Еліміздегі ресейлік дүкендер төлемақыны қолма-қол талап етсе, сотқа беруге болады – заңгер
Еліміздегі ресейлік дүкендер төлемақыны қолма-қол талап етсе, сотқа беруге болады – заңгер
643
оқылды

Еліміздегі «Светофор» мен FixPrice дүкендер желісі қазақстандық төлем карталарынан ақша қабылдауды тоқтатты. Соңғы кезде олар төлемақыны қолма-қол немесе Сбербанк картасымен қабылдайтын болған. Бұл жайында әлеуметтік желі қолданушылары дабыл қағып, шағым білдіргендердің саны күннен-күнге өсуде. Негізі бұл екі ритейлер – ресейлік, бұлар халыққа қажетті тауарларды арзан бағамен сатады.

Олардың айтуынша, дүкен сатушылары төлемді тек Сбербанк картасымен және қолма-қол ақшамен қабылдаған. «FixPrice дүкендер желісінің бір филиалы Қарағанды қаласындағы С.Ерубаев көшесінде орналасқан. Сатып алмақ болған заттарымның ақысын қолма-қол немесе Сбербанк картасымен ғана қабылдайтынын жеткізді. Бұл қаншалықты заңды? Өзге елге қойылған тыйымнан неге біз зардап шегуіміз керек?» десе, енді бірі «Біздің елде жүріп, өзге біреулердің бізге талап қоятыны не сұмдық? Басынғандық» деп қолданушылар наразылығын білдіруде. Тіпті, соңғы аптада тауарлардың бағасы қымбаттағанын да сөз етті. [caption id="attachment_189069" align="alignnone" width="1200"]дүкен www.instagram.com/p/Cbb35yIsW1T/[/caption] Заңгер Есбол Зеңгірдің айтуынша, бұл – әуелі компанияның мәселесі. Шешімін солар табуы керек. Мұндайда тұтынушылар қолында бар картамен төлемін жасай алады. – Кез келген банк картасы – төлем жүйесі. Ресейдегі санкцияға біз кінәлі емеспіз. Тығырықтан шығар жолды өздері іздестіруі керек. Мысалы, қызметкерінің атынан қайталанатын есепшот ашсын немесе төлем компанияның есебіне түсетіндей заңды жолын қарастыру керек. Өз елімізде жүріп, өз картамызбен төлем жасай алмауымыз сұмдық. Мәселен, қалтамда қолма-қол ақша болмады. Кaspi картасы арқылы төлем жасамақ едім, қабылдамауына не кедергі? Тұтынушыларды көбісі дауласпастан, қолма-қол ақша іздеп кетеді. Шыдамдылық танытып, талап етсе, бұл мәселені олар шешуі керек. Бұдан тұтынушылар зардап шекпеуі тиіс. Заң жүзінде сотқа да бере алады, – дейді ол. Бұл пікірді Рашид Жақсылықов та қостады. – Өз елімізде жүріп, өзге елдің талабын неге орындауымыз керек. Егер олар біздің елдің заңдылығын сақтамаса, тұтынушыларын сыйламаса, дүкендерін жапсын. Ендеше, олардың да бізге керегі жоқ. Осы арқылы олар өздерін мойындатпақ. Сондықтан өз картамызбен төлем жасауым керек, – деді экономист. Алайда FixPrice дүкендерінің өкілі, бұл мәселенің жақын арада шешілетінін айтуда. – Уақытша келтірілген ыңғайсыздыққа түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Бір апта ішінде төлем мәселесін реттейміз, – делінген компания хабарламасында.