ҰҚК Каспий теңізінде есірткі тиелген кемеден шетелдіктерді ұстады
ҰҚК Каспий теңізінде есірткі тиелген кемеден шетелдіктерді ұстады
409
оқылды
2021 жылғы қазанда Шекара қызметі мен ҰҚК Маңғыстау облысы бойынша департаменті Каспий теңізі су айлағындағы бірлескен іс-шаралар барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өткені үшін екі шетел азаматы бар «Амур» типті шағын кемені ұстады. Кемені тексеру барысында салмағы 14 кг «апиын», 8 кг «гашиш» және «метадон» психотроптық затының 29 пластинасы табылып, тәркіленді. 2021 жылғы желтоқсанда ұсталғандардың бірі 392-баптың 1-бөлігі (Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге ҚР шегінен шығарумен 6 айға бас бостандығынан айырылды. 2022 жылғы 10 наурызда Мамандандырылған ауданаралық сот екінші шетелдік азаматты Қылмыстық кодекстің 286-бабы 4-бөлігі (айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы), 297-бабы 3-бөлігі 1, 3-тармақтары (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) және 392-бабы 1-бөлігі (Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша кінәлі деп таныды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуге 17 жылға бас бостандығынан айырылды.