Кедендегі былыққа заңның өзі «жол ашқан»
Кедендегі былыққа заңның өзі «жол ашқан»
320
оқылды
Кеденнің жыры бітер емес. Қытаймен шекарадағы өткізу бекеттері былыққа түбірімен батқандай екен. Себебі контрабандалық тауар өткізу мен жемқорлыққа еш кедергі болмай келген. Таяуда билік сол заңсыздықтың бәрін жоймақ ниетте. Дегенмен осы кезге дейін асып-тасығандарға заңдағы олқылықтар мүмкіндік беріп қойғаны бізді таңғалдырып отыр. Яғни, осыған жол бергендер қатарында шенділер де болғанға ұқсайды.

Миллиардтар неге жоғалды?

Жыл басынан бері Қытаймен шекарадағы кеден мәселесі жиі тал­қыланып кетті. Бұрын да заңсыздық пен жемқорлық белең алғанын көбі айтатын. Енді билік кедендегі асып-тасқан жасырын топтардың заңсыз бизнесін ауыздықтауға кі­ріскен тәрізді. Расы сол, қыруар қар­жының ошағындағы ықпал­дыларды тоқтату оңайға түспей­тін­дей. Әуелі мәселенің жай-жапсарын шолып шықсақ. Сауда және инте­грация министрлігінің дерегіне үңіл­сек, былтыр Қазақстанның өзге елдермен тауар айналымы 2020 жыл­мен салыстырғанда 17,4 па­йызға артып, 101,5 миллиард дол­ларды құраған. Экспорттың көле­мі – 60,3 млрд доллар, импорт – 41,2 млрд доллар. Басқасын айт­па­ғанда, Қазақстанның ең ірі негізгі 3 сауда серіктесі ғана бар. Қос көр­шіміз – Ресей (тауар айналымы 24,2 млрд доллар) мен Қытай (18,2 млрд доллар) және кәрі құрлықтағы Италия елі (9,6 млрд доллар). Ресеймен кедендік одақта болған соң шекарада қатаң кедендік шек­теулер болмайтынын білеміз. Ке­денге қатысты шикілік шығыстағы көршімізбен түйіскен жерде шығып тұр. Жоғарыда екіжақты сауда кө­лемінің 18,2 миллиард доллар еке­нін айттық. Соның шамамен төрт­тен бір бөлігі екі ортада жоқ болып шықты. 4 млрд доллардан астам ақ­ша кімнің қалтасына кетіп жа­тыр? Демек, кеденде көбі айтатын жемқорлық белең алған. Алаңдауға негіз болған соң мә­селе биік мінберлерде де көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев кедендерге тексерісті бастап, соның ішінде әсіресе «Нұр­лы жолға» назар аудару керегін айтып, жауаптыларға тапсырма бер­ген. Кейін кедендегі бірнеше жа­уапты қызметкер ұсталды. Ізін ала Ұлттық экономика министрлігі Қытайдан келген тауарлардың кеденде арзандай қалатынын рас­тады. Яғни, әрі-бері жүк тасығандар еш қиындықсыз салықтан жал­тарған. Ол үшін кеденшілер өз үле­сін алып отырғаны айтпаса да анық. Еліміздің сыртқы сауда статис­ти­касы Қытай тарапының дерегімен сәйкеспей қалады. 2018 жылы осындай алшақтық 5,9 млрд доллар, 2019 жылы 6,1 млрд доллар, 2020 жылы 5,3 млрд доллар, 2021 жылы 5,6 млрд долларды құраған. Эко­номикалық контрабанданың ашық көрінісі. Кесірінен ел қазынасы тү­­суі тиіс қыруар ақшадан қағылды.

