Қаңтар қасіреті: тергеу жалғасып жатыр
Қаңтар қасіреті: тергеу жалғасып жатыр
251
оқылды
Кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында құқық қор­ғау органдарының басшылары келіп, депутаттар алдында қаң­тар оқи­ға­сына байланысты жүргізіп жатқан жұмыстарына есеп берді. Бас прокуратура, ІІМ және Антикор бас­шы­лығы бұған дейінгі тараған ақпараттар аясында жаңалан­ған цифрларды айтты. Өйткені тергеу әлі толық аяқталмапты.

Төрт толқыннан тұрған толқу

Бұл жиын «Жаңа Қазақстан» депутат­тар тобының атынан депутат Жанарбек Әшім­жанның «Қаңтар оқиғасының» тер­гелу барысы туралы Бас прокуратураға жол­даған депутаттық сауалына орай ұйым­дастырылған екен. Осы ретте бірін­ші болып мінберге көтерілген Бас про­курор Берік Асылов қаңтар оқиғасына тол­қын тәріздес тізбекпен өтті деп баға бер­ді. Бейбіт митингіден басталған жиын тәр­тіп сақшыларымен ешқандай қақ­ты­ғыс­сыз өтіп жатқан болатын. Екінші тол­­қында олардың арасына түрлі сипат­тағы экстремистер қосылған. Олар нара­зы­лықты радикалды арнаға бұрып, ал­ғаш­қы қақтығыстар басталған. Үшінші тол­қында оларға крими­налдық банда қо­сылып, қирату, бүлдіру, өртеу, шабуыл жа­сау, ұру-соғу, тонау, ұрлау сатысына көш­кен. Одан туындаған хаос жағдайды қарулы ради­калдар пайдаланып, түрлі ны­сандарға таңдай отырып шабуыл жа­са­ған. Осылайша, еліміздің 11 қала­сында жап­пай тәртіпсіздіктер мен қақ­тығыстар зор­лық-зомбылық сатысына көшкен. «Біз бұл оқиғадан экстремизмнің және криминал мен діни радика­лизмнің біте қайнасқан көрінісін көрдік. Егерде оларды мемлекет ба­тыл шешімдер қабылдап, дер ке­зінде тоқтатпағанда, бұл толқынның соңы билікті күшпен басып алуға алып келер еді. Бұл тұста мұндағы барлық әрекеттер үйлестірілген сипатқа ие екенін атап өтуге болады. Бұл жоспарланған акция екені ай­дай анық. Сол күндері WhatsApp және Telegram мессенджерлері ар­қылы топтың жиналуы мен қозға­лы­сы басқарылған. Олар көп адам­ды жинап алып, арматура, таяқ, тас, Молотов коктейлімен қарулан­дыр­ды. Қызмет және сауда нысандарын қиратып, тонап, қылмыстың ізін жа­сыру үшін көппәтерлі үйлердің бірінші қабатындағы үй-жайларды өртеген. Такси, жүк көліктері мен автобустардың жүргізушілерін көшені жауып тастауға мәжбүрлеген. Яғни, бейбіт азаматтарды «тірі қал­қан» ретінде пайдаланған. Арнайы автокөліктер мен басқа да жүк ма­ши­наларын таран ретінде пайда­ланды. Мемлекеттік, стратегиялық нысандарға шабуыл жасады», – дейді Бас прокурор. Бүгінде Президенттің тапсыр­масымен құрылған ведомство­ара­лық жедел-тергеу топтары Бас про­куратураның арнайы прокурор­ларының жетекшілігімен жұмыс жүргізіп жатыр. Осы уақытқа дейін 35 мыңнан астам жедел тергеу-ша­ралары, соның ішінде 20 мың қарау, тергеу, тінту жүргізіліп, 3,5 мың сот сараптамасы тағайындалған. Бар­лық органдар бойынша қамауға алынғандар саны 766 адам. Олардың басым көпшілігі 30 жасқа дейінгі жоғары білімі жоқ жұмыссыз жас­тар. Олардың ішінде деструктивті діни ағымдардың 19 қолдаушысы, тыйым салынған экстремистік ұйым­дардың 27 белсендісі, ұйым­дасқан қылмыстық топтардың 24 мүшесі, және бұған дейін адам өл­тір­гені, ұрлық, қарақшылық ша­буыл жасағаны және тонағаны үшін соты болған 113 адам бар. Мәселен, «Жабайы Арман» ныспысымен танымал Арман Жұмагелдиев пен оның тобының 14 мүшесі қамауда отыр. Жалпы барлығы қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау үшін 22 мың адам тексерілген. «Аталған фактілер бойынша, барлығы 3 770 қылмыстық іс қоз­ғалды. Басым бөлігі, Ішкі істер ми­нистрлігінің өндірісінде. Олар – адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, бұзақылық, қару ұрлау. Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызмет тергеу­дің заңсыз тәсілдерін қолдану фак­тілері бойынша 234 іс жүргізуде. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мем­ле­кетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет ету және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 істі тергеп жатыр. Бұл істер бойынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов және оның 3 орынбасары сот санк­циясымен қамауға алынды. Осы ор­ганның тағы 2 басшысы билікті асы­ра пайдалану күдігімен қылмыс­тық жауапкершілікке тартылуда. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің істе­ріне, «өте құпия» деген белгі со­ғыл­ды. Осыған орай, тергеу нәти­же­лерін жан-жақты жария ете ал­май­мыз», – деді Бас прокурор Берік Асылов. Оның айтуынша, ведомство­ара­лық жедел-тергеу топтары 4 бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Біріншісі – жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдас­тыру және қатысу бойынша 44 қыл­мыстық іс тергелуде. Ақтөбе және Жамбыл облыстарында 9 ұйым­дастырушысы қамауға алын­ды. Қатысушыларға 15 қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ретінде 527 өту­де, олардың тек 278-і қамауда. Екін­ші бағыт – терроризм акті бойынша 46 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Үшіншіден, күштік құры­лым­дардың басшыларының сол кездегі әре­кеттеріне құқықтық баға берлуде. 5 қаңтар күні Алматы қала­сы, Алматы, Жамбыл және Қызыл­орда облыс­та­рының басшылары ішінде қару сақ­таулы қызметтік ғи­маратын тастап қашқан. Бұл бо­йынша 7 қылмыстық іс қозғалды. Не­­гізгі тергеу шаралары аяқталды. Бірқатар басшы лауазы­мындағы қыз­меткерлер, соның ішін­де ҰҚК төр­ағасы, министр және тағы бас­қалары қамауға алынды. Төртінші бағыт – қару ұрлығы. Ұсталғандарды азаптау факті бо­йынша 301 шағым түскен. 243 қыл­мыстық іс қозғалды. Анти­кор­руп­­циялық қызмет 234 қылмыстық іс қозғаған. Адам өлімі болған 9 резо­нансты істі арнайы про­курорлар тергеуде. Ол бойынша 9 лауазымды тұлға, соның ішінде 8 ҰҚКД мен 1 полиция қызметкері ұсталды.

Қару соңғы сәтке дейін қолданылмады

Бас прокурордың айтуынша, көшеге шыққан халықтың нөпірі өте көп болғандықтан оларды ұстап тұруға әскери құрылымдардың күші жетпеген. Олардың көпшілігі 18-20 жастағылар. Бүлікшілер оларды аяусыз ұрып-соққан. Соның сал­да­рынан күштік құрылымдардың 3,5 мың қызметкері жарақат алған. Бұл сол күндері жарақат алғандардың 80%-ы. Ал қаза тапқан 230 адамның 19-ы құқық қорғаушылар екені бұған дейін айтылды. Соның өзінде де тәртіп сақшылары мен ұлттық ұланның жауынгерлері соңғы сәтке дейін көпшілікке қарсы қару қол­данған жоқ. Тек қана адам өліміне әкелмейтін резеңке оқ, көз жасау­ра­татын газ, жарықты-шулы грана­та­ларды пайдаланған. