Қазақ халқы ерекше күтетін мерекенің бірі – әз-Наурыз. Наурыз айын «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы» деп бағамдасақ та, бұл кезең Табиғат Ананың қайта жанданып, жаңа өмірге қадам басар шағы. Наурыз несімен ерекше? Біз ұмытқан көне ұғымдар қандай? Нені жаңғыртқан абзал? Біз бұл сауалдарды мәдениеттанушы Зира Наурызбаеваға қойдық.– Наурыз бен дәстүр. Бұған не айтар едіңіз?
– Наурызды тойлаудың өзі дәстүр емес пе?
– Наурызға қатысты біз ұмытқан көне ұғымдар қандай?
– Бұл туралы зерттеуші Серікбол Қондыбай зерттеулер жасап, жақсы дүниелер жазды. Қондыбай «Қазақта Наурыз деген адам болды» деп жазады. Оның баласы болмаған. Көне мифологияда мынадай ұғым бар: өлетін және жаңаратын (тірілетін) Құдайлар деп. Құдай өледі, сосын уақыт өте келе қайта жаңарып, түлейді деседі. Әдетте тірілетін тіршілік иелерінің көбі Көктем мезгілі келгенде оянатын болған. Сондықтан олар өлетін және тірілетін табиғаттың символы саналған. Сол сияқты Наурыз да осындай Құдай типтес деген ұғым бар. Мәшһүр Жүсіпте Наурыз деген кісіні келін-кепшіктері атай алмай, «Ұлы күн» деп атап, Ұлыстың ұлы күні болып кеткен деп айтылады. «Ұлыс» – Түркінің ата-бабаларынан қалған ескі тіл. Біздің қазақта Ұлыстың ұлы күні – Наурыз дейді. Наурыз айының басында күн жылынып, қыс бойы жатқан қардың көбесін сөгетін алтын күрек жел еседі. Қар кеткен жерлерде көк шыға бастайды. Қар астынан қылтиып бәйшешек шығады. «Былтыр көрген кісім әлі жүр екен» демесін деп, алғаш көрінген бәйшешектің бірін ырымдап жұлып тастайды.
– Соңғы жылдары салт-дәстүрдің көбі наурыз айында ғана еске түсетін секілді. Бұл дұрыс па?
– Бұл – әр адамның өзі шешетін дүниесі. Кейде шын мәнінде Наурыз мейрамын күтіп, сол уақытта тұсау кесіп, шілдехана жасап, ат шаптырып, той өткізіп жатады. Оның да өзіндік мәні бар шығар. Кейде мереке кезінде арнайы көріністер қойылады. Ал дәстүрдің көбі Наурыз мейрамында еске түседі деп біржақты айтуға болмайды. Тұсаукесер, бесікке салу, шілдехана – ол қазақта бұрыннан бар салт-дәстүр.
– Наурызда нені жаңғыртқан дұрыс?
– Наурызда екі дүниені жаңғыртқан дұрыс. Қоршаған ортаны тазалау, тал егу, көпір салып, өткел жасау – ізгілікке үндеу идеясының бір көрінісі. Бұлақтың көзін ашу, көкті жұлмау, таптамау, өсіп тұрған ағашты беталды кеспеу, ысырап жасамау, ұшқан құс, жүгірген аңды қырып-жоюдан сақтау, табиғатты аялау қажет. Азаматтардың өз жеріне деген аяушылық сезімі болуы керек. Жанымыз ашып, қоршаған ортаны қорғап, өз табиғатымызды өзіміз аялай білейік. Байқасаңыз, шетелдерден келген қонақтардың көбі тау-тасты кезіп, қыдырғанда міндетті түрде қоқыстарды жинап, бос бөтелкелерді қоқыс жәшігіне салып, айналаны тазалап жүреді. Керісінше, біздің жергілікті жұрт тау-тасқа шықса, сырасын ішіп, бөтелкесін лақтырып кетеді. Сонда шетелдіктер «өз туған табиғатын неге таза ұстамайды?» деп таңғалады екен. Сондықтан жерді, табиғатты қорғауға деген ерекше сезімізді оятып, соны таза ұстауды үйренсек деймін. Одан бөлек, мерекеде кешіру, тіл табысу, бітімге келу деген дүниелерді жаңғыртқан дұрыс. Наурыз мейрамында ауыл ақсақалдары араларында жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жаранды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған. Ағайынның бір-біріне деген ренішін ұмыттырып, өкпенің бәрін өткен жылға қалдыруға тырысқан әдемі дәстүрі бар. Осы дәстүрді қайта жаңғыртқан абзал. Кешегі қаңтар оқиғасында да бүлікшілерге еріп, арандап қалған жастар көп болды. Тіпті, тонаушыларға ілесіп, дүкен тонағандар да болған шығар. Бұл, әрине дұрыс емес. Бірақ кішігірім қателіктерді кешіріп, бітімге келуге болатын секілді. Наурыз мерекесінде біздің Президентіміз осындай қадамға барса, қандай жақсы болар еді. Өйткені қазір жұрттың кейбірінің көңілі пәсейіп тұр. Осындайда мейрам кезінде кешірім сұрау дәстүрін жаңғыртып жіберсек, нұр үстіне нұр болар еді. Соңғы оқиғалар «жақсылықта, тойда кездесейік» дейтін игі тілектің мәнін ұқтырғандай. Пандемия кезінде де қайтыс болған жақындарын жерлей алмай, қазаға жете алмай қалғандар көп болды. Одан кейін қаңтар оқиғасында да қаншама азаматымыздан айырылып қалдық. Сондықтан Наурыз өкпені ұмытып, реніштен арылатын кезең.
– Наурыз-тілегіңіз қандай?
– Барыс жылы енді ғана есік ашып жатыр. Қазақтың жыл санауы бойынша әр жыл Наурыз айында ғана кіреді. Кейбіреулер шатастырып, григориан жаңа жылында, яғни қаңтардың бірінде «жыл келді» деп жатады. Ол дұрыс емес. Жыл санаудың негізіне мүшел алынады. Бір мүшел 12 жылдан тұрады. Мүшелді есептеу – бұл көне түріктерден қалған дәстүр. Қытай, басқа да Қиыр Шығыстағы елдер бізден алған. Биылғы жылды Жолбарыс жылы деп атап жүргендер де бар. Жолбарыс емес, биыл Барыс жылы деп аталады. Көне түрік санауы бойынша бұл жыл ақпан айында кіріп қойды. Бұл – жыл сайын ауысып отыратын заңдылық. Мұны көпшілік біле бермеуі мүмкін. Бұл туралы Нұргелді Уәли деген ғалым ағамыз бен Серікбол Қондыбайдың кітаптарынан кездестіруге болады. Жалпы, қазір қазақтың ұғымында жыл наурыз айынан бастап кіреді. Есік ашып жатқан Барыс жылы елге жақсылығын ала келсін! Соғыс, қантөгіс болмасын! Барыс жылы жасампаз, бейбіт жыл болсын деп тілеймін.