Шалғайдағы аурухана: ұжымның берекесі кетті

Шалғайдағы аурухана: ұжымның берекесі кетті

Шекара шебіндегі Катонқарағай ауданының шалғайдағы ауылдарында медициналық кадрлар тап­шы. Мәселен, бұрын аудан орталығы болған Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауы­лын­дағы ауруханада соңғы жылдары бас дәрігер тұрақтамай, ұжымның берекесі қашқан.

Бұрынғы бас дәрігердің былықтары

Катонқарағай ауылындағы №2 аудандық аурухананың қазіргі ахуалына тоқталмас бұрын сәл шегініс жасауға тура келеді. Түсінікті болу үшін айтсақ, аталған медициналық мекемені 2021 жылға дейін, яғни 20 жылдан астам уақыт Арқабек Қадырбаев басқарған болатын. Былтыр шілде айында Эльмира Нұралина бас дәрігердің міндетін атқарушы болып тағайындалған-ды. 2021 жылдың басында аурухананың бір топ қызметкерлері коронавирусқа шалдыққан науқастармен жұмыс істесе де, жұмыста жүріп өздері жұқпалы індетті жұқтырса да, мемлекет тарапынан тағайындалған бірреттік әлеуметтік төлемді де, үстемеақыны да толық алмағанына шағымданып, бұған аурухана басшылығын кінәлаған еді. «ПТР-тест тапсыр­ғанда менде нәтиже оң болып шықты. Компьютерлік томографияға жіберді, өкпемнің 40 пайызы зақымданған деді. Мен 2 миллион теңгені алуға тиіс болғанмын, себебі ауруханаға түскен бүкіл науқастармен тікелей жұмыс істедім. Құжатымызды жинап алып, әрі қарай кеткенін айтты. Кейін анықталғандай, біздің құжаттарымыз аудан орталығы Үлкен-Нарын ауылында жатыпты. Оны да өзіміз барып білдік» деген еді сол кезде осында жұмыс істейтін медбике Гауһар Шайзадина. Сол уақытта аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде еңбек еткен медбике Эльмира Рафхатқызы: «Мен 2020 жылы шілде айының басында ауырдым. Ешқайда шықпай, өзім жұмыс істейтін бөлімде жатып емделіп, жұмысымды жалғастыра бердім. Біздің бастық «Егер ауырып жүріп жұмыс істегеніңізді білетін болса, менің басым кетеді», – деді. Сондықтан айтпауымды өтінді. «Мен саған дәрілеріңді берем», – деді. Жалпы, біз 2020 жылдың сәуірі мен шілде аралығында 69 науқасты емдеп шықтық. Құжаттарымызды 3 қазаннан жинай бастады. Біз құжаттарымызды жинап үлгердік, бірақ аурухана басшылығы уақытында өткізбеді», – деген-ді. Осы шағымдар негізінде арнайы тексеріс жүргізген Шығыс Қазақстан облыс­тық Мемлекеттік еңбек инспекциясы бас­қармасы аурухана басшылығының көп кемшіліктерге жол бергенін, Еңбек кодексінің бірнеше бабын өрескел бұзғанын анықтап, медициналық мекеме қызметкерлеріне берілмеген бірыңғай әлеуметтік төлемнің көлемі 2 миллион теңгеге жеткенін айтқан болатын. «Еңбек шартының бір данасы барлық қызметкерлерге бірдей берілмеген, жұмыс берушілердің өздерінде болған. Шағым түсірген қызметкерлердің еңбек шартында басқа жағдайларда еңбекке ақы төлеу (зияндылығы үшін үстемеақы және психо-эмоционалдық жүктеме) көрсетілмеген. Жұмыс беруші тиісті органдарға коронавируспен ауырған қызметкерлері туралы мәліметті дер кезінде бермеген. Сонымен қатар пандемия кезінде жұмыс істеген аурухананың көлік жүргізушілеріне де үстемеақы дұрыс төленбеген. Көлік жүргізушілеріне іссапар шығындары толық көлемде берілмеген. Аурухананың кейбір қызметкерлері партияға мүше болмаса да, ай сайын партиялық жарна ұсталып келген. Дәрігерлердің жазбаша келісімдері де болмаған» деп жазған болатын облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы К.Әбілқайыров 2021 жылғы 18 ақпанда жедел жәрдем жүргізушісі Ермек Тұрдығожинге жолдаған жауап хатта.