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов та төтенше жағдай және терроризмге қарсы операциялар кезінде полиция қызметкерлері қарулы қылмыс­кер­лерге қарсы қару қолдануға мәжбүр болғанын айтады. Содырлар тобы қару-жарақ дүкендеріне, полиция бөлімдеріне және басқа да құқық қорғау және арнайы органдарға шабуыл жасаған. «Олар 2 800-ден астам қару мен оқ-дәрілерді ұрлап үлгерді. Осыдан кейін қылмыскерлер құқық қорғау органдарына қарулы шабуыл жасап, патрульдік нарядтар мен кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарға оқ жаудырды. Полиция ғимараттарын басып алуға, қаржы ұйымдарын, банк­терді және тағы да басқа ұйым­дарды тонауға әрекет жасады. По­ли­ция қызметкеріне қару қолдану құқы «Құқық қорғау қызметі тура­лы» заңның 61-бабында қарасты­рылған. Өкінішке қарай, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде 19 қызметкер қаза тапты, оның 8-і ІІМ, 9-ы ҰҚК және 2-еуі Қорғаныс министрлігінің қызметкері. 3 жа­рым мың полицей мен әскери қыз­метші жарақат алды. Олардың ішін­де атыс қаруынан – 37, жарық­шақты және кесілген жара­қаттар – 49, сүйектері сынған – 128 адам. Көптеген қызметкер емделуді жал­ғастыруда және болашақта қызметін жалғастыра алмайды», – дейді Ішкі істер министрі. [caption id="attachment_187935" align="alignleft" width="1200"]қаңтар © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Мәйітханалардан қорқыту жолымен 51 мүрдені алып кеткен. Құ­қық қорғаушылар олардың бар­лығын да анықтады. Олар елміздің әртүрлі өңірлеріне әкетілген. Ве­домствоаралық жедел-тергеу топта­рының жұмысы барысында оларға эксгумация жасау туралы қаулы қабылданды. «Бүгінде біз 39 мүрдені қазып алып, қайта тексердік. Заң бойынша эксгумация жасау үшін соттың рұқсаты болуы керек. Біз барлық дерек бойынша да рұқсат алдық. Бұл шараларды молалардың әкімшілігі сот-медициналық сарапшылардың міндетті түрде қатысуымен жүзеге асырды. Олардың басым көпші­лігінде жәбірленуші деп танылған туыстарының жазбаша келісімі алынды. Эксгумация жасаудың негізгі себептері, біріншіден – өлім себебін нақты анықтау. Өйткені сол кездерде жасалып үлгерген тексеру мұны анықтауға жеткіліксіз. Оның қандай себептен: оқ тигеннен, пы­шақ жарақатынан немесе басқадай да соққылардан өлгенін анықтау, қосымша тергеу шараларын таға­йындауға қозғау салады. Ал 12 мүрде бойынша эксгумация жасалған жоқ. Прокуратура органдары қазір ол бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар бір айдың жобасында аяқталып, біз 51 мүрде бойынша қосымша хабарлаймыз», – дейді ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Тәртіпсіздіктерге ҰҚК қатысқан

Негізгі Мәжілістің жалпы оты­рысындағы сұрақтардың көпшілігі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қо­йылуы тиіс еді. Бірақ бұл органнан ешкім келмеді. Бәлкім, шақырыл­маған да болуы мүмкін. Әйтсе де, еліміздің қауіпсіздігіне жауапты ор­ганға қатысты тың ақпараттарды адвокат, Aqiqat қоғамдық комис­сиясының мүшесі Айман Омарова айтты. Ол жаппай тәртіпсіздіктерге ҰҚК қызметкерлері қатысқанын мәлімдеді. Арнайы қызметтің мұн­дай іске баруының бір себебі – Қа­зақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан ұлттық қоғамдық кеңес құрып, саяси және басқа да рефор­маларды жүзеге асырғаны үшін кек алу екен. Сондай-ақ аласапыранды пайдаланып, билікті күшпен басып алу. Әрине, оның сөздері қазіргі өзгерген құрылымдағы емес, қаңтар оқиғасына дейінгі сипатындағы ҰҚК қызметіне арналған еді. «Бұл жерде халықтың сенімінен баяғыда айырылған құқық қорғау органдары, сондай-ақ сот жүйесін де атап өту керек. Әсіресе, басшы­лығы