Айып апайдан ба, балақайдан ба?
Айып апайдан ба, балақайдан ба?
269
оқылды
Талдықорғандағы 9-сынып оқушысының мұғалімге ренжіп, балағаттап жатқан сәті әлеуметтік желіде тараған еді. Бейнежазбада оқушы мұғалімге ауыр сөздер айтып жатыр. Балағаттап жатқан да, бейнежазбаны түсірген де – оқушы. Егер шәкірт бүгін ұстазын балағаттаса, ертең жағдай не болмақ? Былай қарасаңыз, бейне­жаз­ба­да оқиғаның бір үзік сәті ғана бей­неленген. Сабақтың толық нұсқа­сы жоқ. Бала тепсініп тұр. Мұғалім қорғаншақтап қалған. Оған дейін оқиға қалай болды, бала неге жұл­қынып, тақта алдына шықты, мұ­ғалім неге оқушыларды игере ал­мады, бейнежазбаға түсірген кім? Беймәлім. Министр Асхат Аймағамбетов те бұл оқиғаға қатысты арнайы пікір білдірген. Ол мұғалімге ха­барласып, мән-жайды анықтаған. №4 орта мектептің мұғалімімен те­лефон арқылы сөйлестім. Ол бі­лім саласында 11 жыл бойы қыз­мет етіп келеді. Әріптесіме қолдау сөздер айтып, қажырлы еңбегі, шыдамдылығы мен адалдығы үшін алғыс білдірдім. Баланың ата-ана­сына қатысты әкімшілік іс қоз­ғалды. Өз тарапымыздан педагог­терге деген мұндай қарым-қаты­нас­ты, көзқарасты жойып, жолын кесу үшін қатаң шаралар қабыл­дай­тынымызды ескертемін. Қо­ғамда мұғалімнің мәртебесі жоғары болуы керек» деп жазды министр. Білім және ғылым министрлігі «Осы іске байланысты оқушының ата-анасын жауапкершілікке тарту үшін әкімшілік іс қозғалды. Соны­мен қатар белгіленген тәртіппен оқушыны есепке қою және оған психологиялық көмек көрсету ту­ралы мәселе де қаралады. Айта кетейік, мұғалімдерге деген мұндай көзқарасқа жол берілмейді. Тек мұғалімдер емес, ата-аналар да балалармен қоғамда өзін қалай ұстау керегі туралы әңгімелер жүр­гізуі маңызды», – деген еді. Бұл мұғалім мен мектеп оқу­шы­сының арасындағы алғашқы жанжал емес. Бұған дейін де бұл мәселе әлеуметтік желілерде бір­неше рет көтерілген. Осыдан екі жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысында оқушының мұғалімге сөз қайтарып, жанжалдасып тұр­ған сәтін сыныптастары бейне­жаз­баға түсіріп, әлеуметтік желіге таратқан. Ақтөбе қаласында елдің көзінше мұғалімін балағаттап, тәртіп бұзған оқушы 15 мың теңге айыппұл төлеген еді. Тізе берсеңіз, оқушысы мұғалімін айыптаған, мұғалімі оқушысына тіл тигізген оқиғалар желісі тізбектеліп кете береді.

Баланы қылмыскер етіп жіберген жоқпыз ба?

