Өткен тәулікте елімізде қар құрсауынан 91 адам, оның ішінде 14 бала құтқарылды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінен мәлім болды.
«Қазіргі уақытта ауа райына байланысты (боран, көктайғақ) еліміздің аумағында автожолдардың 46 учаскесінде, оның ішінде 26 республикалық (Нұр-Сұлтан қ. – 6, Ақмола – 12, Қарағанды – 3, Қостанай – 1 және Павлодар - 4) және 20 облыстық маңызы бар (Ақмола – 14 және Қостанай - 6) автожолдар жабық», - делінген министрлік мәліметінде.
Жолдардағы жағдайға байланысты республикалық жедел штаб жұмыс істеп жатыр.Осындай штабтар өңірлерде де қызмет атқаруда. Облыстық жедел штабтардың ақпараты бойынша блок-бекеттерде 915 техника тұр. Оның ішінде 780-ні жеңіл және 133-і жүк автокөлігі (Ақмола облысында – 650 көлік, Қарағанды облысында – 85 көлік, Павлодар облысында - 180 көлік).
«Төтенше жағдау министрлігі азаматтарға елді мекеннен шыққан кезде қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді. Алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамымен танысып, автокөліктің техникалық жай-күйінің дұрыстығына көз жеткізген абзал. Өзіңізбен бірге қысылтаяң жағдайларда көмектесетін барлық қажетті заттарды алып жүріңіз. «Дәрмен» мобильді қосымшасы жолдардың жабылуы және дауылды ескерту туралы хабардар болуға мүмкіндік береді. Құтқару қызметінің бірыңғай телефоны – 112», - деп аталып өткен ведомство хабарламасында.