Жұмыстан шыққан қызметкерлер, онлайн мамандар

Біз пікірлескен аурухана қызметкерлерінің сөздерінен түйгеніміз, мекеменің жаңа басшысы ұжымдағы жағдайды түзеудің орнына одан әрі ушықтырған. Ұжым қызметкерлері бірер жылдың ішінде дәрігер-гинеколог Қ.Жампейісова, анестезиолог-реаниматолог С.Тоқымов, медбике Э.Рафхатқызы, статист Д.Дәуренбекқызы, бағдарламашы Б.Болысова, заңгер Б.Қасайынов, инженер Т.Бейғанов, көлік жүргізушісі А.Труханов, экономист А.Қалибекова, кадр бөлімінің қызметкері А.Жампейісова секілді әріптестері жұмыс­тан шығарылғанын айтады. Бас дәрігер міндетін атқарған маман мекемені басқарған кезде жұмыстан босатылған дәрігерлердің бірі – гинеколог Қабижамал Жампейісова. Осында 37 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан соң маман тапшылығына байланысты жұмысын жалғастырған білікті маман жұмыстан шығып қалғанына еш өкінбейді. Өзі қаншама жыл тер төккен шаңырақтағы берекесіздіктерге жаны ауырады. «Бізге бас дәрігер міндетін атқарушы болып келген Эльмира Нұралинаның Катонқарағай ауылында «Беловодье» деген демалыс орны бар. Жарайды, мұнда тұрған ештеңе жоқ шығар. Ең сорақысы, онлайн жұмыс істейтін, алыста отырып ақша алатын адамдар көбейді. Педиатр да, терапевт те, бағдарламашы да, заңгер де, экономист те онлайн. Бұдан кейін қайтіп жұмыс жүрсін? Күнделікті халыққа көрсететін қызметімізді есептейтін жақсы статистика кабинетіміз бар еді. Ол кабинетте отыратын дәрігер қазір декретте, оның орнына сонау Таразда тұратын бір кісі жұмыс істеп отыр. Есептерді күнделікті WhatsApp-қа жібереміз. Көп мәселелер шешілмей қала береді. Лаборант дәрігеріміз зейнетке шыққан соң аяғы ауыр әйелдерден талдау алынбайтын болды. Бұл талдауды 9 айда үш рет тапсыру керек. Симптомсыз тарайтын аурудың алдын алу үшін жасалады», – дейді ол. Өзі жұмыс істеген бөлімдегі кемшіліктерді жасырмай айтқаны үшін жұмыстан кетуге мәжбүр болғандардың бірі, 2019 жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен осы ауруханаға жұмысқа тұрған жас маман – Эльмира Рафхатқызы. «Былтыр қыркүйек айында еңбек демалысынан келгенімде 2011 жылдан бері жұмыс істеп келген жұқпалы аурулар бөлімін аурухананың 2-қабатына ауыстырыпты. Жұқпалы аурулар бөлімі санитарлық нормаларға байланысты бөлек орналасқан болатын. Осы және басқа да мәселелерді басшымызға айттық. Жауап болмаған соң өзге де әріптестеріммен бірге құзырлы орындарға хат жаздық. Айналып келгенде, жалғыз өзімді ғана жұмыстан қысқартып жіберді. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен келген жас маманды 3 жыл жұмыспен қамтамасыз ету аудан әкімінің де жауапкершілігіне кіреді. Қысқартылатынымды естіп, аудан әкімінің орынбасарына хабарласқанымда: «Тыныш жүру керек болған» деген жауап алдым. Ал Катонқарағай ауданының экономика бөлімі «Сені сотқа береміз, тиесілі уақытқа дейін жұмыс істемедің» деп мені айыптап жатыр. Жұмыстан өз еркіммен кетпегенімді айтсам, түсінбейді», – дейді осы аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде медбике болып жұмыс істеген жас маман.

