Мигранттарға мекен боламыз ба?
Мигранттарға мекен боламыз ба?
736
оқылды
Ресей Украинаға соғыс ашқалы ел азаматтары алыс-жақын шет мемлекеттерге үдере көшіп жатыр. Соңғы бір айда Грузия, Армения, Түркия, Әзербайжан, Біріккен Араб Әмірлігі, Қырғыз еліне қоныс аударған ресейліктердің үлесі артқан. Бұл тізімнің ішінде Қазақстан да бар. Көрші елден келгендер еліміздегі еңбек нарығына қалай әсер етеді? Ішкі істер министрлігінің ұсын­ған соңғы деректері бойынша, елі­мізде уақытша тұруға рұқсат ал­ған шетелдіктер саны 8,6%-ға өскен. Қаңтар-ақпанда бұл рұқсатты 40,3 мың шетелдік азамат алған. Оның 10,3 мыңы Ресей азаматтары. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ға артық. Ал 24 ақпан мен 18 наурыз аралығында Қазақстанда тұрақты тұруға Ресей Федерациясының 272 азаматы және Украинаның 8 азаматы өтініш білдірген. Туған жерін тастап, елімізден пана іздегендердің көшу себебі де әртүрлі. Олардың бірі Ресейдің басқыншылығына қарсы келіп, қудалаудан қашса, енді бірі Отанынан жырақта жүрген украиндар. Сонымен қатар санкцияға ұшыраған Ресейдің болашағынан түңілген кәсіпкерлер мен табыс көзінен айырылған мигранттар да бар. Солардың бірі Ресей азаматы Петр Микитенко отбасымен үй-жайын, жұмысын тастап, Қазақ­станға көшуге мәжбүр болған. Ресейдің Украинаға шабуылынан соң украин отбасының өмірі өзгерген. «Мәскеуде моральдық, психологиялық тұрғыдан шыдап, өмір сүру мүмкін емес» деген ол қазір Шымкентте уақытша тіркеуге тұрып, жал­­­дамалы жұмыс тапқан. – Мәскеудегі қоғамдық орындардың көбіне теледидар қойылды. Ресей әскері Украинада қанша адам­ды өлтіріп, «тазалағаны» жө­нінде хабар тарағанда мұнда қалу мүмкін емес деп шештік. Еуропаға ұшуға балалардың төлқұжаты дайын болмай, жеке куәлікпен жүруге болатын Қазақстанға билет іздедік. Мәскеуден ең арзан әуе билеті Шым­­кентке табылды. Қазақстан Ресейге жақын болғанымен, мұнда өзіңді қауіпсіз сезінесің, – дейді Петр. Петр мен жұбайы Анастасия Ресейге қайта оралғысы келмейді. Украинаға бару мүмкіндігі туса, елге қайтатынын айтты. Қазір олар­­дың отбасына жергілікті азаматтар қол ұшын созып, моральдық, материалдық жағынан да көмек беріп жатыр екен.

Бәріне жұмыс жете ме?

Ресейдің Украинаға басқыншылығынан кейін Мәскеуге қарсы жарияланған санкциялар Ресейге қоса белгілі бір мөлшерде Орталық Азия елдері валютасының құнсыздана бастағанын көрсетті. Бұл Ресейде күнелтіп жүрген Орталық Азия елдерінің еңбек мигранттарына тікелей әсер еткен. Ресейде жұ­мыссыз қалған, жұмыссыз қалмаса да тапқан қаражаты еңбегін ақтамаған соң мигранттардың кейбірі Отанына оралған немесе басқа ел­дер­ге баруға шешім қабылдаған. Мамандардың пайымдауынша, биыл жаз шыға салысымен Ресейдегі миллиондаған мигранттың Қазақстанға ену қаупі басым. Дерекке жүгінсек, қазір де Қазақстанда жарты миллионнан астам мигрант жан бағып жүр. Олардың үш­тен екісі Өзбекстаннан, 25 па­йы­зы Қырғыз елінен, ал қалған миг­ранттар Тәжікстан және ТМД-ның тағы басқа елдерінен келген. Былайша айтсақ, біз онсыз да мигрант атаулыға жұмыс беруде ТМД бойынша алдыңғы орында тұрған елміз. Отандық мамандарымыз елге мигранттардың көптеп енуі ел экономикасына аса қауіпті екенін баса айтып отыр. – Мигрант ұсынылған кез келген айлыққа көнетін болса, жұмыстың нашарлығына қарамастан кіруге дайын болса, еңбек шарттарының жақсаруына кері әсерін тигізеді. Мысалы, жергілікті азаматтар жақсы еңбекақыны талап еткендіктен, жұмыс беруші арзан еңбек күші ретінде мигранттарды таңдайды, – дейді әлеуметтанушы Ілияс Тілеубергенов. Осылайша, онсыз да жұмыс орны жетіспейтін еңбек нарығында мигранттар саны артатын болса, мұның арты елдегі жұмыссыздықты одан әрі ушықтыруы мүмкін. Ал еңбек мигранттарының Қазақстанды таңдауының басты себебі әуе рейстерінің арзандығы мен ТМД елдерінен Қазақстанға келетіндер үшін виза талап етілмеуі. Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің бас сарапшысы Меңдолла Шамұратовтың айтуынша, көрші елден қоныс аударушылардың көбейгені уақытша құбылыс. Олар жағдай тұрақталғаннан кейін өз елдеріне қайта оралады. – Әуелден қалыптасқан тәртіп бойынша көрші елдің азаматтары елімізде тұрақты тұруға ықтиярхат ала алады. Ол үшін азаматтар арнайы мекемелерге тиісті құжаттарын тапсырады. Ал жауабы 17 күн­нен кейін жарияланады. Ық­тияр­хатпен 10 жыл бойы Қазақ­станда тұруына, кейін мерзімді ұзар­туына болады. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ­қа кіретін ел азаматтары Қазақ­станда 90 күнге дейін тіркеусіз жү­ре­ді, – дейді Меңдолла Ша­мұра­тов.

