Атырауда үш адамды атып өлтірген күдіктінің екі тапаншасы табылды. Бұл туралы Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Еске сала кетейік, атыс 15 наурызда сағат 22:10 шамасында болған.
Полиция қызметкерлері аталған қылмысқа күдікті ретінде Маңғыстау облысының 1993 жылғы тумасын уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Қазір күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігімен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Күдікті ұсталған кезде тапаншасы болмаған еді. Полицейлер жедел іздестіру іс-шарасын жүргізіп, 19 наурызда теректің түбінен екі тапаншаны тапты. Тапаншалар атыс болған шағын ауданда өсіп тұрған теректің бірінің түбіне жасырылған. Қазір екі тапанша сараптамаға жолданды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.