Рудный тұрғыны төрт жасар баланы анасымен бірге өртеп жіберді. Бүлдіршін ауыр халде жатыр. Күдікті қамауға алынды. Кісі өлтіруге оқталған көрші енді 20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, - деп хабарлады "Астана" телеарнасы.
"Жантүршігерлік оқиға кеншілер қаласының іргесіндегі станцияда болған. Дәл осы көпқабатты үйде көршілер жанжалдасып, 44 жастағы тұрғын келіншекке керосин шашып, шырпы тұтатқан. Көршінің кесірінен 4 жастағы бүлдіршін зардап шекті. Оның денесінің 45 пайызын күйік шалған", - дейді тілші.
"Неге екенін білмеймін. Мен есікті ашқан жоқпын. Сосын жаман иіс болды. Керосиннің иісі ме, бірдеңенің иісі. Кішкентай бала да бақырып жылады", - дейді кент тұрғыны Әлия Сисенова.
Жапа шеккен жас келіншек бізге есікті ашпады. Айтқанынан түсінгеніміз, күдіктінің аузы арақтан құрғамайды. Қатты мас болғанда ешкімге бағынбай кететіні бар деді. Оның қос білегін күйік шалған, алғашқы медициналық көмектен соң үйіне босатылыпты.
"Зардап шеккен бала бір сағат бұрын санавиациямен облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Ауыр халде жатыр", - деді облыстық аурухананың баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.
Қатігездік танытқан 44 жастағы қала тұрғыны болса қамауға алынды. Тергеу мүддесіне байланысты полицейлер мән-жайды ашып айтпады.
"Адам өлтіруге оқталу бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Департамент басшысының жеке бақылауында", - деді Қостанай облыстық ПД тергеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Құсайынов.
Жантүршігерлік қылмыс жасаған шаһар тұрғыны 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал 4 жастағы баланың өмірі үшін облыстық аурухана дәрігерлері күресуде.