Сансыз санкцияның астында қалған экономикалық одақтасымыз Ресейдегі жағдай ұлттық валютамыз теңгені де кері тартып жатыр. Төл ақшамыздың аз уақытта біршама құнсызданғанын көрдік. Ал Ұлттық банк мәселені қаржы шығындап, интервенция жасау арқылы шешуге ұмтылып отыр. Бірақ одан нәтиже бола ма, осы іс шығынды ақтай ма? Жасыратыны жоқ, интервенциялық саясат еліміздің алтын валюта қорын құртып тынуы мүмкін. Сонда тығырықтан шығар қандай жол бар, қаржы сарапшылары бұл жайлы не дейді?
Иә, санкция салдары әлден-ақ білініп жатыр. Ресейдің рублі соңғы он шақты күннің ішінде екі есеге жуық құнсызданып кетті. Ал оның теңгеге тигізетін әсері көп. Украинадағы жағдай басталғанға дейін доллар бағамы 430 теңгенің маңайында жүрген, осы күні 500-ден асып кетті. Бұлай тұра берсе, теңгеге қысым күшейе берері сөзсіз. Шыны сол, қазір көп қаржы сарапшылары доллар бағамын Ұлттық банк қаражатын сатып ұстай алмайтынын айтып жүр. Интервенция жағдайды түк те оңалтпайтынын жеткізген. Дегенмен Ұлттық банк басқа жолды таба алмай отырса керек. Өткен бір аптада 420 млн долларға валюталық интервенция жүргізген. Қаржы нарығындағы жағдай құбылмалы. Ал Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату өткен аптада 240,2 млн долларға шыққан. Осылай Ұлттық банктің валюталық интервенциялары мен Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 92,9 пайызын құрапты.
Теңгенің құнсыздануы бағаның өсуіне, инфляцияның көтерілуіне алып келері сөзсіз. Инфляция көтерілсе, банктердегі пайыздық мөлшерлемелер өседі. Экономикаға инвестиция салынбай қалады. Онсыз да жұртты алаңдатқан құрылыстың бағасы одан әрі артады. Өйткені біздің экономикаға шетелден келетін материалдың үлесі тым көп. Енді арғысын болжай беріңіз.
Жалпы, интервенция тақырыбы 2015 жылға дейін ашық айтылмады. Сол жылдан бастап Ұлттық банк валюталық интервенциялардың таза көлемі (сатып алу мен сату арасындағы айырмашылық) туралы ай сайын жариялай бастады. Кейін бұл амал әдетке айналып кетті десек жалған емес. Бір ғана 2020 жылы Ұлттық банк 1,9 млрд долларды интервенция арқылы теңгеге дем беруге жұмсаған. Интервенциядан бөлек, қымбатшылық пен пандемияға қарсы күреске жұмсалған қаражат есебінен Ұлттық қор 5 млрд долларға азайып қалғаны есте. Одан бөлек, Қазақстанда ұлттық компаниялардың валюта түсімдерінің бір бөлігін сатуды міндеттейтін мәжбүрлі шешімдер болды. Одан түскен қаражат теңселіп жүрген ұлттық валютаны қолдауға бағытталды. Сарапшылар бұл әдіс доллар тапшылығы кезінде теңге бағамына айтарлықтай көмектессе де, Ұлттық банктің жеке секторға доллар сатып алуды міндеттей беруге құқы жоқ екенін талай айтқан. Яғни, интервенцияға қатысты сан түрлі пікір мен дау көп. Біз үшін осы кезде маңызды болып тұрған – «интервенциядан жақсы нәтиже бола ма?» деген сауал.
Қаржыгерлер не ойлайды?
Көп созбай-ақ, қазір теңгеге зиянын тигізіп жатқан себептер мен мәселені шешу жолдарын қарастыруды жөн санадық. Бәріне мәлім дүние – теңге рубльге қосақталып, байланып қалған. Оған әсер еткен факторлар жетерлік. Жақын арада бейтарап бола қалуы да мүмкін емес. Қаржы сарапшысы Жанат Нұрғалиев те қазіргі жағдайдың біз ойлағаннан ауыр екенін айтып отыр. Оның пікіріне сенсек, әзірге теңге тұрақтылығы үшін интервенциядан басқа жол жоқ. Сондықтан амалдай тұруға тура келеді.
– Осы күні барлық жерде девальвация. Ресейге салынған санкциялар оңай болмай тұр. Импорттың түгелге жуығы көршіміз арқылы келеді. Басқа түгілі, сіріңкенің қорабын да сол елден аламыз. Отандық өндіріс ауыз толтырып айтуға келмейді. Импортқа байланысты бір жол бар – Қытаймен сауданы арттыру. Ал қайта-қайта интервенция жасай беруге мүмкіндігіміз жоқ. Бұл әрекет тағы 2 аптаға созылар. Сосын тағы девальвация болады. Негізі қазір доллар бағамы теңгеге шаққанда 600-650 теңгенің маңайында болуы тиіс еді. Амалдап ұстап тұрмыз. Қазіргі сенеріміз – Алтын валюта қоры. Теңге тек Украинадағы қақтығыс бітіп жатса тұрақтануы мүмкін, – деді Жанат Нұрғалиев.
