Әкімдік өкілдері «Шығыс Қазақстан тұрғындарының 96,4 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген» десе де, шалғайдағы ауылдарда өзеннен су тасып ішіп отырған тұрғындар бар.
Шекара шебіндегі, елдің шеті, желдің өтіндегі Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылының халқы елді мекеннен екі шақырым жердегі бұлақтардың суын ішуге мәжбүр. «Судың жағасында отырсақ та, сапалы ауызсуға жарымай отырмыз. Ауыл тұрғындары Қызылқайың мен Күркіреме өзендерінен су тасиды. Көлігі барларға оңайлау, көлігі жоқтарға қиын. Көлігі жоқтар ат-шанамен, қол шанамен тасиды», – дейді ауыл тұрғыны Бақты Нұрсапарова.
Ауыл тұрғындары, әсіресе көктем кезінде қиналатынын айтады. «Қыста Бұқтырманың суын пайдалана береміз. Көктемде қар ерігенде өзен ластанады. Сондықтан таңертең ерте тұрып, таудан ағып шығатын бұлақтарға барып су аламыз. Ерте бармасаң, ол жерге мал келіп, суды ластап кетеді», – дейді ауыл тұрғыны Әсет Исаханов.
Шыңғыстайлықтар таза ауызсудың берілуін тағатсыздана күтіп жүр. Ауыл тұрғындары 2019 жылы басталған ауызсу тарту жұмыстарының сағыздай созылып, төртінші жылға кеткеніне қапалы. «2019, 2020 жылдары жұмыс дұрыс жүрген жоқ. Былтыр бұрынғы бригаданың орнына басқа бригада келіп, резервуар орнатты. Қазір бір ғана скважина тұр. Екінші, қосымша скважина керек. Апатты жағдай болса, ауыл сусыз қалуы мүмкін», – дейді Шыңғыстай ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі, зейнеткер Тельман Кітапбаев.
Тұрғындар Бұқтырмадан неге қорқады?
Шыңғыстай халқын, әсіресе ауыл шетіндегі Бұқтырма көшесінің тұрғындарын алаңдатып жүрген тағы бір мәселе – көшемен аттас өзеннің жылдан-жылға елді мекенге жақындап, жолындағысын жайпап келе жатқаны. Бұрын Бұқтырма көшесінің бойында көп үй болса, қазір ат төбеліндей аз қалыпты. «Мен келін болып түскенде үлкен жазық болатын. Балалар ойнап жүретін. Қазір бұл жер үлкен жыра. Бұқтырма жыл сайын тасиды, тасыған сайын бері жақындап келеді. Талай тұрғынның бау-бақшасы, қорасы суға кетті. Біздің бау-бақшамыз да суға кетуге жақын тұр», – дейді ауыл тұрғыны Бақты Нұрсапарова.ТҮЙІН:
«Шыңғыстай ауылына ауызсу қашан қосылады?» деген сұрақты Катонқарағай аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылысы бөлімінен сұрадық. «Шыңғыстайдағы ауызсу құрылысына 610 миллион теңге бөлінген. Мердігер компания – «НКО» ЖШС. Қазір нысан консервацияда тұр. Техникалық жағынан бәрі дайын. Тек абаттандыру жұмыстары қалды. Күн жылыған суды жібереді» деп қысқа қайырды бөлімнің бас маманы Әділжан Түркістанов. Реті келгенде айта кетейік, «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр Катонқарағай ауданының Аршаты мен Солоновка ауылдарына ауызсу тартылған болатын. Ал Топқайың ауылына су тарту жұмыстары 2021 жылы басталған, бірақ әлі аяқталмаған.
Шығыс Қазақстан облысы