мен қызметкерлері іс жүзінде шексіз билікке ие болған ҰҚК қыз­метіне назар аударғым келеді. Пре­зидент болып сайланғаннан бері Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқық­тарына ерекше назар аудара баста­д­ы. Бұл осы уақытқа дейін билікке ықпалды болып келген адамдарды қорқынышта ұстаған комитетке оңай тимеді. Жағдай олардың бақы­лауынан шыға бастады. Мүмкін сондықтан олар бейбіт митингілерді өз мақсаттары үшін қолданған шы­ғар. Өйткені «бейбіт жиналыстар туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, оны ұйымдастыру ескерту сипатына ие бола бастады. Әйтсе де, бұл хаос­ты Президент қана өзінің әрекеті­мен тоқтатып, мемлекетті сақтап қала алды. Мұны айту керек!» – деді Айман Омарова. Заңгер жасаған тағы бір тың мәлімдеме: қатты әсер еткіш калий цианиді уын ұрлауға ҰҚК қызмет­керлерінің қатысы бар екендігі. Ол қордайлық кәсіпкер Есбол Жап­пасов пен ШҚО-лық Ғалымжан Нақпаевқа қатысты қылмыстық істі мысалға келдірді. «Нақпаевтың ісі бойынша қой­ма­дан 15 бөшке калий цианиді ұрланған. Егер осы удың 500 грамы бір қаланың халқын улап тастауға жететінін ескерсек, бұл өте қауіпті. Қоймадан одан бөлек те химиялық заттар – каустикалық сода, азот қыш­қылы болған. Бұл істердің бар­лығында ҰҚК-нің қатысы бар. Олар криминалдық топтарға, бизнеске «крыша» болып, контрабанда, есірт­кі саудасын қадағалаған, шет­елден келетін қолма-қол ақшамен қамтамасыз ету, этникалық қазақ ретінде бүркемелеп адамдарды шек­арадан өткізу, БАҚ-ты қадағалау сынды жұмыстарды атқарған», – дей­ді Aqiqat қоғамдық комиссия­сының мүшесі Айман Омарова. Жиынның ашық форматта және тікелей эфирде өткені қаңтар оқи­ғасына қатысты маңызды сұрақтарға депутаттардың ғана емес, көпші­ліктің де жауап күтіп отырғанын, Мемлекет басшысының халықтан ештеңе жасырмау туралы тапсыр­масының мүлтіксіз орындалып жатқанын аңғартады. Мәжіліс қабырғасында кеше тек бір нәрсе ғана айтылмады. Ол жаппай тәртіпсіздіктер мен бүлікті ұйымдастырушылардың және олар­ға тапсырыс берушілердің кім екен­дігі. Тергеу құпиясына телінген бұл ақпараттың жария болуы уақыт еншісінде. Одан өзге барлық жай сөз болды. Оқиғаны тергеу кезіндегі азаптау фактілеріне кінәлілерді жа­уапкершілікке тарту, жасөспірім­дердің ата-аналарының жауапкер­шілігін көтеру, қаза тапқандардың отбасына көмектесу, ел тәуелсізді­гінің енді болмағанда қатерге ұшы­рағаны, билік пен халықтың арасы­ның ажырап кетуіне жол бермеу – халық қалаулыларының аузынан шырқыраған шындық боп шыққан сөз болды. Жиын соңында Мәжіліс Төраға­сы Ерлан Қошанов «Осы сын сағат­тарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шұғыл да жігерлі шешімдер қабылдап, елді осындай ауыр соққыдан алып шық­ты. Жағдай қысқа мерзімде тұрақ­тал­ды. Бүгінгі отырыста сөз сөйле­ген азаматтардың барлығы да Пре­зидентіміздің табанды шешім­де­рі­нің арқасында мемлекеттігіміздің сақталып қалғанын атап өтті. Уақыт өте келе, бұл елдік пен тұтастық­тық­ты сақтап қалу үшін жасалған бір­ден-бір дұрыс қадам екенін түсініп отырмыз. Заңдық тұрғыдан барлығы мінсіз болуы керек. Асығыстық танытуға болмайды. Себебі таразы басында адамдардың тағдыры тұр. Бұл жөнінде Президенттің – кінәсіз адам жазаға тартылмауға тиіс, ал қылмыскерлер қатаң жазасын алуы қажет деген тапсырмасы бар. Ол тапсырма мүлтіксіз орындалуы керек», – деп түйіндеді.