Сарапшы биліктің қамсыз отырмағанына тоқталды. 14 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғау және елдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ел аумағынан 10 мың доллардан аса қағаз ақша алып шығуға тыйым салатын қаулыға қол қойды. Бұған қоса, 100 грамнан астам аффинирленген алтынды елден әкетуді шектеді.
Ал Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға тигізетін жанама зияны барын, оған тосқауыл болу тікелей Ұлттық банктің жұмысына байланысты екенін айтады. Оның сөзінше, кез келген мемлекетпен сыртқы экономикалық байланыстың негізгі өлшемі бар. Оған өңдеу өнеркәсібі мен сыртқы сауда бойынша сауданың көлемі жатады. Еліміз Еуразиялық экономикалық одақ аясында кейінгі жылдары Ресей мен Беларусьтен келетін өңделген тауарлардың үлес салмағын, импортын ұлғайтып алған.
– Ол екі жол арқылы жүзеге асты. Біріншіден, Еуразиялық экономикалық одақ, Кеден одағы аясындағы біртұтас экономикалық кеңістікте осы екі елден тауарлар мен қызмет көрсетудің жаппай біздің нарыққа ену процесі. Екіншіден, ұлттық валюта бағамы нығайып, рубль бағамы төмендеген кезде Ресейдің өңделген тауарының экспорты ұлттық өндірушілерді ығыстыратын процесс болды. Сондықтан Ұлттық банк валюта бағамы саясатын айқындағанда екі тактикалық-стратегиялық әдісті қолдануы керек. Бірақ ол байқалмайды. Ресми мәлімдемеде айтылмады. Бірінші тактикалық әдіс – рубльдің бағамы төмендеген сайын теңгенің бағамын Ресей валютасының бағамына сәйкестендіріп ұстап тұру керек. Бірақ мұның мерзімін, валюта интервенциясы көлемін, батыстың Ресейге салған санкцияларының ықпалын бағалау мәселесі бізде дұрыс жасалмай тұр, – дейді маман.
Маманның сөзіне сенсек, батыстың Ресейге салған санкцияларын екі топқа бөлуге болады. Алғашқысы – Ресейдің Орталық банкінің активтерін бұғаттау немесе басқа да коммерциялық банктерге салынған санкциялар, банкаралық SWIFT аударма жүйесі бойынша, қаржы саласындағы санкциялар. Яғни, дереу әрі дәл соққы беретін санкциялар екен. Ал екінші тобы орта және ұзақ мерзімге бағытталған.
– Ұлттық банкке екі әдіс керек дедік. Отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін ұстап тұру үшін әлсін-әлсін девальвация жасап, валюталық интервенция жасау әдісін санкциялардың бірінші тобына қолдану керек. Келесі әдісті Ұлттық банк бірінші топтағы санкциялардың ықпалы экономикада толық көрініп, екінші топтағы санкциялардың алғашқы ықпалы біліне бастағанда қолданылу керек. Яғни, өңдеу өнеркәсібі тұншыға бастаған кезде Ұлттық банк дереу интервенциядан бас тартып, валюта бағамын ішкі экономика мүддесіне сәйкестендірген жөн. Өкініштісі сол, Ұлттық банктің басшыларынан осындай пайым байқалмайды, – дейді Қайырбек Арыстанбеков.
Иә, алаңдайтындай жөн бар. Қазақстан аз уақытта теңге бағамын интервенциялауға жарты миллиардқа жуық доллар жұмсады. Егер осындай процесс жалғаса берсе, алтын валюта резерві таусылуы мүмкін. Сондықтан сарапшылар бұл салада кешенді шаралар керегін ескертіп отыр.
Түйін:
Кез келген қуатты валютаның артында қуатты ұлттық индустрия тұрады, сол фактор қаржы жүйесінің тұрақтылығына кепілдік береді. Ал біздің елде валютаның тұрақтылығы толығымен сыртқы факторға, оның ішінде мұнай бағасына да тәуелді. Мемлекеттік бюджеттің негізгі доноры – Ұлттық қор. Ұлттық қордың негізгі түсімі – шикізат көздерінен түскен салық. Біздің болжауымыз бойынша, теңселген теңгеге интервенция жасау алдағы уақытта да жалғаса беретіндей. Әзірге басқа жолды көрмедік. Бірақ бұл әдістің теңгеге дем бере қоюы екіталай секілді.