«AMANAT» ел мүддесі үшін жұмыс істейді
«AMANAT» ел мүддесі үшін жұмыс істейді
540
оқылды
Алматыда Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында ай­тылған саяси реформалар бағ­дар­ла­масын қолдау мақ­сатында «AMANAT» партиясы қалалық филиалының ұйым­дастыруымен митинг өтті. Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда өткен бейбіт шеруге барлық саланың өкілдері қа­тысты. Олар­дың ішінде партия және қоғам белсенділерінен бөлек, Мәжіліс де­путаттары, кәсіпкерлер, ғылым мен мәдениет саласының өкілдері, спортшылар, жастар және ел ер­теңіне бейжай қарамайтын қала тұрғындары бар. Митингке қатысушылар саяси жүйені кешенді жаңғырту бағ­дарламасын қолдайтынын білдіріп, арнайы транспаранттармен келді. Жиналғандар алдында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов жаңа сын-қатерлер жағдайында бәріміз бірігіп, Тәуелсіздігімізді қорғау, ата-баба аманатын кейінгі ұрпаққа тұтас жеткізу басты па­рыз екенін алға тартты. «Біздің бағытымыз – айқын, мақсатымыз – ортақ. Біз көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды бір­лесіп жұмыс істеуге шақырамыз! Басқа пар­тиялар билікке жетуді көздесе, біз ең әуелі тәуел­сіз Қазақ­станның мүддесі үшін жұмыс іс­тейміз! Ардақты ағайын, Абай атамыздан қал­ған аманат сөз бар: «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос». Сондықтан кү­­­шіміздің бірлікте екенін көр­сетіп, Жаңа Қазақстанды бірге құрайық! Біз біргеміз!», – деді Асхат Оралов. Алматы Бейбіт митингке қатысқан ҚР Ұлттық ғы­лым академиясының академигі, тарих ғылым­да­рының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов бабаларымыз бірліктің құдіретін, оны сақтаудың шартын осыдан мың жыл бұрын тасқа жазып кеткенін айтты. «Күлтегіннің тасында былай дейді: «Бектері, халқы түзу, адал болмағандықтан, табғач хал­қының алдауына сенгендіктен, арбауына көн­гендігінен, бектері мен халық­тың ымырасызды­ғынан түрік хал­қы елдігінен, елінен айырылды». Елдігі деген мемлекеттігі деген сөз. Ал енді осын­дай аманат қалдырған бабалардың дәстү­рін жалғастырған Абай, «бірлік малға сатылса, ол антұрғанның басы» дейді. Кешегі қаңтар қасіреті – сол малға, ақшаға сатылғандардың ісі. Ондайларға Қазақстан, қазақтың жері, тілі ке­рек емес. Олардың көздегені тек мал, ақша, байлық қана. Ал біздің азат­тығымыз әлемнің байлығынан да қымбат», – деген ғалым қаңтар оқи­ғасынан сабақ алып, Қа­зақ­стан­­ның әрбір азаматын өте сақ, бел­сен­ді, ыждағатты жұмыс істеуге үндеді. «Кешегі Президентіміздің Жол­дауы – бұл Жаңа Қазақстанды құру­дың бағдарламасы. Мұндағы бас­тамалар, әсіресе саяси рефор­малар қалың қазақты, қарапайым халықты билікке тартуға, оларды белсенді қоғам құрушыға ай­нал­ды­руға бағытталған. Халық жұмыл­май, Қа­зақстан жаңа бола алмайды. Халық қолдамай, бірде-бір бас­шы­ның жоспары жүзеге аспайды. Әрдайым сақ болып, алдағы ісімізді жа­сам­паздықпен сапалы ат­қа­райық», – деді Ханкелді Әбжанов. «Менің ұлтым – украин, бірақ жүрегім қазақ деп соғады! Себебі мен осы елде туып-өстім, бі­лім ал­дым, достарымның барлығы дерлік қазақтар», – деген Қазақстан–Ресей медицина­лық университе­тінің 2-курс студенті Ариана Белобжицкая жастарды ең алдымен мемлекет мүддесі үшін қызмет етуге шақырды. Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров еліміздегі саяси ре­формалардың өзек­тілігі мен маңы­зына тоқталды. «Әрбір қазақстандық дауыс бе­ру және сай­лану құқығын қолдана алуы тиіс. Демократияға, пікірлер плюрализміне балама жоқ. Бұл бүгінде бірден-бір саяси прогресс және ұлттық түлеу жолы», – деді халық қалаулысы. митинг «Қазір бірлікке шақыру попу­лизм емес, қа­жеттілік». Бұл – ми­тинг­те сөз алған депутат Айдос Са­рым­­ның пікірі. Мәжілісмен бар­лық қоғамдық-саяси күштерді әріптес­тікке, бірге жұмыс істеуге, Жаңа Қазақстанды бірге құруға үндеді. Халықаралық «Қазақ тілі» қо­ғамының вице-президенті Максим Рожин қазір қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе жас­тар­дың саны арта түскенін зор мақта­ныш­­­пен жет­кізді. «Менің туған елім – Қазақстан. Мен, тә­уел­­­сіз елімізді өр­кендету жолында партиялас­тар­мен бірге үлес қосуға қашанда да­йын­мын. Біздің басты құндылы­ғы­мыз – бірлігіміз. Сон­дықтан бәріміз бір­ге елімізді, жері­мізді, ті­лі­мізді, ділі­­мізді, ұлттық құндылықтарымыз­ды сақтау үшін аянып қалмайық», – деді ол. Ал белгілі қоғам белсендісі, Мәжіліс депу­таты Саясат Нұрбек депутат ретінде өзіне қария кісінің бүгін ғана айтқан бес аманатын жеткізді. Олар: мемлекет, Прези­дент, ел мен жер, партия және жас­тар. Ол мемлекетімізді, Президен­тімізді, еліміз бен жерімізді сақтап, жастарымыз­ды жақсы істерге жұ­мылдыру, осы бағыттағы Мемлекет басшысының реформаларын жүзе­ге асыруға дайын болуға шақырды. Сондай-ақ митингте Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан, Динара Зәкиева, қалалық мәслихат хатшысы Станислав Канкуров, журналист Сергей Пономарев, кә­сіпкер Ларион Лян, көпбалалы ана Сана Жандай, әнші Ибрагим Ес­кендір және басқалар сөз сөйледі.