Әлеуметтік желіде бұл оқиғаға қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Даттағандар да, ақтағандар да көп. Таяқтың екі ұшы бар. Бала эмоциясын жасыра алмады. Мұғалімге қатты дауыспен, балағат сөздер айтып тұр. Мұнысын ақтай аламыз ба? Әрине, жоқ. Мұғалімнің мәртебесі жоғары болуы керек деп санаймыз. Ендеше бұл оқиғада баланың кінәлі екені бейнежазбада тайға таңба басқандай белгілі бо­лып тұр. Демек, ата-ана жауапкер­шілікке тартылады. Яғни, ата-ана­ны жауапкершілікке тарту үшін әкім­шілік іс қозғалып отыр. Соңғы жылдары бала құқығын шектемеу керек деген пікірлер жиі айтылады. Қазір заң басқа, заман басқа. «Балаларды ұрып-соғуға бо­лады» деген түсінік келмеске кет­кен. Z ұрпақ қалыптасып ке­леді. Осы орайда тығырықтан шы­ғудың жолы қандай? Психолог маман Ержан Мыр­забайдың пайымдауынша, бұл оқи­ғада біржақты пікір қалыптас­тыруға болмайды. «Бұл жағдайды бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде бақылап, қарап отырмын. Осы оқиғаға байланысты министр Асхат Аймағамбетовтің пікірін де оқыдым. Бұл жерде біз бір нәрсені анық түсінуіміз керек. Біз баланы оңбаған, қылмыскер, жаман ке­йіп­т­е көрсетіп жатырмыз. Ми­нистр де мұғалімді қолдап отыр. Мән-жайды анықтап білген ешкім жоқ. Екінші қателік – көпшілік баланы кінәлап жатыр. Үшінші қателік – ата-ананың рұқсатынсыз кәмелеттік жасқа толмаған бала­ның видеосын әлеуметтік желіге жариялап жібердік. Осы оқиға­лардан кейін баланың жағдайын көз алдыңызға келтіріп көріңізші. Ол бала мектепте оқи ала ма? Жоқ. Ол қоғамда өмір сүре ала ма? Жоқ. Өйткені балаға қылмыскер болу­дан басқа мүмкіндік қалдырған жоқпыз. Бала – ата-ана – мұғалім қарым-қатынасында басты жа­уапкершілік кімде? Әрине, ересек адамда», – дейді. Психолог бала­ның балағаттап, қатты сөз айтуы­ның себебін іздеп отырған ешкім жоқ екенін айтады. Мүмкін, мұға­лім баланы осындай жағдайға өзі жеткізген шығар. Ержан Мырзабай 45 минуттың бейнежазбасы, мектеп комиссия­сының шешімі, тәртіп комиссия­сының пікірі жоқ екенін айтып отыр. «Біз неге бір кадрмен ғана балаға жан-жақты баға беріп тас­тадық? Психикалық ауытқуы, не бол­маса, агрессиясы басым шығар, тіпті өзін-өзі ұстай алмайтын бо­луы мүмкін. Ондай жағдайда қатты айтпай, қолдау көрсетуіміз керек емес пе? Бұған дейін де мектептегі буллинг, кибербуллинг мәселесіне қатысты бірнеше жобамен жұмыс істедік. Сонда байқағаным, мұға­лім­дер тарапынан балаларға агрес­сия бар екен. Көп мұғалімдер ба­лаға ұрсып, балағаттауды жөн деп біледі. Көп мұғалімдердің эмоция­лық интеллектісі дамымаған», – дейді. Мектепішілік комиссия, ау­дан­аралық комиссия құрылып, мәселенің анық-қанығын тексер­гені абзал. Содан кейін ғана шешім шығарып, іс қозғалуы тиіс екенін айтып отыр психологтер. «Бұл жаста балалар да қиын кезеңді бастан өткереді. Гормон­дық, физиологиялық өзгерістер болады. Мұндай эмоцияға берілуі қалыпты нәрсе. Мұғалім полиция­ға арызданып жатыр. Бұл – абсурд. Егер біз әр балаға айғайлаған мұ­ғалімдердің үстінен арыз жаза бе­ретін болсақ, онда мектепте мұға­лім қалмас еді. Керісінше, біз ба­ланы қамқорлығымызға алып, ме­йірім танытқанымыз жөн. Егер бала «оңбаған», «бұзақы», «тәр­тіпсіз» болса, онда оған мектептің де кінәсі бар. Бала тоғыз жыл бойы сол мектепте оқып келді ғой», – дейді психолог. «Ең алдымен, мұғалім де өзге­руі керек» деген пікірді алға тартты психолог Серікгүл Сали. Оның айтуынша, ұстаздың өзін-өзі ұс­тауы, баламен қарым-қатынас жасау формасы, білім беру үрдісі өзгеріссіз қалып отыр. «Осы жерде ақау бар. Ұстаз ескі модельмен қалғандықтан, оқушымен екеуінің қарым-қатынасында өте көп қа­теліктер кетіп жатыр», – дейді психолог.

