Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Конституциялық сот құруды ұсынды.
«Құқық қорғау институттарын күшейту, Конституцияның ең жоғарғы заңды күші бар Ата Заңымыз – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі. Алайда белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беру қиындық тудыратын кездер болады. Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды. Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мұндай орган Қазақстанда болған. Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санаймын. Соны ескере отырып, елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін», – деді Президент.