Бензин бағасы арзандамайды. Қазақстанда бензин мен дизель отынын көтерме саудада өткізуге акциз мөлшерлемесі көтерілсе де, көрсеткіш төмендемейді. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәлімдемесі осындай. Ал енді арзандамаса, қымбаттауы мүмкін бе? Мұнай бағасының құбылуы бензинге қалай әсер етеді? Қаңтардың 6-сында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен жанар-жағармай бағасын көтеруге мараторий жарияланды. Президент сол кезде қалың бұқараның талабына орай Үкіметті жедел отставкаға жіберіп, атқарушы билікке газдан бөлек жанар-жағармай бағасын реттеуді тапсырды. Нәтижесінде Энергетика министрлігі жыл басында мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізудің 180 күнге арналған шекті бағасын бекітті: Аи-92 маркілі жанармайдың бір литрі үшін – 182, Аи-95 маркілі жанармайдың бір литр үшін – 215. Дегенмен бұл талап қаншалықты орындалып жатыр? Осыған байланысты кәсіпкерлік субъектілер мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру және бөлшек саудада сату саласындағы заңнама талаптарын сақтауы және жанар-жағармайды белгіленген шектен асыра бағалауға жол бермеуі тиіс. Ал бөлшек саудада сұйық отынды шекті бағасынан асырып сататындар үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Оны қадағалауға Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияны реттеу жөніндегі комитеті жауапты. Осы орайда жанармай бекеттеріндегі бағаларды бағамдап көрдік. Алматыда АИ-92 Petrol Asia жанармай бекетінде 169 теңге, ал Royal Petrol 182, Qazaq Oil 180, Compass 180 теңгеден сатуда. Ал АИ-95-ты Petrol Asia 199, Royal Petrol 215 Qazaq Oil 215, Compass 215. Елордадағы Qazaqoil жанармай бекетінде АИ-92 – 180, АИ-95 литрі 213 теңгеден саудаланып жатыр. Шымкенттегі EvroOil жанармай бекетінде АИ-92 бағасы 170 теңге, АИ-95 198 теңгеден болса, ҚазМұнайГаз бойынша бағалар АИ -92 – 176, АИ-95 литрі 206 теңгеден болып тұр. Бағаның бақылауда болғаны көлік тізгіндегендерге жаққанмен жанар-жағармай бекеттерінің иелеріне ауыртпалық салып отыр. Себебі баға жекелей сатылатын бензинге ғана төмендеді. Ал бензиннің көтерме бағасы төмендеген жоқ. Салдарынан елдегі жанармай құю стансалары шығынға ұшырауы мүмкін. Мұны «Эталон Регион» серіктестігінің директоры Мәден Жұмағұлов та растап, бүгіннің өзінде бірқатар компания банкроттықтың аз-ақ алдында тұр дейді. «Қаңтар айында біздің компаниямыз 70-80 млн теңге көлемінде шығындалды. Біз үшін 180 күн банкротқа ұшыраумен тең. Мұнай өңдеу зауыттары орналасқан Атырау, Шымкент пен Павлодар қалаларында АИ-92-нің литрі 182 теңгеден сатылуда. Дәл осы шаһарлардан мыңдаған шақырым жерде орналасқан Петропавлда да бензин құны – 182 теңге. Яғни, АИ-92-нің логистикасы мүлдем есепке алынбаған. Іскер жандар Петропавлға мұнай өңдеу зауыттарынан бензин жеткізгенде әр тоннасы үшін 27 мың төлейді екен. Бүгінде бұл қаражат бизнесмендердің өз қалталарынан шығып жатыр», – дейді М.Жұмағұлов. Елімізде жанар-жағармайдың көтерме саудадағы бағасы қымбаттауы мүмкін. Елдегі бензин (авиациялық бензинді қоспағанда), дизель отыны, газохол, бензанол мен мұнай еріткіші, жеңіл көмірсулар қоспасы және экологиялық отынның көтерме саудадағы акциздік мөлшерлемесін ұлғайту туралы қаулыға өзгеріс енгізілмек. Отын құнын асқақтатпауға мораторий жарияланғанмен долларды тізгіндеу мүмкін емес. Алғашқы айларда-ақ төл валютамыз төмендеп кетті. Еліміздің импортқа тәуелді екенін ескерсек, бензин өзімізде шығарылса да, оны жабдықтау, қызмет көрсету шетелдік валютаға тәуелді. Иә, бізде бензин шығарылады. АҚШ валютасы қымбаттаған сайын оның өзіндік құны да өсіп жатыр. Сондықтан мұнай өнімін бір бағада ұстап тұру мүмкін болмайды. Ал енді арзандамаса, қымбаттай ма? Себебі бұған дейін Еуразиялық