Ауруханаға қандай мамандар қажет?

Жақында Катонқарағай ауданына жұмыс сапарымен барғанымызда Катонқарағай ауылындағы ауруханаға арнайы соғып, барлық бөлімдерді аралап, дәрігерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Медициналық нысанның терапавт дәрігері Гаухар Бисатова аурухананың талдауларды қабылдайтын зертханасына дәрігер-лаборант қажет екенін айтады. «Қазір екі медбике лаборант қалды. Талдау тапсыратын кісі көп. Жүктеме көп. Уақытында компьютерге, базаға кіргізіп үлгермейді. Соның кесірінен талдаулар уақытында шықпай қалады. Алыс ауылдардан келген науқастар шағымданып жатады» деген ол коронавируспен ауыратын науқастарға қызмет көрсету барысында киетін бірреттік қорғаныш құралдары көбірек болса деген тілегін жеткізді. Аурухана қызметкерлерін алаңдатып жүрген жайттың бірі – бұрын өз алдына бөлек жұмыс істеген инфекциялық бөлімнің балалар бөлімімен біріктірілуі. «Жұқпалы аурулар бөлімі деп атының өзі айтып тұрғандай, жұқпалы аурулар бөлімі өз алдына бөлек болуы керек. Барлық жерде солай. Бізде де бұрын солай бөлек ғимарат ретінде салынған. Қазір ішек ауруымен, жөтелмен ауырған бала да, ларингит болған бала да – осы бөлімде. Бәрі бірге. Бұл – дұрыс емес. Ал үлкен адамдар жұқпалы аурумен ауырса, баратын жерлері жоқ», – дейді балалар бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-инфекционист, педиатр Гүлмира Сәкенова. Хирургия және перзентхана бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, бөлімге хирург, анестезиолог және травматолог мамандар қажет. «Бұған дейін жеңіл-желпі операцияларды жасап жүргенбіз. Өзі хирург, өзі анестезиолог, өзі реаниматолог Серік Тоқымов деген білікті маманымыз жұмыстан кеткен соң операция жасауды қойдық. Операция жасау үшін анестезиолог керек. Бөлімге тағы бір хирург қажет. Әрине, шұғыл көмек керек болса, күрделі опе­рация жасай аламыз. Қажетті аппараттар бар. Тек мамандар жоқ. Алдағы уақытта травматология бөлімі ашылса да артық етпес еді», – дейді Катонқарағайға Алматыдан жұмысқа келген хирург Данияр Әбілдаев. Хирургия және перзентхана бөлімін аралағанда мұндағы қызметкерлер бұрын наркоздың зияндылығы үшін деп барлық қызметкерлерге жарты литрден сүт берілгенін, қазір оның тоқтап қалғанын, интенсивті терапия палатасы өртеніп кеткенін, одан кейін жөндеу көрмей тұрғанын, оттегі баллондарын әлі күнге дейін қолмен таситынын айтып, оттегі стансасы салынса деген өтініштерін алға тартты. «Ұят та болса айтайық, ХХІ ғасыр болса да бинт орнына дәкені (марлы) кесіп, қолмен жыртып, қолданып жүрміз, қараша айынан бері. Физраствор, супрастин жоқ. Шприцтер жетіспейді. Витаминдерді жиырмалық шприцпен салып жүрміз. Негізі, екілік шприцпен салуымыз керек», – дейді бөлім қызметкерлері.

ТҮЙІН: 

Мәселенің анық-қанығын білейік деп облыстық Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің де пікірін тыңдадық. Басқарманың әкімшілік бөлімі Катонқарағай ауылындағы №2 аудандық аурухананың бас дәрігері міндетін атқарған Эльмира Нұралинаның 2022 жылдың 1 наурызынан өз өтініші негізінде жұмыстан босатылғанын, қазір Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тексеру жүргізіп жатқанын айтты.

Шығыс Қазақстан облысы