Контрабандамен айналысу қиын болмапты

Бір қызығы, кеденнен ақша жымқырғандардың тайраңдауына қылмыстық жауапкершіліктің же­ңіл болғаны да әсер еткен сыңайлы. Бұрын Қазақстанда экономикалық қылмыстарды ізгілендіру науқаны жүрді. Сол арқылы контрабанда қыл­мысы бойынша жауап­кер­ші­лік­ке тарту қиындап кеткен. Мы­салы, қазір «ірі мөлшердегі контра­банда» мөлшері 5 мыңнан 10 мың айлық есептік көрсеткішке дейін көтерілген. Ал 2015 жылға дейін бұл мөлшер 1 мың АЕК болған. Демек, бұрынғы «ірі контрабанда» қыл­мы­сы енді жеңіл қылмыс санатына өтіп кеткен. Аса ірі мөлшердегі кон­трабанда залалының құны 10 мыңнан 20 мың АЕК-ке дейін өс­кен. Шамамен 61,2 млн теңге. Со­ның кесірінен көп адам жазадан құ­тылды, еркінсіді. Дәлелі мынау – 2018 жылы экономикалық контра­банда фактілері бойынша, Қазақ­станда сотқа дейінгі тіркелген тер­геулер саны 71 болған. Ал келесі жылы лезде 28-ге түсіпті. Бұның бар­лығы елдің бас экономисі Әлі­бек Қуантыров келтірген деректер. [caption id="attachment_188111" align="alignleft" width="1200"]кеден былық © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Заң әбден контрабандистердің ырқына бейімделіпті. Шамасы, билікте жүргендер ішінен солардың сойылын соғатын ықпалдылардың болғаны даусыз. Экономикалық контрабандаға қатысты белгіленген мөлшер азайып қана қоймай, жаза да қоса жеңілдеген. Кеденнен біреу салығын төлемей, заңсыз жүк өткіз­ді делік. Егер тауарының құны 30,63 миллион теңгеден кем болса, айыптыға түк те болмайды. Жай әкімшілік тәртіппен қаралады. Бол­ды. Жазықты әрі қарай ісін дөң­гелете береді. Әкімшілік жауап­кер­шілік қаралғанымен жарытып айыппұл да төлемейді. 30 миллион теңгедей контрабандалық тауармен ұсталған адам 132 мың теңге ғана төлеген. Сұмдықты көкесі әлі алда. Заңсыз тауар алып өтіп, азғантай айып­пұлын төлеп құтылған адам­ның жаңағы контрабандалық мүлкі де тәркіленбеген. Абырой болғанда, таяуда Ұлт­тық ­экономика министрлігі заңна­малық түзетулер әзірлепті. Енді алдағы уақытта көлеңкелі эконо­ми­каға тұсау болып, заңсыз жүк тасушылар қатаң жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Қылмыстық топтар ықпал еткен

Кеден саласындағы сорақы­лық­тарды одан әрі тереңдеп білу үшін біз сол саладағы тәжірибесі бар мамандарға сұрау салдық. Сөйт­сек, шикіліктің тамыры сонау 2000 жылдардан-ақ жайылыпты. Мұны бізге кеденде басшылық қыз­меттер атқарған ардагер, полковник Бекен Нұрахметов тарқатып айтып берді. Оның сөзінше, әуелден ке­денге қатысты шешілмей тұрған 3 міндет бар екен. Біріншісі – шека­ралық кедендердегі сыбайлас жем­қорлықты жойып, кадрларды кә­сіби шеберлігіне қарай іріктеп, ке­деншілерді қылмыстық топтың ық­палынан ажырату. Екіншісі – контрабандаға қарсы үзілді-кесілді тосқауыл қою. Үшіншісі – басқа қал­­таларға кетіп жатқан кедендік төлемдерді түгелдей мемлекет қа­зы­насына түсіру. Б.Нұрахметов біз­ге 2002 жылы тікелей астанадан түскен бұйрық бойынша Қытаймен шека­радағы барлық кеденнің заң­сыз­дық­қа қатысы болуы мүмкін бас­­шылары ауысқанын айтады. Орнына нағыз іскер азаматтар келген. – Мысалы, «Қорғас» кеден бе­кетінде 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап 14 ақпанына дейін импорт­талған тауармен 998 жүк машинасы өткен екен. Ал түскен кедендік тө­лемдер 100 миллионға да жет­пей­ді. Жүк тасыған әр көліктегі тауар­дың салмағы мен кедендік құны 15-20 есеге дейін төмендетілген. Яғни, миллиард теңгеден артық қы­руар ақша мемлекет қазынасына түс­пегенін білдік. Содан соң Е.Абдрахманов есімді азамат сол ке­денге басшылыққа барып, бәрін тү­зетті. Осының арқасында сол жыл­дың бір ғана сәуір айында рес­публикалық бюджетке кедендік тө­лем­дер бойынша 1 миллиард 86 мил­лион 473 мың теңге аударылды. Бі­рақ қиындықтың бәрі кейін бас­талды. Шекарадан өткен әр көлік­тен өз үлесін алып отырған құқық қорғау органдары мен бандиттік құрылымдар «несібеден» қағыл­ғысы келмей, жұмысын адал істеген кеденшілерге түрлі жолмен шабуыл жасады. Кеденшілерді ақпарат құралдары арқылы жамандатты, жалған жолмен қасақана қылмыс ұйымдастырып, соттатып жібергісі келді. Бала-шағаларына да қауіп төн­ді. Міне, сол кезден-ақ кедендегі заңсыздыққа мүдделі ықпалды адам­дардың болғанын біле бері­ңіз, – дейді ол. Иә, қазір де заңсыздықтың көп болып тұрғанына қарап, сол кездегі қылмыстық құрылымдардың ызға­ры әлі де бар секілді деп ойладық. Әйтпесе жыл сайын миллиардтаған ақша қайда кетеді? Ал Бекен Нұрах­метов кедендегі заңсыздықтарды жоюға бағытталған шаралардың биыл ғана аздап жемісін бере бас­тағанын айтады. Енді жауаптылар заңсыздықты түбімен жойса игі. Онсыз кеденнің жыры жалғаса беретін тәрізді.