Петропавлдағы ЖЭО апатына байланысты жұмыс комиссиясы құрылды. Оның құрамына әкімдіктің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және басқа да құзырлы ведомстволардың қызметкерлері, сондай-ақ аталған саланың жобалаушылары мен мамандары кірді.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы Петропавл тұрғындарын жылу-электр орталығының мұржасы құлауы фактісі бойынша тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге шақырды. Прокуратура ақпаратына қарағанда, бір жұмысшы – машинист-қараушыны іздестіру іс-шаралары жалғасып жатыр. Ол үйінді астында қалып қоюы мүмкін.
«Қолданыстағы қазандық агрегаторлар істен шықпаған. Сонымен қатар тұрғындарға жылу энергиясын үздіксіз беру үшін резерв қазандықтар іске қосылды. Сондықтан жылу энергиясы штаттық режимде беріліп жатыр. Шындыққа жанаспайтын ақпараттардың тарауы жиілеп кетуіне байланысты тек ресми мәліметтерге ғана сенуге шақырамыз» делінген прокуратура хабарламасында.
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың апат салдарын жою туралы есебін тыңдады. Апаттан тұрғын үйлер мен қызметтік мекемелер жылусыз қалған болатын. Президент облыс орталығы мен басқа да елдімекендердің тұрғындарын тез арада жылумен қамтамасыз етуді тапсырды.