Көшбасшы партия уәдесінде тұрды
Көшбасшы партия уәдесінде тұрды
410
оқылды
Жадыра Таңатарова Шым­кент қаласында тұрады. «AMANAT» партиясының Шым­кент қаласындағы филиалы жанындағы «Сайрам Өрке­ниет» бастауыш партия ұйы­мын­да 4 жылдан бері төра­йым. Бастауыш партия ұйымы екі жыл қатарынан үздіктер қа­тарынан көрініп, жүлделі бол­ған. Ал кейіпкеріміз бір­неше жылдан бері еліміздегі көшбасшы партиямен бірге ондағы жобаларды жүзеге асыруға атсалысып келеді. Әсіресе, денсаулығында ақауы бар, ерекше оқытуды қажет ететін Сай­рамдағы көмекші мектеп-ин­тернатына «Кедергісіз келешек» пар­тиялық жобасының тигізген пай­дасы орасан. «АMANAT» пар­тия­сының көмекші мектеп-интер­натқа тигізген көмегі көп. Мұнда ғи­марат өте ескі болатын. Партия­ның «Кедергісіз келешек», «Бақыт­ты отбасы» жобалары аясында мұнда 100 орындық талапқа сай жаңа оқу ғимараты бой көтерді. Бұдан басқа да бастауыш партия ұйымымен көптеген игі іс-шара ұйымдастырдық», – дейді мектеп-интернаттың директоры Жадыра Нағашыбайқызы. Айтқандай, атқарылған іс-ша­ралардың бірі – мектептің жаңа мәртебеге ие болуы. Осындай тип­тегі мектеп-интернаттар ішінен Қазақстанда тұңғыш рет осынау интернат колледж мәртебесін ал­ған. «Бұған партияның тікелей ық­палы зор болды. Партияның сай­лауалды бағдарламасына ен­гізіліп, уәде орындалды. Интер­нат­та барлық жағдай жасалған», – дейді кейіпкеріміз. Есесіне бү­гінде мұндағы мүмкіндігі шектеулі балалар жай сабақ оқып қана қоймай, бір саланы меңгеріп, ма­мандық алып шығады. «Бүгінде кол­леджде лицензиялау жұмыста­ры жүріп жатыр, яғни 4 мамандыққа лицензия алмақпыз. Жарғысын өзгерттік, қазірше атауы Сайрам кө­мекші мектеп-интернат-коллед­жі. Мұнда балалар аспаз, дизайнер тігінші, ағаш өңдеу шебері маман­дығын игереді. Негізгі мақсаты-мыз – мидың зақымдануымен келіп түкен балаларды қоғамға бейімдей отырып, олардың функ­цио­налдық сауатын арттыру», – дейді ол. Сайрам өркениет бастауыш партия ұйымының төрайымы соны­мен бірге үш жылдан бері «АMANAT» партиясы Қаратау ау­дан­дық филиалының сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл қо­ғамдық кеңесіне де жетекшілік жа­сайды. Кеңеске негізінен ме­дици­на саласындағы заңсыздық­тар, мүмкіндігі шектеулі жандар­дың жәрдемақы ала алмай жүргені бойынша жиі арыздар түскен. Келіп түскен әрбір шағым оңтайлы шешімін тауып келеді. Айта кетейік, бүгінде Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, мәслихаттағы «АMANAT» партия­сының фракциясы жетекшісінің орынбасары қаладағы бірқатар игі істің ұйытқысы болып жүрген Жадыра Нағашыбайқызы осыдан 25 жыл бұрын атажұртына қоныс аударып келген. «Елімізде тәуелсіздіктің ақ таңы атып, ұлы көш басталғанда әлемнің көптеген елінен мен секіл­ді қандастар кіндік қанымыз там­ған жерге қарай ат басын бұрдық. Сол сәттегі туған жеріме деген қуа­нышымды айтып жеткізе ал­май­мын. Мұндай сезімді шетелде жүрген әр қандас жақсы түсінеді. Баға жетпес байлығымыз ол өзің­нің туған елің мен жерің, салт-дәс­түрің мен әдеп-ғұрпың, тілің мен дініңнің бары деп санаймын. Осын­дай бейбітшіл елде өмір сүріп жатқанымыздың өзі бір бақыт», – деп өткенін еске алды осыдан 25 жыл бұрын отбасымен Қарақалпақ автономиялы республикасынан көшіп келген Жадыра Таңатарова. Осында білім алып, өзінің қоғам­дық іс-шаралардың бел ортасында жүретін дағдысымен талай қоғам­дық-саяси шаралардың басы-қа­сында жүрді. Бірнеше рет партия­ның съездеріне делегат болып барған. Көшбасшы партия атауының «АMANAT» деп өзгеруі үлкен мән­ге ие екенін айтып, пікірін де жет­кізді. «Қазақ ұлтына мына кең-бай­тақ жеріміз аманат болып саналады. Сондықтан партияның «АMANAT» атауын иеленуі одан әрі жауапты қызметті жүктейтіні анық. Тәуелсіз мемлекетіміз, еліміз бен жеріміз – ата-бабамыздың бізге қалдырған аманаты. Осы аманатты халық игі­лігі үшін сақтап қалу, келер ұрпаққа жеткізу ел тұтқасын ұстаған бас пар­тия үшін ең үлкен жауапкер­ші­лік екенін жіті сезінуге тиіспіз», – деді ол.

Шымкент қаласы