Таяқтың екі ұшы бар

Әлеуметтанушы Ілияс Тілеубергеновтың пікірінше, келіп жатқан мигранттар еңбек нарығына екіжақты әсер етеді. Екінші жағынан көрші елден келгендер жеке кәсіппен айналысып, нарықтан өз орнын алуды көздесе, жергілікті кәсіпкерлерден асып түсуге тырысады. Сәйкесінше, бұдан тұтынушы ұтады. Келген мигранттардың кім екенін, қандай маман екенін нақты білмейінше тон пішу де асығыстық. Дегенмен Қазақстан нарығына қоныс аударған белді компаниялар да жоқ емес. Күні кеше Chocofamily компаниясының негізін қалаушы Рамиль Мухоряпов InDriver командасының басым бөлігі Қазақстанда тұрақты жұмыс істейтінін мәлімдеді. Сәйкесінше, Ресейдің ең мықты компаниясы Қазақстанға салық төлеп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етеді. Қаржы бойынша кеңесші Расул Рысмамбетовтың айтуынша, елордадағы қонақүйдің жартысында Мәскеуден келген азаматтар орналасқан. Бірнеше отбасы Ташкентке барып, жерсінбей Қазақстанға келіпті. Себебі Өзбекстанда интернет қымбат және Ресейдің шекарасында орналаспаған. – Бірінші кезеңде қоныс аударғандар жеке бизнесі, интернет магазині бар кәсіпкерлер. Олар Ресейге жаппай санкция салғаннан кейін осындай қадамға барып отыр. Ресейдің компаниялары Қазақ­станға келсе, нарықтағы бә­се­келестік артады. Ал бәсеке арт­қан жерде қызмет көрсету сапасы жақсарады, – дейді Расул Рысмамбетов. Дегенмен көрші елдің халқының Қазақстанға қоныс аударуы жұмыссыздықтың көбеюіне ғана емес, үй бағасының шарықтауына да әсер етуі мүмкін. – Қазірдің өзінде көрші елден келген азаматтар жаппай жылжымайтын мүлік сатып алып жатыр. Бұл үй мен жалдамалы пәтер бағасының көтерілуіне әкеліп соқтырады. Дегенмен дағдарысқа дейін де үй бағасының жыл сайын қымбаттайтынын ескеруіміз керек. Оған басты себеп – инфляция мен құрылыс материалдарының қымбаттауы, – дейді экономист Азамат Көпжанов. Болашақта елімізде кәсіпорындар мен өндіріс орындарының саны артатынын ескерсек, біз сырттан келетін жұмыс күшіне әлі де тәуелді бола түсеміз. Демек, бізге сырттан жұмыс күші ағылып келе береді. Алайда көршіге көмек береміз деп ұлттық қауіпсіздікті естен шығармауымыз қажет. Өйткені Ресейден бейбіт азаматтардың атын жамылып, арандатушылардың келуі де мүмкін. Сондықтан мигранттарға заң аясында талап қою, міндет арту ұлттық қауіпсіздігімізге де, тыныштығымызға да сызат түспеуі үшін қажет шарт.