайша, еліміздің 11 қаласында жаппай тәртіпсіздіктер мен қақтығыстар зорлық-зомбылық сатысына көшкен.
«Біз бұл оқиғадан экстремизмнің және криминал мен діни радикализмнің біте қайнасқан көрінісін көрдік. Егерде оларды мемлекет батыл шешімдер қабылдап, дер кезінде тоқтатпағанда, бұл толқынның соңы билікті күшпен басып алуға алып келер еді. Бұл тұста мұндағы барлық әрекеттер үйлестірілген сипатқа ие екенін атап өтуге болады. Бұл жоспарланған акция екені айдай анық. Сол күндері WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы топтың жиналуы мен қозғалысы басқарылған. Олар көп адамды жинап алып, арматура, таяқ, тас, Молотов коктейлімен қаруландырды. Қызмет және сауда нысандарын қиратып, тонап, қылмыстың ізін жасыру үшін көппәтерлі үйлердің бірінші қабатындағы үй-жайларды өртеген. Такси, жүк көліктері мен автобустардың жүргізушілерін көшені жауып тастауға мәжбүрлеген. Яғни, бейбіт азаматтарды «тірі қалқан» ретінде пайдаланған. Арнайы автокөліктер мен басқа да жүк машиналарын таран ретінде пайдаланды. Мемлекеттік, стратегиялық нысандарға шабуыл жасады», – дейді Бас прокурор.
Бүгінде Президенттің тапсырмасымен құрылған ведомствоаралық жедел-тергеу топтары Бас прокуратураның арнайы прокурорларының жетекшілігімен жұмыс жүргізіп жатыр. Осы уақытқа дейін 35 мыңнан астам жедел тергеу-шаралары, соның ішінде 20 мың қарау, тергеу, тінту жүргізіліп, 3,5 мың сот сараптамасы тағайындалған. Барлық органдар бойынша қамауға алынғандар саны 766 адам. Олардың басым көпшілігі 30 жасқа дейінгі жоғары білімі жоқ жұмыссыз жастар. Олардың ішінде деструктивті діни ағымдардың 19 қолдаушысы, тыйым салынған экстремистік ұйымдардың 27 белсендісі, ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 мүшесі, және бұған дейін адам өлтіргені, ұрлық, қарақшылық шабуыл жасағаны және тонағаны үшін соты болған 113 адам бар. Мәселен, «Жабайы Арман» ныспысымен танымал Арман Жұмагелдиев пен оның тобының 14 мүшесі қамауда отыр. Жалпы барлығы қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау үшін 22 мың адам тексерілген.
«Аталған фактілер бойынша, барлығы 3 770 қылмыстық іс қозғалды. Басым бөлігі, Ішкі істер министрлігінің өндірісінде. Олар – адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, бұзақылық, қару ұрлау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеудің заңсыз тәсілдерін қолдану фактілері бойынша 234 іс жүргізуде. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет ету және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 істі тергеп жатыр. Бұл істер бойынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов және оның 3 орынбасары сот санкциясымен қамауға алынды. Осы органның тағы 2 басшысы билікті асыра пайдалану күдігімен қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің істеріне, «өте құпия» деген белгі соғылды. Осыған орай, тергеу нәтижелерін жан-жақты жария ете алмаймыз», – деді Бас прокурор Берік Асылов.
Оның айтуынша, ведомствоаралық жедел-тергеу топтары 4 бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Біріншісі – жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу бойынша 44 қылмыстық іс тергелуде. Ақтөбе және Жамбыл облыстарында 9 ұйымдастырушысы қамауға алынды. Қатысушыларға 15 қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ретінде 527 өтуде, олардың тек 278-і қамауда. Екінші бағыт – терроризм акті бойынша 46 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Үшіншіден, күштік құрылымдардың басшыларының сол кездегі әрекеттеріне құқықтық баға берлуде. 5 қаңтар күні Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарының басшылары ішінде қару сақтаулы қызметтік ғимаратын тастап қашқан. Бұл бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды. Негізгі тергеу шаралары аяқталды. Бірқатар басшы лауазымындағы қызметкерлер, соның ішінде ҰҚК төрағасы, министр және тағы басқалары қамауға алынды. Төртінші бағыт – қару ұрлығы. Ұсталғандарды азаптау факті бойынша 301 шағым түскен. 243 қылмыстық іс қозғалды. Антикоррупциялық қызмет 234 қылмыстық іс қозғаған. Адам өлімі болған 9 резонансты істі арнайы прокурорлар тергеуде. Ол бойынша 9 лауазымды тұлға, соның ішінде 8 ҰҚКД мен 1 полиция қызметкері ұсталды.