экономикалық одақ аясында мұнай өнімдерінің бағасын 2025 жылға қарай теңестіру мақсатында ішкі нарықтағы баға қымбаттайтыны айтылған болатын. Бұл – Қазақстанда сатылатын бензин бағасы Ресейде сатылатын бензин бағасымен теңеседі деген сөз. Дегенмен салық жағынан қарасақ, Ресей Федерациясына қарағанда едәуір айырмашылығымыз бар. Акциз жағынан, жалпы салық жағынан да солай. Егер әр ел өз салығын қосатын болса, әрине бағада біраз айырмашылық болады. Егер де ЕАЭО аясында жанар-жағармайдың біртұтас нарығына жетуіміз керек десек, түбінде бензин бағасы шарықтайтынын көрсетеді. Бірақ «қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты кедендік одаққа кірудің қажеті бар ма?» деген сұрақ туындайды деп отыр Мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Рашид Жақсылықов. «Ресейде, Өзбекстанда, Қырғыз Республикасында бензин қымбат, бізде бағасы арзан болғандықтан елімізде бензин тапшылығы туындап жатты. Себебі біздің арзан жанармайымызды сатып алып отырды. Сондықтан осы бір келеңсіздікті жою үшін Экономикалық одақ аймағында 2024-2025 жылға дейін бір бағаны ұстау келісімі болған. Одан бас тартсақ, сыртқы факторлар жанармай бағасының өсіміне әсер етпейді», – деді маман. Ол мәселе алдағы күннің еншісінде. Қазіргі өзекті мәселенің бірі – мұнайдың қымбаттауы. Атап айтқанда, Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 120 доллардан асты. Бұл бензин бағасына қаншалықты әсер етеді? «Мұнайдың дүниежүзілік нарықтағы бағасы біздегі бензин бағасына әсері жоқ. Өйткені бізде шикі мұнайдың ішкі тұтынушылыққа берілетін бағасы бекітіліп қойған. 600 доллар мен 25 доллардың арасы. Сондықтан әсер етпеуі тиіс. Жанармай бағасының құралуында мұнай бағасы бізде 30 пайыздан аспайды. Ал әлем елдерінде өндіретін мұнайдың бағасы жанармай бағасының құралуына 70 пайыз ықпал етеді. Сондықтан оларда мұнай бағасының құбылуына қатты әсері бар. Қазір Ресейдің мұнайы өтпей жатыр. Оларда мұнай өңдеп, жанармай шығаратын зауыттары өте көп. Өнімі арзан бағада елімізге келеді. Ондайда отандық жанар-жағармай бағасы көтерілуі мүмкін емес», – дейді маман. Сонымен, бензин бағасының қымбаттауына сарапшы негіз жоқ десе де, 2021 жылғы сәуір айының соңындағы жағдай бойынша өндірістік қуаттарды ұлғайтуға бағытталған айналым қаражатының 40 пайызы банк және банктік емес секторлардың қарыздарынан тұрды. Демек, кәсіпорындардың алған несиесі бензиннің өзіндік құнында міндетті түрде ескеріледі. Бұл біздің нарықты кез келген жергілікті және сыртқы факторларға жығып беруі мүмкін. Бұл жағдайда кредиттік жүктеменің бензиннің өзіндік құнына қатысты әсерін азайту мәселесі алға шығады. Бұл ретте отандық мұнай өңдеу зауыттары сыртқы нарықтарға отын өткізу географиясын кеңейту арқылы капиталды ұлғайту маңызды. Бұл мақсатта Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кеңістігі бірден-бір жол болса, алдағы екі-үш жылда еліміздегі бензин бағасының жоғары бағыт алатынын жоққа шығара алмаймыз. Алайда ол бензин бағасының қымбаттауына әкеп соқтырады. Ал енді бензин бағасының өсуі азық-түліктің құнына кері әсер етеді. Нәтижесінде елде баға тұрақсыздығы белең алуы мүмкін. Кез келген энергия тасымалдаушы бағасының көтерілуі барлық тауардың қымбаттауына әкеледі. Оған жанармай, мұнай, электр энергиясы жатады. Себебі кәсіп иесі өзіне шығын келмеу үшін тауар бағасын көтеруге мәжбүр. Қандай тауар айналымы болмасын, барлығы логистикамен тікелей байланысты. Бензин әлеуметтік маңызы жоғары өнім болғандықтан бағасы басқа тауарлардың құнына бірден әсер етеді. Яғни, бағаның өсуі халықтың тұтыну қабілетінің төмендеуіне алып келеді. Қорытындысында мемлекет қазынасына түсер қаржыны көбейтумен бірге халықтың әлеуметтік төлем қабілетін арттыру да қатар жүруі тиіс.