Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, – деп хабарлады primeminister.kz.
Комиссия жұмысына мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП өкілдері және өңірлердің басшылары қатысты.
Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, ведомствоаралық комиссия келесі шешімдерді қабылдады:
үй-жайларда міндетті маска тағу талабын алып тастау;
медициналық мекемелерде (персонал, қызметкерлер, пациенттер, келушілер) медициналық маскаларды тағу міндетін өз күшінде қалдыру;
адамдар көп жиналатын орындарда, қоғамдық көлікте, ұйымдасқан ұжымдарда маска тағуды ұсынымдық сипатта қалдыру;
білім беру ұйымдарында оқытудың кабинеттік жүйесіне рұқсат беру.
Сондай-ақ ВАК шешімімен «Pfizer» препаратымен вакциналауға жататын адамдар контингенті кеңейтіледі, ол мынадай санаттармен толықтырылады:
бастапқы вакциналаудан өтетін, осы препаратпен профилактикалық вакцина алғысы келетін адамдар;
түрлі себептермен шетелге шығу үшін қайталама екпе алушылар;
шетелде алған вакциналау курсын аяқтау үшін екпе алушы тұлғалар;
COVID-19 вирусына қарсы ревакцина алушы барлық топтағы адамдар.