Негізгі Мәжілістің жалпы отырысындағы сұрақтардың көпшілігі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қойылуы тиіс еді. Бірақ бұл органнан ешкім келмеді. Бәлкім, шақырылмаған да болуы мүмкін. Әйтсе де, еліміздің қауіпсіздігіне жауапты органға қатысты тың ақпараттарды адвокат, Aqiqat қоғамдық комиссиясының мүшесі Айман Омарова айтты. Ол жаппай тәртіпсіздіктерге ҰҚК қызметкерлері қатысқанын мәлімдеді. Арнайы қызметтің мұндай іске баруының бір себебі – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан ұлттық қоғамдық кеңес құрып, саяси және басқа да реформаларды жүзеге асырғаны үшін кек алу екен. Сондай-ақ аласапыранды пайдаланып, билікті күшпен басып алу. Әрине, оның сөздері қазіргі өзгерген құрылымдағы емес, қаңтар оқиғасына дейінгі сипатындағы ҰҚК қызметіне арналған еді.
«Бұл жерде халықтың сенімінен баяғыда айырылған құқық қорғау органдары, сондай-ақ сот жүйесін де атап өту керек. Әсіресе, басшылығы мен қызметкерлері іс жүзінде шексіз билікке ие болған ҰҚК қызметіне назар аударғым келеді. Президент болып сайланғаннан бері Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарына ерекше назар аудара бастады. Бұл осы уақытқа дейін билікке ықпалды болып келген адамдарды қорқынышта ұстаған комитетке оңай тимеді. Жағдай олардың бақылауынан шыға бастады. Мүмкін сондықтан олар бейбіт митингілерді өз мақсаттары үшін қолданған шығар. Өйткені «бейбіт жиналыстар туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, оны ұйымдастыру ескерту сипатына ие бола бастады. Әйтсе де, бұл хаосты Президент қана өзінің әрекетімен тоқтатып, мемлекетті сақтап қала алды. Мұны айту керек!» – деді Айман Омарова.
Заңгер жасаған тағы бір тың мәлімдеме: қатты әсер еткіш калий цианиді уын ұрлауға ҰҚК қызметкерлерінің қатысы бар екендігі. Ол қордайлық кәсіпкер Есбол Жаппасов пен ШҚО-лық Ғалымжан Нақпаевқа қатысты қылмыстық істі мысалға келдірді.
«Нақпаевтың ісі бойынша қоймадан 15 бөшке калий цианиді ұрланған. Егер осы удың 500 грамы бір қаланың халқын улап тастауға жететінін ескерсек, бұл өте қауіпті. Қоймадан одан бөлек те химиялық заттар – каустикалық сода, азот қышқылы болған. Бұл істердің барлығында ҰҚК-нің қатысы бар. Олар криминалдық топтарға, бизнеске «крыша» болып, контрабанда, есірткі саудасын қадағалаған, шетелден келетін қолма-қол ақшамен қамтамасыз ету, этникалық қазақ ретінде бүркемелеп адамдарды шекарадан өткізу, БАҚ-ты қадағалау сынды жұмыстарды атқарған», – дейді Aqiqat қоғамдық комиссиясының мүшесі Айман Омарова.
Жиынның ашық форматта және тікелей эфирде өткені қаңтар оқиғасына қатысты маңызды сұрақтарға депутаттардың ғана емес, көпшіліктің де жауап күтіп отырғанын, Мемлекет басшысының халықтан ештеңе жасырмау туралы тапсырмасының мүлтіксіз орындалып жатқанын аңғартады.
Мәжіліс қабырғасында кеше тек бір нәрсе ғана айтылмады. Ол жаппай тәртіпсіздіктер мен бүлікті ұйымдастырушылардың және оларға тапсырыс берушілердің кім екендігі. Тергеу құпиясына телінген бұл ақпараттың жария болуы уақыт еншісінде. Одан өзге барлық жай сөз болды. Оқиғаны тергеу кезіндегі азаптау фактілеріне кінәлілерді жауапкершілікке тарту, жасөспірімдердің ата-аналарының жауапкершілігін көтеру, қаза тапқандардың отбасына көмектесу, ел тәуелсіздігінің енді болмағанда қатерге ұшырағаны, билік пен халықтың арасының ажырап кетуіне жол бермеу – халық қалаулыларының аузынан шырқыраған шындық боп шыққан сөз болды.
Жиын соңында Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов «Осы сын сағаттарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шұғыл да жігерлі шешімдер қабылдап, елді осындай ауыр соққыдан алып шықты. Жағдай қысқа мерзімде тұрақталды. Бүгінгі отырыста сөз сөйлеген азаматтардың барлығы да Президентіміздің табанды шешімдерінің арқасында мемлекеттігіміздің сақталып қалғанын атап өтті. Уақыт өте келе, бұл елдік пен тұтастықтықты сақтап қалу үшін жасалған бірден-бір дұрыс қадам екенін түсініп отырмыз. Заңдық тұрғыдан барлығы мінсіз болуы керек. Асығыстық танытуға болмайды. Себебі таразы басында адамдардың тағдыры тұр. Бұл жөнінде Президенттің – кінәсіз адам жазаға тартылмауға тиіс, ал қылмыскерлер қатаң жазасын алуы қажет деген тапсырмасы бар. Ол тапсырма мүлтіксіз орындалуы керек», – деп түйіндеді.