Бейнежазбаны тарата берудің қажеті жоқ

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сү­лейменова осылай дейді. Депу­таттың айтуынша, сабақ беретін пән ұстазы тек сабағын беріп, бағасын қойып, СОР мен СОЧ өткізеді деген ойдан арылу қажет. «Бүгінде баланың тәрбиесіне тек тәрбие жұмысы жөніндегі дирек­тордың орынбасары және сынып жетекшісі жауапты деген қате түсінік бар. Ұстаз сабақ барысында да өзінің тәлімімен, мәдениетімен және мінез-құлқымен оқушыға өнеге болуы қажет. Баршамызға белгілі, өтпелі кезеңде отбасының бала тәрбиесіндегі рөлін кемітіп алдық. Сондықтан баланың тәр­биесіне тек мектеп жауапты деген қасаң түсінік қалыптасты. Ол тү­сінік әлі күнге дейін бар. Оқу­шыларымыз бен жасөспірімдердің моральдық, мәдени құндылық­та­рын және психологиялық ұста­нымдарын қалыптастыратын не­гізгі орта – мектеп, ұстаздар, оқу­шылар. Сондықтан ұстаздың рөлі тек өз пәнін үйрету емес, сабақтың барысында да, сабақтан тыс уа­қытта да баланы тәрбиелеу екенін естен шығармау қажет. Мектепте «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» құн­дылығы баланың өмірлік ұстаны­мына айналуы қажет қағида. Оны өмірлік принципке айналдыратын – ұстаздар, мектептегі білім беру ортасы. Егер баланың отбасындағы тәрбиесі дұрыс емес деген салғырт педагогикаға жол беретін болсақ, оның арты мемлекетімізді де, мек­тебімізді де ұшпаққа шығармасы анық», – дейді депутат. Әбу Насыр әл-Фарабидің «Тәр­биесіз берілген білім – адам­заттың қас жауы» деуі тегін емес. Мектептен оқушы білім ғана алып шықпайды. Ұлттық құнды­лық­тар­ды, негізгі ұстанымдарды бала са­насына мектептегі білім мен тәр­бие арқылы сіңіріп өссе, қате­ліктерге жол бермес еді. Баланың ата-анадан бөлек, уақытының көп мөлшерін өткізетін орны – мектеп. Ұстазы мен қатарлас достары. Бір-біріне өнеге беріп, бір-біріне кө­мек қолын созып, бір-біріне сүйе­ніш болса, бала да «жаман әдеттен» арылар еді. «Бүгінгідей интернеттің ақпа­рат тасқыны күшті заманда, ба­ланың, өкінішке қарай кейде тауы шағылып, көңілі қалып, күйзеліске ұшырайтын ортасы – мектеп. Сон­дықтан мектепте медиация инс­ти­тутын дамыту керек. Әлсізге әлімжеттік жасайтын, жетімді жәбірлейтін қатігездікке мектептен жол бермеу керек. Ең ал­дымен, Білім және ғылым ми­нистр­лігі мектептердегі жүргізі­летін тәрбие жұмысының концеп­циясын жаңадап зерделеп, зерт­теулерге сүйене отырып, қолдан­балы сипатта болуына ден қойып, жаңа мазмұнда қайта бекітуі қажет. Қолданбалы сипатта дейтініміз – сабақ барысында игерілетін пәндік біліммен қатар, дағдылар, мінез-құлықтың сипаттары да аталған концепцияда көрініс табуы қа­жет», – дейді Жұлдыз Сүлейменова. Сол себепті бұл мәселенің түйі­нін оқушыдан да, мұғалімнен де іздеу дұрыс емес. Психолог Ержан Мырзабай айтқандай, әр баланың тағдырына ересектер де жауапты. Қоғамға сауатты, саналы, білімді бала керек пе, әлде «бұзық», «қыл­мыскер», «оңбаған» бала тәрбиелеп шығарамыз ба? Сондықтан да бізге керегі – медиация институтын қа­лыптастыру. Сонда ғана мәселенің түйіні тарқатылар еді. Бұл – бір. Екіншіден, мұндай оқиғаларға қа­тысты әлеуметтік желіде түрлі пі­кір­лер айтылып жатады. Тек бір нәрсені ұмытпаған абзал: оқиғаға біржақты қарау арқылы мұғалімге де, оқушыға да, ата-анаға да қиянат жасап жібермейік.

Айым БЕКТҰР