Қазбек Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ, саясаттанушы: – Күні кеше Алматыда «AMANAT» партиясының митингі болып өтті. Атал­ған митинг Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жол­дауында айтылған саяси реформалар бағ­дарламасын қолдау мақсатында өткізілді. Митингке қатысушылар сая­си жүйені кешенді жаңғырту бағ­дар­ламасын қолдай­тын­дарын білдіріп, арнайы транс­паранттармен келді. Жиналғандар алдында сөз сөйлеген партияның Ат­қару­шы хат­шысы Асхат Оралов жаңа сын-қатерлер жағ­дайында бәріміз бірігіп, Тәуелсіздігімізді қорғау, ата-баба аманатын кейінгі ұрпаққа тұтас жеткізу басты парыз еке­нін алға тартты. Қаңтар оқиғасынан кейін наурыз айында Алматы тө­рінде осын­дай энтузиазмға толы іс-шаралар бастама алуы жаңарудың бел­гісі деп қабылдаған жөн. Осы орайда Президент Жолдауында жариялаған реформалар пакетін революциялық деп атауға болады, өйткені ол қазіргі ойын ережелерін стратегиялық түрде өзгертуге алып келеді. Мемлекет басшысының қоғам бюро­кратизация процесіне батып кетпеуі үшін демокра­тиялық бастамаларды алға тартуы – құптарлық жайт. Бұл Қазақстанның одан әрі дамуы үшін маңызды. Президентті қолдауға арналған биліктегі партияның митингі кем дегенде адамдардың нақты өзгерістерге деген ұмтылысын қол­дауды және біріктіруді меңзейді. Әрине, бұл билеуші пар­тия­ның қазіргі трансфор­мациясының алғашқы қадамдары деп қабыл­даған жөн. Оның үстіне, Президент өз Жолдауында партияларды тіркеудің оңтайландырылған формасын ұсынуы және мажори­тар­лық бір мандатты округтердің енгізілгенін атап өтті. Бұл өз кезе­гін­де саяси аренада жаңа саяси күштердің пайда болуы­на алғы­шарттар жасап берді. Жұлдыз Жұлдызай ЫСҚАҚОВА, саясаттанушы: – Наурыз басталғалы бері Алма­ты­да бірнеше митинг өтті. 6 наурызда «Соғысқа қарсы митинг» (2 мыңнан астам адам қатысты), 8 наурызда «Әйел­дер құ­қы үшін» митингі (1 мыңдай адам қа­тысты), 19 наурызда «AMANAT» пар­­тия­сының Президент Қ.Тоқаев­тың ре­­фор­маларын қолдау митингі» (2 мың­нан астам адам қатысты) өтті. Ақпанда да қала әкімі Досаевқа қарсы, таза ауа үшін, El tiregi қозғалысын қол­­дауға бағытталған және өзге де митингтер өт­кен еді. Бұл қолға алынған рефор­малардың нақ­ты іске аса бас­та­ғанына жақсы дәлел болатын жағдай. Біздің көз алдымызда ел ішінде жаңа саяси мәдениет-мүдделер мен позицияны ашық жариялау, митинг мәдениет қалыптасып келеді. Алаңдардан түрлі көзқарастар айтылып, БАҚ-та тарап, қоғамда талқыға түсуде. Сөздің тыңдалу мүмкіндігі жалпы жұртқа қолжетімді бола түсті. Дәл қазір «AMANAT» партиясының митингісіне қатысты түрлі пікір айтылып жатыр. Неге екенін қай­дам, бұл іс-шараға қатысты теріс көзқарас бай­қалып қалады, дегенмен заң аясында бейбіт жиындар өт­кізуге әркімнің де құқы бар екенін мен жо­ға­ры­да атап өткен топтардың әрекеті дәлелдеп тұрған жоқ па?! Менің ойымша жаңа жағдайдағы ең басты талап- түрлі саяси қоз­ғалыстарды жақтаушылардың по­зиция­ларына төзімді болу және өз көзқарасыңды қорғай білу. Бұл уақытша құбылыс деп білемін. Жыл басынан бері түрлі тақырыптардағы митингтерге билік рұқсат еткенін ес­керсек, жақсы үрдіс қалыптасып келе жат­қаны бай­қалады.